• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Аймақтар 26 Ақпан, 2020

Сан салаға серпін берген Түркістан

719 рет
көрсетілді

Киелі Түркістанға келген меймандар облыс орталығы осы қалаға көшкен соң Елбасы Н.Назарбаевтың бабалар үлгісімен тасқа қа­шап жаздырған «Көне Түркістан жаңа Қазақ­станның шырайлы шаһа­рына айналады» деген сөздерін оқып, осы көре­ген болжамның қазір­дің өзінде ақиқатқа айналып жатқанына куә болады. Елбасының айрықша назарындағы қасиетті Түр­кістанда құрылыс жұмыс­тары ерекше қарқын алған.

 

Жаңа шағын аудан бой көтереді

Жыл соңына дейін «Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпора­циясы» АҚ Түркістан қала­сында 25 көпқабатты тұрғын үй кешенінің құрылысын аяқтау­ды жоспарлап отыр. Жаңа шағы­н аудан­ 800-ден астам жас және көп балалы отбасының баспаналы болуына мүмкіндік береді. Былтыр «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Түркістан – жаңа қала» шағын ауданында 6 тұрғын үйдің құрылысы аяқталған болатын. Облыс орталығы ретінде күн санап түрленіп келе жатқан Түркістанда экологиялық мәдениетті арттыруға, қаланы таза ұс­тауға да ерекше мән бе­рілуде. Осы орайда жуырда об­лыстық табиғи ресурс­тар және табиғат пайдалануды реттеу бас­қармасының қызметкерлері қалада 350 түп шаған, үйеңкі, талшын көшеттерін отырғызды. Қаланың климатын жақсарту мен облыс орталығында халықтың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау мақ­сатында 7 700 гектар аумаққа жасыл белдеу құру жұмыстары қолға алынды. Осы белдеудегі 2300 гектар жерге 1 млн-нан астам көшет егілді. Дәл осы бағыттағы жұмыстар 2022 жылға дейін жалғасатын болады. Еске сала кетейік, Премьер-Министр А.Мамин Өмірзақ Шөкеевке Түркістан облысының әкімі қызметіне тағайындалған кезде жаңа қаланың жаңғыруын уақтылы қамтамасыз етіп, түркі әлемінің мәдени-рухани астанасы ретінде өркендету және оны қарқынды дамыту, азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсарту бойынша жауапкершілікті жүк­тейтін міндеттер қойылғанын атап өткен болатын. Бүгінгі өңір­дегі өзгерістер сол міндет­тердің жауапкершілікпен атқа­рылып жатқанының көрінісі дер едік. Яғни,  халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, жазу­шы Мархабат Байғұттың мақа­мымен айтсақ, қазіргі уақыт ше­шенсінбей-ақ шешімдер қабыл­дап, көсемсінбей-ақ кесімді, келісімді бағ­дарлар белгілеп, нақтылы істер тындыратын уа­қытта Ө.Шөкеевтің Елбасының, Президенттің, Үкіметтің тапсырмаларын орындауда, елдің қамын ойлауда, халыққа жақындаудағы құлшынысы ерек, ұмтылысы бөлек.

