Кей актерлер болады, сахнаға жалқы сәт шығып, жарқырап жүректе жатталатын. Шағын эпизодтық рөлінің өзі басты кейіпкерлермен бәсекеге түсіп, бәсі биікте салтанат құратын. Олар ойнамайды, кейіпкерімен өмір сүреді. Тұлғасы тұтасымен өнердің өзіне айналып кетеді. Сахна мен экран бірдей сүйетін ондай талант санаулы. Замандас сахнагерлер арасындағы сол аздың алды – Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрының актері Ержан НҰРЫМБЕТ десек, артық айтқандығымыз емес.
Алдын ала келісілгенімен, актер Ержанмен жоспарланған сұхбатымызды «әне», «міне» деп жүріп, біраз ұзартып алдық. Кездесуді кейінге шегере бергенінен-ақ актер жайлы іштей екіұшты пікір қалыптастырып үлгергендейміз: «тәкәппарлық па?» әлде «тым қарапайымдылығы ма?»... Бірақ сонда да қайтпай, қайта-қайта тіл шала жүріп, ақыры сұхбат уақытын белгіледік. Сенбінің таңын театр ішіндегі сырласу серуенінен бастаған әңгімеміздің әлқиссасы, әлбетте, актердің бізге аса қызық көрінген осы бір мінезінің сырына үңілуден басталды.
– Тәкаппарлық дейсіз бе? (күліп алды). Жоқ, менің өнердегі де, өмірдегі де қалыбым осы. Көсіле қызыл сөзге ерік бергеннен гөрі, іштегі өнерім арқылы көрерменіммен сырласқым келеді. Мені халық ойнаған рөлдерім арқылы танып, бағалап жатса – құрметтің үлкені сол деп білемін. Актер адамда одан асқан бақыттың болуы мүмкін емес. Сондықтан ішімді ақтарып салып, барлығына тым ашық болғым келмейді. Актер әлемі жұмбақ болуы керек. Сонда тұлғаң да, тудырған өнерің де қызықты. Шын өнер сырласу құралына айналған жерде, қалған әңгімені артық деп есептеймін. Ал болмысыма келсек, барым – осы.
– Қазақстанның халық әртісі, актер, режиссер Райымбек Сейтметовтің сүйікті шәкірті болғаныңызды білеміз. Ұстаз дегенде ойыңызға не оралады?
– Райымбек аға ірі адам еді ғой. Мінезі де, ісі де. Біз сол кісіге қарап жүріп, биіктіктің қандай болатындығын білдік. Сахнада абыздар көп. Өзіміз де оның біразын театрда ойнап жүрміз. Бірақ өмірде шын абыз аз. Сол аздың бірі – осы Райымбек аға болатын. Ақсүйек болмысты кісі еді. Тіп-тік жүретін, байыппен тіл қататын. Қанша балалық жасап, көңіліне кірбің салып тұрсақ та бізге дауыс көтеріп көрген емес. Ол кісінің бейнесі көз алдымызда сондай бір бекзат қалыбында қалып қойды. Поэзия оқығаны қандай еді. Дауысында ерекше әуез болатын. Қазір ешбір актер олай өлең оқи алмайды.
Менің үлкен бақытым – Райымбек ағаның ұстаздық махаббатына бөленгендігім. Қайда барса да қасына ертіп жүретін. Қолымда – домбыра, Рекеңнің жеке әншісі болдым десе де болады. Өзгелерге таныстырғанда да шәкіртім деп емес, «бұл – менің балам» деп таныстыратын. Бүгін біз қандай да бір жетістікке жетіп, өнерде өз орнымызды қалыптастырып жатсақ, ол − ең әуелі бойымызға өнер берген Алланың, одан кейін бағбандай баптап үлкен сахнаға жол ашып берген ұстазымыздың арқасы.
– Түркістан театры... Тақыр жерден театр ашудың, тарих жасаудың салмағы қандай?
