Қазір Ақтөбе өңірінде есту мен сөйлеу қабілеттері қалыпты деңгейден төмен балаларды сауықтыру мен оңалтуға қатысты кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Облыстық білім басқармасының дерегінше, өңірде ерекше білім беруді қажет ететін 6370 бала бар. Сондықтан да осы санаттағы қоғамның жас мүшелері мен ата-аналарына тегін кәсіби көмек көрсететін арнайы білім мамандарына деген сұраныс жылдан-жылға өсе түсуде.
Бұл тұрғыда педагогикалық-психологиялық тұрғыдағы түзеу кабинеттерінің тигізер көмегі көп. Осы бағыттағы арнаулы оқу орындары облыстың барлық ауданында қызмет етеді. Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің пайымдауынша, мұндай кабинеттер, айрықша балаларға арналған білім беру интеграциясы шеңберіндегі басты әрі маңызды құралдардың бірі. Өңірде дербес жұмыс істеуді қажет ететін әлеуметтік рөлі жоғары, кедергісіз аумақтарды құру ісіне жүрегінің жылуы мол жандар мен қайырымдылық қорлары да қол ұшын созып отыр. Осы орайда Ақтөбе қаласында қос бірдей педагогикалық-психологиялық түзеу кабинетін ашуға «Дара» қоры ұйытқы болғанын айтар едік.
«Әр алуан, бірақ тең: Қазақстанда инклюзивті қоғамды құру» жобасы аясында ашылған арнаулы кабинеттердің іске қосылуы жергілікті атқарушы органдарға түсетін жүктемені азайтуға септігін тигізгені анық. Мұндай игі іске жұмыла білгендердің қатарында «EastTardeSolutons» ЖШС да бар. Қайырымы мен сауабы мол істің басы-қасында жүрген Гүлнар Досанова мен Рахмет Дармештің бастамалары қандай құрметке де лайықты.
Аталған түзеу кабинеттеріне «Дара» қоры қаражатының есебінен бүгінгі заманға сай арнайы жабдықтар мен қондырғылар сатып алынған. Бұған қоса 2019 жылдың ақпан айында ашылған кейінгі түзеу кабинетіне күрделі жөндеу жүргізіліп, ерекше балалардың тұтыну қажеттілігіне қарай бейімделген. Мұнда емдеу-дене шынықтыру сабағына арналған жинақ, монтессори бөлмесі, сөйлеу мен есту қабілетін дамытуға арналған компьютерлік бағдарлама жұмыс істейді. Сонымен қатар баламалы байланыс тәсілдері, дидактикалық және көрнекі материалдар бар.
– Білікті мамандардың балалармен жеке және топтық сабақтар жүргізуіне барлық жағдай жасалған. Кешенді шаралармен шұғылданатын команданың қатарында психологтер мен педагог-дефектологтер және логопедтер бар, – деді облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Қайрат Алдамжаров.
Ақтөбе қаласында кейіннен ашылған педагогикалық-психологиялық түзеу кабинеті ерекше білім беруді қажетсінетін 150 балаға арналған. Осы арқылы Ақтөбеде инклюзивті қоғам құруға тағы бір лайықты қадам жасалды деуге толық негіз бар.
АҚТӨБЕ