Елордада Театр жылы басталды. Нұр-Сұлтан қаласы мәдениет басқармасының ұйытқы болуымен биыл бас шаһар ресми түрде театр қаласы болып жарияланды. Осыған орай Жастар театрының «Ақжелкен» мәжіліс залында сахна саласы мамандарының қатысуымен «Театр диалогы» клубының тұсаукесері өтті.
Сахнаға соны серпіліс керек
Астанада Театр жылы жарияланатындығын сүйіншілеген ақжолтай хабарды естігеннен-ақ көңіл түкпірінде қуанышпен қатар үлкен үміттің де орнай кеткені рас. Өйткені әу бастан-ақ сындарлы саяси сипат қалыптастырып үлгерген бас шаһардың мәдени орталыққа айналуға да ұдайы талпыныс жасап, ұмтылуы енді шын мәнінде өз шырқауына жетіп, заманауи театр өнерін өркендетуге бағытталған сапалы жұмыстардың басы болатындығына сендірген. Ойымызды Мәдениет басқармасының басшысы Нұрлан Сыдықов қуаттады.
– Былтыр жыл соңында әріптестерімізбен отырып, театр мәселелері төңірегінде келелі кеңес өткізіп, 2020 жылды Нұр-Сұлтан қаласында Театр жылы деп жариялау туралы шешім қабылдадық. Рас, биыл еліміз үшін мерейтойға толы жыл болып отыр. Қазақтың бас ақыны – Абай Құнанбайұлының 175 жылдығынан бастап, Әл-Фарабидің – 1150, Алтын Орданың – 750, Ата Заңымыздың 25 жылдығы сынды айтулы мерейтойлық даталарды абыроймен атап өтудің өзі жеңіл жүк емес. Әйтсе де осындай үлкен мерейтойлармен қатар елорда төрінде театр жылын өткізуді ойға алып отырмыз. Жалған ұран, жалаң сөздің жетегінде кетпей, театрды шын мәнінде жаңа белеске көтеретін нақты, жүйелі жоспар, мақсаттарға негізделген мазмұнды, мағыналы бастамаларды қолға алып, соны жүзеге асырғымыз келеді. Өздеріңіз жақсы білетіндей, мәдениет саласы өте кең, ауқымды сала. Бірақ соның ішінде театр – өнердің шыңы, тәжі саналады. Оған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та халыққа Жолдауында ерекше көңіл бөліп, жаңа жылдан бастап театр саласы мамандарын айрықша қамқорлыққа алып отыр. Осы бастаманы біз де нақты іс жүзінде жалғастырғымыз келеді. Бұл ең әуелі сахна саласы қызметкерлерінің шығармашылық ізденісіне соны серпіліс сыйлайды деп сенеміз. Бүгінгі тұсауы кесілген «Театр диалогы» клубы жыл бойы атқарылуы жоспарланып отырған жұмыстарымыздың алғашқы баспалдағы десек болады», деген Мәдениет басқармасының басшысы Нұрлан Ерболатұлы жиналысты ашып беріп, «Театр диалогы» клубының тұсауын кесті.
«Театр диалогы» – өнер әлемінің өзекті, кезек күттірмейтін өткір мәселелері талқыға салынып, оңтайлы шешімін табудың нақты жолдары қарастырылатын ашық пікірталас алаңы. Театр мамандарынан арнайы жасақталған клубтың алғашқы басқосуына мемлекеттік және жеке театрлар басшылары, актер, режиссер, драматургтер мен театр сыншылары қатысты.