– Бұл енді ұстазымыз Райымбек ағаның үлкен ерлігі. Біз шәкірттері болып жанында шапқылап жүргенімізбен, бар салмақ негізінен сол кісіге түсті. Осы өлкеде даярлаған алғашқы шәкірттерінің бірі болғандықтан, қасында жүріп, барлық қиындықты ұстазымызбен бірге көрдік. Өте қиын жағдайда тұрдық. Жарық жоқ, жылу жоқ. Райымбек аға кәдімгідей пеш жағып, Кентауда жер үйде тұрды. Түркістан мен Кентауды айтпағанда, қаланың айналасындағы елді-мекендерге де жиі шығып, қойылым қойып жүрдік. Онда да айтарлықтай жағдай болмады. Суық. Мұның барлығы Рекеңнің денсаулығына әсер етпей қоймады. Одан кейін Райымбек ағам жалғыз еді. Рас, қасында қаумалаған адам жүр. Бірақ ол кісі мақсатына барар жолда жалғыз болды. Арманын ақиқатқа айналдырамын деп басын тауға да, тасқа да ұрды. Қиындықтың барлығын қайыспай көтерді. Сөйтіп жүріп, ұстазымыз 2000 жылы көптен тілеген арманы – Түркістанның төрінен төл театрын ашты. Елбасы өзі келіп тұсауын кесті. 15 минутқа ғана келген Президент 1 жарым сағат отырып спектакль көрді. Қойылым аяқталған соң сахнаға шығып, батасын берді. «Актерлерің жақсы екен» деп ризашылығын білдірді. Сол кезде бізден бақытты жан болмады.
– Биыл Р.Сейтметов атындағы Түркістан облыстық сазды драма театрының құрылғанына 20 жыл толады екен...
– Иә, биыл Түркістан театрының мерейтойы. Осынша уақыттан кейін Рекеңнің салып кеткен ізіне ой жүгіртіп, көз салсам, ұстаз шешімдерінен көрегендікті көретіндеймін. Мәселен, ол кісінің бізге дейін де шәкірттері көп болды ғой. Солардың басын құрап, театр аша берсе болатын еді. Бірақ Райымбек аға өйтпеді. Түркістанда Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде өнер факультетін ашып, бізді сахна сырына баулыды. Қазір ойлап қараймын: Рекеңнің бұл шешімі – өзінің бар жиған тәжірибесі мен білімін бұрын былғанбаған тап-таза параққа жазып қалдырғысы келген ниетінен туған шығар. Сол үшін де бәрін басынан бастауды жөн көрген секілді. Біз екінші курстан бастап сахнаға шықтық. Бастапқыда жеңілдеу қойылымдарды, мелодрама, комедияларды ойнап, кейін жай-жайлап күрделі шығармаларға өттік. Рас, ол кезде Түркістаннан театр ашу жергілікті халық үшін үлкен жаңалық болғаны сөзсіз. Оған дейін түрлі концерттер мен әзіл-сықақ театрларын көріп келген көрермен енді бас-аяғы бүтін кәсіби драмалық спектакльдерге қарай ағылды. Тұрғындар үшін Райымбек ағаның әр жұмысы жаңалық болды. Халық үлкен махаббатпен қарсы алды. Бұл жерде мен Рекеңнің еңбекқорлығын, шыдамдылығын, жанкештілігін айтқым келеді. Студент балаларды сахнаға шығарып, спектакль қойғызу деген есепсіз қажырды қажет етеді. Сол қиындықтың барлығын ұстазымыз қайыспай көтерді. Бізді нағыз маман, Райымбек мектебінің түлектері етіп тәрбиелеп шығару үшін күн-түн демей тер төкті. Жер бетінде бізден артық театр жоқ деп сендірді. Сол сөзге сеніп өнер тудырдық. Еңбегімізге, ұстаз артқан сенімге барынша адал болуға тырыстық. Біз үшін биіктік деген Райымбек ағаның өзі болатын.
Кейін елордадағы Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театрына ауысып келдіңіз. Бұл шешіміңізді ұстазыңыз қалай қабылдады?
