Қазақ Ордасының төре таңбалы қызыл туы қайта көтеріліп, біртұтас, қуатты мемлекет ретінде қалпына келуі Абылай ханның есімімен байланысты. Бүгінде ақылды алаш азаматтары халқына аяусыз қызмет еткен асылзада ханын ұлықтап, алып монумент тұрғызбақ. Бұл елдің рухын көтерер, күрестің ерлік шежіресін еске түсірер батырлар салған жолды үлгі етер тарихи ескерткіш болатыны сөзсіз.
Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Абылай хан монументінің бой көтеруі туралы өткен баспасөз мәслихатына қоғам қайраткері Арман Шораев қатысты. Абылай ханның ерлігі мен ел басқару ерекшелігін кеңінен насихаттау, халықтың рухын көтеру, ұлы тұлғаның келбетін жас ұрпақтың санасына сіңіру мақсатында былтыр Арман Төлегенұлы Абылай хан монументін тұрғызу бастамасын көтерген болатын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз кезегінде игілікті істі құп көріп, қолдау білдірді.
Кешен «Абылай Хан» монументі деп аталады, биіктігі 54 метр. Абылай ханның тақта отырған келбеті суреттеледі. Ханның асатаяғына жедел саты орнатылады, келушілер сол арқылы зәулім биікке көтеріліп Оқжетпестің қиясына көз жүгіртіп, Бурабайдың көлі мен сұлу Көкшенің кербез даласына көз тастап дамылдайды. Кешенді мемлекеттік бюджеттің қаржысына емес, қарапайым халықтың қолдауымен салу көзделіп отыр.
– Абылай ханның біздің елдігіміздегі рөлін, тарихтағы орнын білесіздер. Үлкен шайқастардың алдында елімізді біріктіріп, қазақ тайпаларының басын қосып, жоңғарларды жеңуге ең көп үлес қосқан бабамыз. Бүкіл халық болып осы монументті қоюды жөн көрдік. Ал жобаға 5-7 миллион доллар қажет және ол қаражатты асарлатып, халық болып, кәсіпкер жігіттер болып жинаймыз», – деді Арман Шораев. Монумент Ақмола облысы, Бурабай курортты аймағындағы Кенесары ауылында салынатын болып келісілді. Сондай-ақ кешен құрамында қазақ халқының хандық дәуірін суреттейтін музей, кітапхана, демалушыларға қажетті әлеуметтік нысандар ұйымдастырылатын болады.
«Біреулер бабамыздың бейнесіндегі ғимаратты Ұлытауда, енді біреулер Алматы мен Семейде қоюды ұсынды. Ойлана келе, біз Абылай өз ордасын тіккен Бурабай мен Көкшетаудың арасындағы Кенесары деген ауылдың жанынан саламыз деп шештік. Ескерткіштің іргетасы ретінде пайдаланылатын ғимаратта мұражай экспозициясы, конференц-зал, көрме залы және тағы басқалары орнатылады. Көкшетау Абылайханның есімімен ғана байланысты емес. Онда Біржан сал, Ақан сері, Шоқан бабаларымыздың іздері бар. Мұндай жобалар республиканың барлық жерінде болуы тиіс, осы арқылы ішкі туризмді дамыта аламыз», деді ол.
Баспасөз мәслихатында аталған жобаны іске асыратын сәулетші, дизайнер, суретші, инженер, құрылысшы мамандар арасында халықаралық ашық конкурс жарияланды. Яғни, Абылай хан кешенінің сызбалық нұсқасын жасауға әлемнің кез келген елінен үміткерлер қатыса алады.
Конкурс осы жылдың 1 наурыз бен 15 сәуір аралығында өтеді. 7 мамыр күні Нұр-Сұлтан қаласындағы Қарулы Күштер әскери-тарихи музейінде комиссия құрамы конкурсқа келіп түскен үздік 5 жобаны анықтайды. Ұйымдастырушылардың қаржыландыруымен іріктелген 5 жобаның сызбалық нұсқасы жасалады. Үздік 5 макеттің арасынан сәулеті мен тиімділігі жоғары саналған автордың жұмысы комиссия арқылы мақұлданады. Ұйымдастырушылар Хан Абылайдың монументі арқылы Қазақстанның тарихында қалуға ниетті сала мамандарын конкурсқа белсенді қатысуға шақырды.
Айта кетейік, комиссия мүшелерінің қатарында М.Әшімбаев, М.Әуезов, Т.Жұртбай, Қ.Мыңбай, Д.Жолжақсынов, Б.Уәлиев, Т.Қажыбаев, М.Мансұров пен З.Кабылдинов сынды бірқатар қоғам қайраткерлері бар.