Басқарма басшысы атап өткендей, бұл жылдың елорда төрінде «Театр жылы» болып жариялануы бас қаламыздың рухани өміріне де, театр қызметкерлерінің шығармашылық шабытына да үлкен серпіліс сыйлайды деп күтілуде. Өйткені театр бар жерде тәрбие де, ұлттық идеология да қатар жүреді. Ал тарихы ширек ғасырға жуықтаған ел астанасын жастар қаласы дейтін болсақ, өскелең ұрпақтың ұлттық рухта тәрбие алып, жан-жақты жетілген, көкірегі ояу, көзі ашық, мәдениетті, зиялы Абай атамыз айтатын «Толық адам» болып қалыптасуында театрдың алар орны да, рөлі де зор. Осы орайда Театр жылын жалған ұран мен «бекітілген жоспарды орындадық» деп есеп беру үшін ғана желеу етпей, елорда төрінде шын мәніндегі сапалы сахна өнерін, театр мамандары мен көрермендерін тәрбиелеудің қуатты тетігіне айналдыруға күш салуымыз қажет. Оған сөзсіз, «Театр диалогы» клубының ықпалы зор болмақ.
Театр мамандары тапшы
Театр әлемі көрермен үшін сырттай сұлу, көркемдік үлгісіндей көрінгенімен, шығармашылық жұмыстың да қым-қиғаш қиындығы жетерлік. Соның негізгісі – тікелей репертуар мен кәсіби білікті маманға келіп тіреледі. Қазақ театрларының, әсіресе көп ақсайтын тұсы осы. Облыстық театрларды айтпағанда, республикалық маңызы бар қалалар театрларының өзі режиссер, жарық пен дыбыс беру, гримм, сценография саласы мамандарына зәру. Соның салдарынан да тұтас театр сапасы солғын тартып жатады, өкінішке қарай. Театр жылының бұл түйткілдің түйінін шешуге қаншалықты қауқары бар деген сауалымызға Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Пазылхайыр жан-жақты тоқталып өтті. Мәдениет басқармасы ресми өкілінің сөзіне сенсек, елорда театрлары үшін 2020 жыл аса табысты болғалы тұр. Баяндамашы атап өткендей, бас шаһар театрлары жаңа заман талабына сай сапалық һәм көркемдік тұрғыдан жаңаша түрленуі қажет. Өйткені театр – тәрбие мен идеологияның басты құралы. Бүгінгі таңда театрлардың соны, заманауи бағыттағы сапалық, мазмұндық тұрғыда өсуі кезек күттірмейтін мәселе болуы тиіс. Елорда театрларына соны серпіліс керек. Ол ең әуелі сахна мамандарын даярлаудан басталады. Сондықтан да театр қызметкерлерін, әсіресе техникалық сала – жарық пен дыбыс беру, сценография мамандарын шетелге оқуға жіберіп, әлемдік деңгейдегі білікті мамандардан тәлім алып, озық театр ұжымдарымен кәсіби тәжірибе алмасу жағына пәрмен берілетіндігін жеткізді. Сондай-ақ театрлардың жарнамасы мен жалпы имиджін жаңа сатыға көтеру үшін өнер ошақтарының жарнама менеджерлерін де кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында шетелге оқуға жіберу мәселесі қарастырылып жатқандығын атап өтті.
Жас драматургтер ынталандырылады
Театр барда репертуар мәселесі де өзекті. Олай дейтініміз, мазмұнды, сапалы, сан тарапты репертуар театр жұмысының алға басуының басты алғышарты. Репертуардың сапасы тікелей драматургияға келіп тіреледі. Ал драматург тапшылығы ықылым заманнан-ақ күн тәртібінен түспей келе жатқан түйткілді мәселелердің бірі. «Сахнаға арнап шығарма (пьеса) жазатын қаламгер жоқ» деген желеумен классикалық шығармалар мен аударма пьесаларға тым-тым жиі арқа сүйегіш өнер ұжымдарының репертуарлары бүгінде заманауи мәселелерді қозғап, замандас бейнесін сахнаға шығаратын сапалы туындыларға зәру. Осы түйткілдің түйінін шешу үшін де Мәдениет басқармасы алдын ала жан-жақты, тыңғылықты ізденіп, мәселені оңтайлы шешу үшін бірқатар ұсыныстарын ортаға тастады. Соның негізгісі – Театр жылы аясында жас драматургтер байқауын ұйымдастыру. Жүлдегер атанған шығарманы міндетті түрде бас қала театрларында сахналануына тікелей мұрындық болу. Сол арқылы театрдың да, драматургтердің де мәселесін оңтайлы шешу. Одан бөлек, елорда күніне орай жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан халықаралық театр фестивалінің сапалық та, мазмұндық та, географиялық та ауқымын кеңейтіп, білікті мамандардың басын бір шара аясында қосу, шеберлік сабақтарын өткізу. Сол арқылы фестивальға қатысушы облыстық театрлардың да кәсіби біліктілігін арттыруға жағдай жасау. Ең бастысы Театр жылы аясында өткізілуі жоспарланған мәдени шаралардың барлығы да елорданың мәдени имиджінің қалыптастыруына қызмет етуі тиіс.