– Шыны керек, оңай болмады. 2003 жылы режиссер Болат Қалымбетовтің «Сардар» фильмі жарыққа шықты. Сонда Ақберді деген бас кейіпкердің бірін ойнадым. Бұл менің кинодағы дебютім еді. Сол киноның астанада өткен тұсаукесерінде Әзекең – Әзірбайжан Мәмбетов мені экраннан көріп ұнатып: «Мына актер кім? Біздің театрға шақырыңдар» дейді. Қаллеки театры жақтан қоңырау толассыз түсіп жатты. Бірақ бір шешімге келе алмай көп ойландым. Өйткені ұстазым қасымда жүр еді. Маған сонша сенім артып отырғанда ол кісіні тастап, басқа театрға кетіп қалуым сатқындық болар еді. Сол ойдың арпалысымен 4 жылдан аса уақыт жүрдім. Мен ел бітірген Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында оқыған жоқпын. Ұстазым Райымбек Сейтметов өзі Түркістаннан тауып алып, салған әнімді ұнатып, бойымдағы сәл ғана маздаған таланттың ұшқынын танып, оны алауға айналдырды. Театр ашылғалы барлық басты рөлді ойнадым. Менде арман жоқ шығар. Ақиқатын айту керек, бұл жағынан мен ұстазыма қарыздармын. Әйтсе де, өнер адамының ішінде бір шығармашылық шөліркеу, қанағаттанбау болады. Осы бір сезім маған да маза бермеді.
2005 жылы Қ.Қуанышбаев театрының ұжымы Түркістанға гастрольдік сапармен келді. Сонда актерлердің ойынын көріп: «Ақыры актер болып жұмыс істеген соң, осылармен бірге жүру керек қой. Құласаң да, осылардың арасында құлаған жақсы» деп ойладым. Сөйтіп 4 жылдық толғаныс ақыры мені үлкен тәуекелге алып келді. Астанаға келгеннен кейін бәрі жарқырап, жақсы болып кетті демеймін. Отызға келгенде басқа ұжымға келіп актерлік жолыңды қайта басынан бастау оңай емес. Мүлдем басқа мектеп, басқа серіктестер. Бірақ, жаңа ортаға тез бейімделуіме театрдағы ол кездегі жаңа, бүгінде бауырға айналып кеткен әріптестерімнің көмегі зор болды. Әрине, «театрдан кетем» дегенде мені баласындай көрген Райымбек ағам ренжіді. Мен де өзімді қоярға жер таппадым. Алайда бір өзгеріс керек еді. Содан қиналсам да осы шешімге келдім. Астана театрына ауысқанымда марқұм Әшірбек аға қатты қуанды. Режиссер Әлімбек Оразбеков қойған М.Әуезовтің «Абай» трагедиясындағы Әбішімді көріп: «Әй, бала, осында келгенің дұрыс болыпты. Сенің орның – осы жер» деді. Сыншы ағаның маған осыншалықты сенім артып, ықылас білдіргені қатты толқытты. Екіұдай күйде жүргенде мұндай жылы сөз жаныма ауадай қажет еді... Тіпті көзімнен жастың қалай ыршып шыққанын да байқамай қалдым.
– Оныңыз рас. Әшірбек аға өзінің дәрістерінде де сізді үнемі үлгі етіп айтып, жоғары бағалайтын... Оны біз де талай естідік.
– Рахмет. Біз енді актер болғаннан кейін үнсіз ғана өнерімізді тудырып, әдетте сыншылардан алыстау жүреміз ғой. Бірақ ол кісілер бізді, әр аяқалысымызды қадағалап, зерттеп, зерделеп отырады. Осыдан біраз жыл бұрын режиссер Болат Ұзақов театрда У.Шекспирдің «Гамлет» трагедиясын қойды. Мен Клавдийді ойнадым. Премьерадан соң Әшірбек аға көрермен әлдеқашан шығып кетсе де, залда жалғыз отырып қалыпты. Қасына барып қалған театрдың жарнама бөлімінің қызметкері: «Аға не істеп отырсыз? Бәрі дұрыс па?» деп сұраса: «Райымбегім тіріліп келді» деп қатты толқыпты. Оны естігенде менің қандай сезімде болғанымды білсеңіздер. «Осы бір әсерін жойып алмайыншы» деп біразға дейін Әшекеңмен амандасуға қорқып жүрдім.