Өңірде құрылыс, ауыл шаруа­шылығы мен өндіріс орындарынан бөлек туризм саласын дамыту арқылы да ішкі кірісті арттыруға мән берілуде. Оған өңір табиғатының әлеуеті толықтай жетеді. Бұл орайда Түркістан облысында тау шаңғы базасы салынбақ. Алдағы 1-2 айда құ­жаттары дайындалып, Үкіметке ұсынылады. Тау курортында бір күнде 6-7 мың туристке қызмет көрсететін нысан салу да көзделіп отыр. Осылайша табиғат берген сыйды пайдалана отырып, туристерге жағдай жасап, экономиканы дамыту бағытында әрекет жасалуда. Түркістан өңірі экотуризм, археологиялық туризм сынды бағыттарды да дамытуға  қолайлы. «Әсіресе Түркістан қаласының туристік әлеуетін, оның ішінде тарихи-мәдени және зиярат ету бағыты жоғары екенін көрсету басты назарда. Қазірдің өзінде қалаға жылына 1,5 млн турист келеді, 2025 жылы олардың санын 5 млн-ға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл үшін әуежай, темір жол бағыты, қонақүй секілді қызмет көрсету түрлерін барынша дамыту керек. Бұл өз кезегінде жергілікті халықтың жұмыспен қамтылуына және экономиканың дамуына үлесін қосады», деген болатын өңір басшысы халықпен кездесуінде. Алдағы жылдары туристер тамашалайтын көптеген нысандар бой көтереді. Қ.А.Ясауи кесенесінің аумағындағы мәде­ни-рухани орталықта салынып жат­қан «Ясауи» музейі, «Ұлы дала елі» орталығы, драма театр, облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы, «Керуен» сарайы, қолөнер шеберлері ор­талығы, Тұңғыш Президент саябағы, қабылдау орталығы, амфитеатр­, музыкалық субұрқақ, не­ке сарайының құрылыстары қаланың келбетін ашатын негізгі нысандарға айналады. Әзірет Сұлтан кесенесіне реставра­ция, Күлтөбе қалашығына архео­ло­гиялық қазба, консервация жұмыстары жүргізілді. Бұл да қаланың туристік әлеуетін арттыра түсетіні сөзсіз. Қазіргі таң­да мемлекет тарапынан қонақүй бизнесін дамытуға барынша қолдау көрсетіліп келеді. Өңірдегі екі микроқаржы ұйымы мен «қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында жеңілдетілген бағамен несие берілуде. Соның аясында «Rixos» қонақ- үйі салынып, шілде айында пайдалануға берілгелі отыр. Сонымен қатар «Hampton by Hilton», «Innovation Central Asia» секілді заманауи қонақүйлер салынуда. Ал облыс бойынша жалпы 168 қонақүй, 51 емдік-сауықтыру шипажайы мен 60 демалыс үйі қызмет көрсетеді. Түркістанда туризмнің өркендеуі бірінші кезекте кәсіпкерлік ны­сандардың дамуына ықпал етеді. Ал оның арғы жағында бюджетке түсетін салық, қосымша жұмыс орындарының жатқаны айтпаса да түсінікті.

Облыс орталығының келешек келбеті туралы әңгіме қоз­ғағанда мемлекет-жекеменшік әріптестігі негізінде салынып жатқан халықаралық әуежайға тоқталмай кету мүмкін емес. Атал­ған жоба құны шамамен 68 млрд теңгені құрайды. Былтыр қалада 26 нысанның құрылысы басталып, оның 9-ы іске қосылды. Ай­та кетері, қасиетті қаладағы бірқатар нысанның құрылысын өзге облыстар, ұлттық компаниялар жүргізіп жатыр. Бір сөзбен айтқанда, жаңа Түркістанды бүкіл Қазақстан салып жатыр деу­ге болады. Осы үлгі Арыс қа­ласын қалпына келтіру кезінде қол­данылғаны мәлім.