– Бас қаламыз қай жағынан келгенде де өзге облыстарға үлгі болуы керек. Осы мақсатта маусым айында VIII халықаралық «NUR-SULTAN» театр фестивалін өткізу жоспарланып отыр. Бұл өнер думаны биыл өзгеше сапалық деңгейге көтеріліп, мазмұндық тұрғыдан барынша байытыла түспек. Әлем театрларының үздік қойылымдарын тамашалау, әріптестер арасында шығармашылық байланыс орнату өз алдына, сонымен қатар әртістер мен режиссерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған бірқатар ағартушылық, танымдық жұмыстар да атқармақ ниетіміз бар. Болашақта бұл фестиваль республикамыздың өзге облыстары ғана емес, әлем таңғала көз тігер, әрбір шығармашылық қадамын қадағалар астанамыздың мәдени брендіне айналады деп сенеміз, – деді Нұрлан Сыдықов.
Жаңа театр ашылады
Жиналыста жария болған тағы бір жағымды жаңалық – Театр жылы аясында елорда төрінде 7−14 жас аралығындағы көрермендерге арналған жасөпірімдер театры ашылады. Нұр-Сұлтан қаласында опера мен балет, драма, қуыршақ театрларын қоса есептегенде жалпы 16 театр көрерменге рухани қызмет көрсетеді екен. Аудитория ерекшелігін ескере отырып зерделегенде, 3−7 жас аралығындағы балдырғандарға арналған қуыршақ театры мен 16 жастан жоғары көрермендерге арнап спектакль қоятын Жастар театры репертуары ортасында үлкен аралық қалып қойған. Ол – 7−14 жас аралығындағы көрермендер танымына сай жұмыс істейтін театр. Күн сайын түлеп, түрленіп келе жатқан бас шаһардың мәдени өміріне сындарлы серпіліс сыйлар бұл бастама жас жеткіншектерді жан-жақты, зиялы азамат етіп тәрбиелеуге қызмет ететіндігіне де Нұр-Сұлтан қаласы Мәдениет басқармасының басшысы айрықша тоқталып өтті. Сондай-ақ Нұрлан Ерболатұлының мәлімдеуінше, биыл Театр жылы һәм Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы аясында жазушы, драматург, актер, суретші және тағы да басқа шығармашылық сала мамандарының басын бір орталықта тоғыстырып, жүйелі жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін «Абай орталығы» ашылады деп күтілуде. Одан бөлек, 27 наурыз халықаралық театр күніне орай елорда театрлары арасында шығармашылық байқау өтіп, үздік жұмыстар мен жетекші актерлерге тұңғыш рет «Сахна саңлағы» театр сыйлығы табысталатын болады. Өнер әлемінің өркендеуіне үлес қосып, сахна саласы қызметкерлерінің шығармашылық ізденісіне шабыт пен серпіліс сыйлап, көркемдік һәм сапалық тұрғыдан жаңа белеске көтеруді көксеген Театр жылынан күтеріміз көп.