– Райымбек Сейтметовтің көзін көрген адамдар, шынымен де сіздің сөз саптасыңыз бен жалпы сөйлеу мақамыңызды ұстазыңызға қатты ұқсатады. Мұны еліктеу деуге келе ме?
– Еліктеу деуден бұрын, ұстаздың бойымызға сіңіріп кеткен шапағаты шығар. «Еңлік-Кебек» қойылымында Мұхтар Әуезов Қараменде бидің аузына: «Сөз ем болудан кетіп, ауыздан шыққан жел есебінде болған заман ғой...» деген сөзді салады. Қанша уақыт бұрын айтылса да, бұл сөз әлі өзектілігін жойған жоқ. Біздің қоғамда да, өкінішке қарай, дәл сондай жағдай. Халық сөз тыңдаудан қалып бара жатыр. Ал қазақтың сөзі, әуезі ерекше ғой. Ән салып тұрады. Соны біз сахна, өнер тілі арқылы барынша сақтауға тырысып келеміз. Осы жағынан келгенде үнемі Райымбек ағаны үлгі етіп отырамыз. Ол кісі қара сөздің шебері болған еді. Күні бүгінге дейін дәл Райымбек ағамдай сөйлейтін, дәл солай поэзия оқитын адам көрген жоқпын. Ол кісінің өзі айтып отыратын: «Мен бұл сөз саптасты, әуезді Шәкен Аймановтан үйрендім» деп. Шынымен де, Шәкен Амановтың фильмдеріндегі үнін тыңдап, Райымбек аға мектебінің төркінін тануға болады. Сол мақамдар Рекеңде де бар. Кейіннен Райымбек аға оны маған үйретуге тырысты. Мен енді жастығыма салып үйренгім келмей, біраз қашқақтап едім, бірақ толық болмаса да, бойымда сарқыншақтары бәрібір қалып қойды.
– Өткен жылы тәжік режиссері Барзу Абдураззаков қойған «Ләйлі-Мәжнүн» спектаклінде сіз сомдаған Дәруіш бейнесіндегі ерекше сөз сазы осы ұлы мектептен жеткен болды ғой, демек?..
– Оны дұрыс байқапсыз. Иә, Дәруіш бейнесіне бекітілгенде, бұл енді қиялдан туған кейіпкер болғаннан кейін, еркін ойға ерік беріп, жан-жақты ізденуге тура келді. Рөлді басында түсінбей қатты қиналдым. Режиссермен бірлесе отырып көп жұмыс істедік. Ойымыз көп тұста қабыспады. Соңында режиссер маған: «Сахнаға актер емес, кәдімгі адам болып шық» деді. Мен айтқанын орындадым. Сөйтіп рөлдің кілті өзінен өзі табыла кетті. Маған Барзудың актер бойындағы стереотиптерді бұзатыны ұнады. Ал поэтикалық мақамды игеруге келгенде сөзсіз Райымбек ағаны бағдар еттім. Сондықтан аса қинала қоймадым.
– Кәсіби театр актерісіз. Кинода да көптеген басты рөлді сәтті сомдап жүрсіз. Әлеміңіз қай саланы сүйеді?