 Сынақтан сүріндірмеді

Иә, Арыстағы әскери бөлімдегі оқ-дәрі қоймасында болған жарылыс бүкіл елді дүр сілкіндірді. Бейбіт заманда орын алған оқиға шұғыл шешімдер қабылдауды талап еткені анық. Осы орайда Өмірзақ Шөкеевтің тікелей тапсырмасымен 55 мың халқы бар қаланың тұрғындары түгелдей қауіпсіз аумаққа көшірілді. Зар­дап шегушілерге көмектесу, жа­тар орнын, ас-суын қамдау жұмы­стары алғашқы тәуліктен бастап ұйымдастырылды. Қала 17 аумаққа бөлініп, қалпына келтіру үшін республикадағы облыс, қалаларға бекітіліп берілді. Апаттан кейін бүкіл Қазақ елі Арыс халқының қайғы-мұңын бөлісіп, қол ұшын созды. Нәтижесінде, Арыс қаласында 7 634 нысан қайта қалпына келтіріліп, жаңа­дан құрылыстар салынды. Бұдан бөлек 68 әлеуметтік нысан қайта қалпына келтірілді. Сондай-ақ Арыс қаласындағы көшелер қайта жөндеуден өтіп, абаттандыру, аяқ­жолдар мен жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Аталған ауқымды жұмыстың нәтижесінде қала көркейіп, жаңа кейіпке енді. Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстарына атсалысқан бар­лық облыс, қала әкімдеріне, тиісті министрліктер мен ұлттық компания басшыларына, үкіметтік емес ұйымдары мен партияларға және сын сағатта қолдау көр­сет­­кен қазақстандықтарға облыс әкімінің, тұрғындардың айтар алғысы шексіз. «24 мау­сым халқымыздың тағы бір сынақтан сүрінбей өткен күні ретінде тарихта қалды. Арыс тұр­ғындарының тыныштығы бұзыл­ғанымен, елдің рухы түскен жоқ», деген Президент Қ.Тоқаев Түркістан облыстық әкімдігінің қызметкерлеріне, ардагерлерге, дәрігерлерге, әскери қыз­меткерге алғыс айтып, қиын сәтте қол ұшын созып аянбай тер төккен аза­маттарды марапаттағаны мә­лім. Рас, Арыстағы құрылыс жұмыс­тарының сапасына қа­тыс­ты сын-ескертулер, арыз-ша­ғымдар айтылды. Бірақ біз ел тарихында 55 мың халқы бар, апатқа ұшыраған қаланы бірнеше айда толық қалпына келтіру бұ­рын-соңды болмағанын да ес­кергеніміз жөн. Облыс әкімі осы апат болған күннен бастап, ұйым­дастыру, қалпына келтіру жұмыстарының басы-қасында жүрді, өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарып шықты. Бұл Өмірзақ Естайұлының еңбек жолындағы ең бір жарқын кезең болып қалары анық.

 «Қамқорлық» шынайы қамқорлық көрсетеді

Өңірде жыл басынан бері өзгелерге үлгі етерлік ерекше бағ­дарлама жүзеге асырылуда. Ал оның негізі өткен жылы қаланған болатын. Облыс әкімі және оның орынбасарлары тұрғындарды жеке мәселесі бойынша қабыл­дап, оны шешу үшін нақты жұ­мыстар жүргізуді жолға қойды. Бір жыл ішінде 809 азаматтың мәселесі тыңдалыпты. Өңірде Фронт – офис орталығында тұрғындардың арыз-шағымын қабылдайтын «Open Space» үлгісіндегі, Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалының Қоғамдық қа­былдау кабинеті жұмыс атқаруда.

Мемлекет басшысы ха­лық­қа арнаған Жолдауында «Аза­маттардың барлық сындарлы өті­ніш-тілектерін жедел әрі тиім­ді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – ортақ міндет» екенін атап өткен болатын. Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату маңызды. Осы орайда облыс әкімі аудан-қала басшыларына ерекше талап қойды. Жылдық есеп беруде орындалған жұмыстар жайлы ашық, бүкпесіз әңгіме айтылуы тиіс. Халықтың өкпе-назын тыңдап қана қоймай, туындаған мәселенің бірден шешілгені жөн. Жергілікті билік өкілдері халықпен тығыз жұмыс істеуі керек. Түркістан – демографиялық өсімі жоғары, халық тығыз қо­ныстанған облыс. Аудан, ауылдарда елеусіз қал­ған, әлеуметтік көмекке мұқтаж от­басылардың болуы әбден мүмкін еді. Осы бір жайт ескеріліп, Nur Otan пар­тиясының бастамасымен облыста өмір­лік қиын жағдайға тап болған отбасыларды кедейлік деңгейінен шығуға ұмтылдыратын «Қамқорлық» бағ­дар­ламасы жүзеге асырылуда. Қазір осы бағ­дарлама аясында жағдайы тым төмен, кризистік және қанағаттанарлықсыз дең­гейде өмір сүріп жатқан 1643 отбасы анықталып, олардың әр­қайсысына материалдық көмек пен қажетті кеңес беретін арнайы кураторлар тағайын­далған. Бағдарлама басталғалы өмірлік қиын жағдайға тап болған 900-ден астам отбасына 45 млн теңгенің демеушілік көмегі көрсетіліп, бірнеше отбасы кә­сіп­керлердің қолдауымен баспаналы болды. Тұрмысы төмен отбасыларға нақты көмек беруді мақсат тұтқан бағ­дарламаны жүзеге асыруға облыс әкімі ерекше назар аударып отыр. Жуырда Төле би, Бәйдібек аудандарына жасаған сапары барысында облыс басшысы осы бағдарлама аясында көмек алатын көп балалы отбасыларға арнайы барды. Аталған бағдарламаның билік пен қоғам арасындағы диалогтың тұрақты және мақсатты орнауына сеп­тігін тигізіп жатқаны анық.