Оқиғаға орайлас ой
Талғат ТЕМЕНОВ,
Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі:
– Өткен жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болғанымда, театрға қатысты біраз түйткілді мәселелерді сөз еттік. Мемлекет басшысының өнерге деген үлкен жанашырлығын сезініп шықтық. Президенттің ол көңілі, өнер адамдарының еңбегіне деген құрметі, ниеттестігі Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында да айқын аңғарылды. Мемлекет тарпынан көрсетіліп жатқан осындай қамқорлыққа өз алғысымызды білдіре отырып, енді алдағы шығармашылық жұмыс сапасын арттыруды да ойға алып, сол жолда еңбектенсек дейміз. Биылғы Театр жылы соған толыққанды мүмкіндік береді деп сенгіміз келеді.
Театрдың негізгі тірегі – актер, режиссер, драматург дегенімізбен, осы алып үш тағанның шығармашылық қиялын ақиқатқа айналдырып, сахнаға шығаруға септесетін тағы да бірқатар маңызды мамандықтар бар. Олардың қатарына – сахна суретшісі, гримм мамандары және бүгінгі таңда үлкен сұранысқа ие жарық қою режиссерлері мен дыбыс беру шеберлері енеді. Қазіргі заманауи театр өнері осы мамандықтарға көп салмақ салып, үлкен жауапкершілік артып отыр. Сондықтан да сахнаның техникалық саласындағы суреткерлер жұмысының сапасын арттыру, кәсіби ізденісін жетілдіруге көбірек көңіл бөлінуі керек деп ойлаймын. Бүгінгі жиналыста да Мәдениет басқармасы тарапынан театр мамандарын заманауи театр талаптарына сай даярлау мәселесі жақсы көтерілді. Енді бұл ұсынысты тек шетелдік тәжірибемен байланыстыра бермей, өзіміздің жоғары оқу орындарымызда да сондай сапалы маман тәрбиелеп шығуға күш салуымыз керек. Сонда төл театр өнеріміздің көсегесі көгереді.
Одан кейін театр жаңалықтары мен өнер жайлы жалпы сын-сараптамалар жүйелі түрде жарияланып отыратын арнайы театр журналын шығаруды да қолға алу керек. Алысқа бармай-ақ, Мәскеуде шығатын «Театральная жизнь» журналын алып қарайық. Театр тынысын сол басылым арқылы толық сезіп, біліп отыруға болады. Өнерді өркендетеміз десек, бізге де осындай таза театр тақырыбы көтерілетін ақпараттық-танымдық һәм сараптамалық бағыттағы журналды шығаруға көңіл бөліп, соған барынша күш салу қажет.
Роза МҰҚАНОВА,
жазушы-драматург:
– Сырттай жайбарақат көрінгенімен, театр әлемінің шешімін таппаған қиындықтары көп. Оны театр ішінде жүрген адамдар жақсы сезінеді, біледі. Және оның барлығы бір-бірімен тығыз байланысты. Мәселен, сөз берілгеннен кейін мен драматург ретінде қаламгерлердің авторлық құқығы жөнінде айтқым келеді. Қазақстан театрларында әлі күнге дейін драматургтің қаламақы мәселесі шешілмей келе жатыр. Театрдағы директордан бастап, еден жуатын адамға дейін еңбекақысы қаралған, ол мәселе шешілген. Ал сахнада қойылатын драматургтың шығармасының қаламақысы қаралмаған. Неге? Оны кім қадағалайды? Осы мәселе тіпті Мәдениет туралы Заңда да көрсетілмей отыр. Соның салдарынан қазір драматург қаламақысына байланысты бейберекетсіздік толастамай келеді. Әр театр қаламақыны драматургтің беделіне, абыройына, жекелей таныстығына қарай береді. Осы мәселе бір жүйеге қойылса деген тілегім бар. Драматургтердің авторлық құқығы заң жүзінде бекітілсе, қаламақы сол негізде төленсе, қаламгерлердің де театрға арнап шығарма жазуға құлшынысы артар еді. «Жазатын драматург жоқ» деп біздің тарапқа айтылатын сынды жиі естіп жатамыз. Драматург жазуы үшін ең әуелі шығармашылық еңбек лайықты деңгейде бағаланып, ынталандырылуы керек. Сонда жақсы дүние туады. Өздеріңіз білетіндей, әдебиет жанрларының ішіндегі ең күрделісі – драматургия. Жөнді пьеса болмаса, театрдың репертуарлық саясаты ақсайды. Аударма пьесалар театрға мәңгілік азық бола алмайды. Бәрібір түбі төл шығармаларына айналып соғады.