– Театр мен киноны бөліп жарғым келмейді. Өзіндік айырмашылықтары болғанымен, қос өнердің шығар түбі бір деп ойлаймын. Сондықтан әрқайсысының өз ерекшелігін сезе білсең болды. Бірақ бізде өкінішке қарай, театр мен киноны бір-біріне үш қайнасы сорпасы қосылмайтын екі әлем ретінде қарастырады. Бұл тек бізде ғана. Басқалар өйтпейді. Киноға бара қалсаң, «ойнама» деп қайта-қайта ескерту жасап, рөліңді көп жағдайда өз ойыңдағыдай шығаруға мүмкіндік бермейді. Сөйтіп ең соңында жұмысыңды көргенде не істегеніңді түсінбей қаласың. Меніңше, актер де, режиссер де бұл стереотиптен арылуы керек. Киноға театр техникасы бәрібір керек. Жалпы, кинода да, театрда да интонация, қимыл-әрекет жағынан эксперимент жасағанды ұнатамын. Кейде кинодан алған тәжірибемді сахнада қолданамын. Немесе керісінше. Сырт көзге еш ұқсастығы жоқ болып көрінгенімен, меніңше, театр мен кино актерінің ойынында ұқсастықтар мол. Мәселен, сахнадағы пауза мен үнсіздікті кейде кинодағы ірі план деп ойлаймын. Осы тектес детальдар жалғасып кете береді. Ал жалпылай келгенде, әрине жаныма театр жақын. Өйткені кинода көбінесе режиссердің айтқанымен жүрсең, сахнадағы билік – актерде. Сонысы ұнайды. Көңіліңде жүрген көп ойды сахнада жүзеге асыруға мүмкіндік мол. Және жетпей қалған тұсын әр қойылым сайын түзеп, толықтырып отыруға болады. Театрдағы ізденіс үздіксіз тоқтамайды. Ал кинода бәрі басқа. Онда эмоция қайталанбайды. Фильм экранға шығып кеткен соң, өзіңе ғана мәлім кейбір «әттеген-айларды» түзетуге, ой елегінен өткізіп, қайта ойнауға мүмкіндігің болмайды. Сол жағынан келгенде кинода мүлт кетсең, шегінерге жол жоқ. Кино әсіре эмоцияны емес, нақтылықты сүйеді. Кейде сәтті шыққан бір кадр немесе эпизод актерге өмірлік абырой әкеліп жатады.
– Рөл таңдайсыз ба?
– Таңдаймын.
− Ұнамаса бас тарту еркіңізде ме?
– Әлбетте. Рөл жаныма жатпай тұрса, бірден режиссерге ашып айтып, бас тартамын. Кинода бұл жағы жеңілдеу. Сценариймен алдын ала танысып, жаратпасаң, келіспейтініңді түсірілім басталмай тұрып ескертесің. Кинода таңдау көп қой. Ал театрда ұжымдағы актерлердің ерекшелігі ескеріліп таңдалғаннан кейін, бірден бас тарту қиын. Ондайда ұнамайтын рөлдерді екінші құрамдағы актерге тапсырып, сөйтіп біртіндеп ойнамай кетемін. Жалпы, рөл деген сүңгіген кезде маңдайың түбіне тимеуі керек қой. Сүңгіген сайын басың тақ етіп тие берсе, ол рөлдің деңгейі белгілі. Бүгінгі драматургияның қарымы көп жағдайда сондай. Сондықтан да табиғатыңды ашып, актерге сахнада еркін көсілуге мүмкіндік беретін пьесалармен жұмыс істеуге қуана келісемін. Мәселен, У.Шекспир, А.Чехов сияқты драматургтердің шығармасында ойнау үлкен бақыт.
– Кино алаңында Ермек Тұрсыновпен тандемде жиі жұмыс істейтін актердің бірісіз. Айтыңызшы, режиссер Ермектің ерекшелігі неде?
– Ермек Тұрсынов – айтар ойы, өзінің қолтаңбасы бар режиссер. Әрбір кадрға философиялық ой салуға тырысады. Актермен жұмыс істеу тәсілі де ерекше. Ермек Тұрсыновты көбінесе Ақан Сатаевпен салыстырып жатады. Меніңше, екеуі екі бөлек әлемнің иесі. Тұрсынов фильмдерінде көп «сөйлемейді». Ой айтуға ұмтылады. Әр кадры үнсіз тұрып-ақ сөйлеп тұрады. Ермектің ерекшелігі осында. Жалпы, кино өнері көпсөзділікті емес, көркемдікті сүйеді ғой. Мұнда сезім мен сұлулық басты планда. Осы жағынан келгенде көп режиссерден Ермек мырзаның кинодағы бәсі биік деп ойлаймын.