Ауыл шаруашылығындағы ауқымды жобалар

Киелі Түркістан қаласының айналасында құрылған азық-түлік белдеуінің аумағы – 11 мың гектар. Мұнда негізінен құны 27 млрд теңге болатын 6 ірі инвестициялық жоба жүзеге асады. Бұл жобалардың алды өткен жылы басталды. Атап айтқанда, «Түркістан Агро – ХХІ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 125 ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушіні біріктіріп, территориясын мың гектарға жеткізіп, жаңбырлатып суару әдісін енгізді. Яғни, азық-түлік белдеуі де облыстың экономикалық-әлеуметтік даму динамикасына оң әсерін тигізері анық. Өңірде ағын су тапшылығын шешу үшін бірнеше бағытта жұмыс атқарылуда. Кешенді жоспар аясында 5 ірі су нысанында құрылыс жұмыстары басталды. Атап айтар болсақ, Түркістан магистральды каналын бетонмен қаптау жұмыстарын жүргізу арқылы қосымша 60 млн текше метр су үнемделмек. Қазіргі таңда, 5,5 шақырым жер жұмыстары, 3,5 шақырым бетонмен қаптау жұ­мыстары аяқталды. Сырдария өзе­нінен машиналық әдіспен су беру арқылы қосымша 80 млн текше метр ағын су жеткізілмек. Бұдан бөлек Түркістан қаласының Шошқакөл көлдік жүйесін жаңғырту, сыйымдылығы 18 млн текше метр болатын «Кеңсай-Қосқорған 2» су қоймасын салу, Арыс-Түркістан массивінде жарамсыз болып қалған 134 дана тік ұңғымаларды қайта қалпына келтіре отырып 34,7 млн текше метр қосымша ағын сумен қамтамасыз ету жобалары бар.

Облыста тиімділігі дәлелден­ген жаң­бырлатып суару тәсілі кең көлемде қолданысқа ене бас­тады. Қазіргі таңда 800 гектар алқапқа жаңбырлатып суару технологиясын орнату жұмыстары жүргізілген. Жалпы, жоба шеңбе­рінде 1 мың гектар алқапқа жаң­быр­латып суару технологиясымен құны 31,6 млрд теңге болатын 7 ірі инвестициялық жо­­ба іске асырыла бастады. Түйе ша­руа­шылығының дамуына да ерекше көңіл бөлініп отыр. Осы мақсатта биыл 4 мың бас аналық түйе сатып алу жоспарлануда. Бұл орайда Түркістанда салынған түйе сүтін өңдейтін «Golden Camel Group LTD» ЖШС-мен келісім жасалған. Ауыл шаруа­шылығы министрлігімен бірле­сіп мақта саласын дамыту бо­йын­ша арнайы бағдар­лама әзір­ленуде. Нәтижесінде, мақ­та өң­деу зауыттарының технология­сы жаңартылып, айналым қаражат­та­ры толықтырылады. Мақта баға­сын нарық­тық реттеуге қол жеткізілетін болады.

Түркістан қаласындағы қар­қын­ды құрылыс, игі бастамалар облыс аумағына үлгі бола отыра жалғасын тауып, жоғары деңгейде жүргізіліп келеді. Сөзімізге тағы бір мысал, Түркістанның облыс орталығы мәртебесін алуы көршілес Кентау қаласына да оң әсерін тигізуде. Өткен жылы қала бюджетінің кіріс бөлігі 40 млрд теңгеге орындалған. Қала экономикасына тартылған инвестиция көлемі 24,4 млрд теңгеге жеткен. Деректерге жүгінсек, мұндай көрсеткіштер 65 жылдық тарихы бар қалада бұрын-соңды болмаған. Бүгінде Кентаудағы индустриалды аймақта 2,9 млрд теңгеге 10 жобаны іске қо­су жос­парланған. Осылайша кие­лі Түркіс­тан бүкіл өңірдің әлеу­меттік-экономикалық дамуына тікелей әсер етуде.

 

Түркістан облысы