Нұр-Сұлтан қаласындағы Еуразиялық интеграция институтында «Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі: талдамалық зерделеу» сараптамалық баяндамасының тұсаукесері өтті.
Оған Ұлттық қоғамдық сенің кеңесінің мүшелері Азаматхан Әміртай, Талғат Қалиев, Мұрат Әбенов, Президент жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының өкілдері Алуа Жолдыбалина мен Мадина Нұрғалиева, БАҚ өкілдері қатысты.
Жиында аталған институттың директоры, саясаттанушы Ерлан Саиров Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі жұмысының шынайы бағасын беретін зерттеу тақырыбының маңыздылығына тоқталды.
– Елімізде демократияға деген талап-сұраныс арта түсті. Өздеріңіз білетіндей, кейінгі екі жылдың мұғдарында көзқарастардың әр алуандығында үлкен өзгеріс бар. Осы серпіліске жауап ретінде өткен жылы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылған болатын. Аталған Кеңес жарты жылда қандай жұмыс атқарып, қоғамға қандай серпін берді? Сондай-ақ Қазақстандағы демократия мәселесіне немесе еркіндік, бостандық индексіне қатысты халықаралық дәрежеде қандай жақсы әсер бергені жөнінде біраз сараптама жұмыстары керек, – деді Е.Саиров.
Оның ойынша, бұл өте маңызды. Себебі Ұлттық кеңес арқылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенім шеңберін кеңейтуді, ашық диалог алаңын құру аясында шешім қабылдауды назарға алып отыр. Қоғамның бүгінгі рөлін күшейтіп, қазақстандық әлеуметтің саяси маңызын арттыруға бірқатар қадам жасалуда. Осылайша Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мемлекет пен қоғамның барлық өмір салаларын реформалауда шоғырланған шешімдерді жасаушы құралға айналды.
Баяндамада Ұлттық кеңестің қалыптасуының негізгі кезеңдері аталды. Бұл Кеңестің бұған дейінгі диалог алаңдарынан ерекшеліктері мен айырмашылықтары ескеріліп, оқиғалардың хронологиялық дамуы жасақталуда. Сондай-ақ әлеуметтік зерттеулердің нәтижелері ұсынылуда.
– Мәселе динамикада емес, процестің жүріп жатқанында. Ұлттық кеңестің алты айдағы жұмысы туралы айтып отырмын. Жарты жылда айтарлықтай жұмыс атқарылды. Алайда жалпы саяси мәдениет қалыптаспай отыр. Оны өзгерту қажет. Бір мысал келтірейін. Бүгінде бейбіт жиындар туралы түрлі пікір айтылуда. Демократ болу үшін түрлі пікірлерді тыңдауға дайын болу қажет, – деді Т.Қалиев.