Кинода актердің іші ойнау керек. Көз сөйлеп тұру қажет деп есептеймін. Ішің болмаса, паузаларды, үнсіз кадрларды жеткізу мүмкін емес. Ең алғаш мені киноға алып келген режиссер Болат Қалымбетов: «Актерге ең әуелі іш керек. Әртістің оқыған-тоқығаны мол, іші терең болса, қалғаны маңызды емес» деп үнемі айтатын. Сол кісі айтпақшы, ішкі тереңдігің болмаса, көз ойнамайды. Экранда көз бәрін сатып жібереді. Мәселен, Ермек Тұрсыновтың «Келін» фильмі сондай. Кейіпкерлерінің сөзінсіз түсірілген картина. Мұндайда актердің ішкі-сыртқы пластикасы, көзқарасы, қимыл-әрекеті бірінші планға шығады. Онда бір ғана көзқараспен немесе қимылмен кейіпкердің мінезі, ішкі ойлары мен сезімдері берілуі тиіс. Мұндайда актердің сыртқы кейпі, сөйлеу мәнері емес, жан тереңдігі сынға түседі. Ал оны «ойнау» мүмкін емес. Ішің толмаса, тек мимикамен, көзбен ойнау деген шынында да қиын. Бірақ сөйлегеннен әлдеқайда қызығырақ. Біздің киноларда қазір сөз көп. Меніңше, киноға көп сөз қажет емес, көз керек. Ермек Тұрсыновта сол бар.
– Қазақ киносы дегенде ойыңызға не оралады?
– Біржақты пікір білдіру қиын. Бәрі салыстырмалы ғой. Жалпы, соңғы уақытта қазақ киносының аяқ алысы жаман емес. Тек өзгелерге еліктеуден арылсақ, арзан әзілдерді жиі пайдалануға әуестенбесек деген тілегім бар. Прокатқа шығып жатқан комедиялардың дені «КВН»-нің деңгейінде. Көркем фильм көріп отырсың ба, әлде «КВН» тамашалап отырсың ба, ажырата алмай қаласың. Кино да, театр да қазір алмағайып шақта тұр. Соны, жаңашыл бір серпіліске, өзгеріске сұранатындай. Қазақ киносына мінез жетіспейді. Өнерге салмақ керек. Көрерменнің деңгейіне түспей, керісінше өрелі өнер халықты өрге сүйреуі керек деп ойлаймын.
– «Өнер – тәрбие құралы» деп жатамыз? Келісесіз бе?
– Жоқ. Театр да, кино да тәрбиелеуші емес, ой салушы. Адамды театр емес, ата-анасы, жүрген ортасы, оқу орны және дін тәрбиелейді. Ал біз – актерлер, режиссерлер, драматургтер – осы қоғамның бір бөлшегіміз. Біздің біреуді тәрбиелеуге хақымыз жоқ. Рас, қоғамдағы шындықты, түйткілді мәселелерді қойылымдарымызда сөз етеміз. Сол арқылы көрерменімізге ой салуға тырысамыз. Бірақ шешімді көрерменнің өзі қабылдауы керек. «Мынау дұрыс», «мынау бұрыс» деп айтуға ешкімнің хақысы жоқ. Жалпы, өнер тұрмақ, өмірдің өзі «дұрыс, бұрыс» немесе «жаман, жақсы» деген аксиомадан тұрмайды ғой. Өмір – бірқалыпты. Тіпті кейде айнымалы. Біз оны қалай қабылдаймыз, барлығы соған байланысты. Театр да солай. Біз тәрбиелеуші емеспіз, театр – таразы.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»