Екінші айтайын деген мәселе – театр сахналарында қойылып жатқан спектакльдерді таспалап, алтын қорға қалдыру жайы. Бұл жөнінде әлеуметтік желіде де мәселе көтеріп жаздық. Нәтижесінде, «Ел Арна» телеарнасы театрлардың спектакльдерін сапалы түрде түсіріп алып, әр апта сайын экраннан беріп жатыр. Осы бір жақсы үрдіс тоқтамаса екен. Өйткені бұл – біздің тарих. Қазір білінбеуі, сезілмеуі мүмкін. Бірақ мұның барлығы ертең баға жетпес құнды қазынаға айналады.
Нұрқанат ЖАҚЫПБАЙ,
Нұр-Сұлтан қаласы Жастар театрының көркемдік жетекшісі:
– Айтылып, көтеріліп жатқан мәселенің барлығы дұрыс. Бәрі орынды. Бірақ осы тұста мені бір-ақ нәрсе қинап тұр. Ол – жастарымыздың әлеуметтік мәселесі. Астананы жастар қаласы деп жатырсыздар ғой. Бірақ сол жастардың жасын 29 жаспен шектеп, көп мүмкіндіктен айырып жатқан сияқтымыз. Мен өзім де педагогпын, ұзақ жылдан бері шәкірт тәрбиелеп келе жатқан ұстаз, режиссер ретінде айтсам, жастарымызды «жас» дейтін қатардан тым ерте шығарып жіберіп жатырмыз-ау деген ой мазалайды. Неге? Өздеріңіз ойлап көріңіздерші, жоғары оқу орнын тәмамдап, дипломын қолына алып, театрға бірден жұмысқа орналасты деген күннің өзінде ол 22-23-ке келіп қалады. Одан әрі үлкен сахнаға үйреніп, өзін кәнігі маман ретінде дәлелдеймін деп жүргенінде қалған 5-6 жылдың қалай өтіп кеткенін тіпті де сезбей қалады. Сөйтіп өзін енді тауып, кәсіби маман ретінде қалыптастырып, атақ пен мемлекет тарапынан жасалып жатқан әлеуметтік көмектерге үміткер ретінде ұсына бергенде, 29 жасқа толып, жастарға беріліп жатқан жеңілдіктерден қағылып жатады. Мәселен, өзім іргесін қалаған Жастар театры актерлерінің 99 пайызы жастар. Солардың ең үлкені 35 жаста ғана. Бірақ олар қазіргі бекітілген жас өлшемі бойынша жастар санатына кірмейді. Қарттар қатарына және қоса алмайсың. Сөйтіп не әрі емес, не бері емес жағдайда қалды. Бұл бір ғана театр емес, барлық сала қызметкерлеріне қатысты мәселе деп ойлаймын. Сондықтан жастық кезеңді 29 жас деп қысқа қайырмай, әлемдік стандартқа сай тым болмаса 35-ке дейін ұзартса, жастарымыз үшін үлкен қолдау болар еді. Бүгінде көп жастар үйленбей, бойдақ жүрсе, оның да бір ұшы осы әлеуметтік жағдайға келіп тірелетіні сөзсіз.