• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 06 Наурыз, 2020

Айжан Жүзбай: Киім еркіндігі үшін сана тәуелсіздігі керек

875 рет
көрсетілді

Айжан Жүзбай – 2016 жылы Қытай сән апталығына Орталық Азия­дан қатысқан тұңғыш дизайнер. Пекин сән және техно­логиялар институтының түле­гі, ZHUZBAY брендінің авторы бізге сән әлемінің соңғы жа­ңа­лық­тары мен ендігі бет алысы, әлемді жау­лаған қытай нарығының ерекшелігі тура­сында әңгімелеп берді. Оның қолынан шыққан безен­ді­ру жұ­мыс­тарында міндетті түрде күллі оюлардың атасы атал­ған өрнек – қошқар мүйіз көрініс тапқан. Бұл – мол­шы­лықтың, мәңгіліктің, күш құдіреттің символы.

– «Қуыршақ қыздарға ар­налған гүлді көйлек тік­пей­­мін» деген екенсіз бір сұх­­ба­ты­ңызда. Сіздің жұ­мыс­та­ры­ңыз кімдерге арналған?

– Дизайн мен үлгіден ма­құ­рым, мағынадан алшақ, қыс­­қа көйлектер менің ұста­нымыма жат. Менің жұмыс­та­рым көбіне 25 жастан асқан іскер азаматтарға арналады. Яғни, мінезді, өзіне сенімді көш­басшыларға. Бұлар кімдер? Өз уақытын бағалайтын, бір уақытта бірнеше істі қатар алып жүретін үлкен қалалардың тұрғыны. Осының барлығын ескере отырып «трансформер» костюмдерін тіктім. Мысалы, онымен күндіз жұмыста жүріп, кешке мейрамханадағы салтанатты кештің ажарлы қонағы болып шыға келесіз.

– ZHUZBAY стилінің концепциясын қалай құрдыңыз?

– Мұнда менің мінезім жатыр. Өзім Түркістан облысы, Арыс қаласында дүниеге келдім. Кейін Қарағанды қала­сы­на қоныс аудардық. Осы аралықта менің өмір жолым­ның өзіндік арнасы қалыптасып жатты. Қазақтың таулары мен шексіз-шетсіз көк аспаны, мифологиясы, халқымыздың ежел­гі және қазіргі мәдениеті ма­ған терең әсер етті. Хал­қымыздың музыкасы мен ұлт­тық киімдерінің тарихы, өткен дәуірдің ұлы тұл­ға­ла­ры­ның бейнелері ерекше шабыт сыйлады. ZHUZBAY стилі – өзінің тілі мен мәдениетіне берік, сөйте тұра заманның жаңаша озық үлгісіне ие. Әйел мен ердің даралығына қарай оларға кәсіби тұрғыда тең қарайтын мүмкіндік, осы арқылы адамды кемсітпеуді және киім сапасы мен тарихын айрықша дизайн арқылы көрсетуді өзімізге мақсат еттік.

– Қай бір жылдары су мен кір жұқпайтын ерекше матаны жасамақ болған едіңіз. Ол тәжірибе қалай болды?

– Қытай-жапон-итальяндық технологияның арқасында біз су мен кірді жұқтырмайтын мата жасауды жоспарлап отырмыз. Әлі де зерттеп жатырмыз. Ауқымды жобаға қазіргі күні бес мемлекет қатысып отыр. Бұйырса өз мамандығым бо­йынша докторантураға түсу­­ді жоспарлап отырмын, ат­ал­ған композицияны зерт­теу жұмысы ретінде жал­ғас­ты­ра­мын. Бірақ мен жүн мен полиэстерден басқа, химия­лық «ин­гредиенттердің» аз мөл­шер­де қолданылатынын жоққа шы­ғар­­маймын.

– Ал Қытайда білім алудың қандай артықшылықтары болды?

– Бүкіл әлемдегі шетел бренд­терінің 70%-ы өз коллек­ция­ларын Қытай фаб­ри­ка­ларында тігеді. Жас шы­ғар­ма­шылық аудиторияда көп­те­ген сән көрсетілімдері мен та­ғылымдамадан өтуге бай­ланысты өз идеяларын жү­зеге асырудың көптеген мүм­кіндіктері бар. Олардың сту­денттері білімге құштар, жаңа идеяларға ынтық және әрқа­шан дамуға дайын. Қытай хал­қының әл-ауқаты мен экономикасы көтерілген сайын бүкіл әлемдік мықты, люкс брендтер Қытай нарығына кі­ру­ге ұмтылыс жасап, атақты бо­луға тырысып жатыр. Ал сол компанияларға қарағанда біз Қытайға бір саты жақынбыз және мүмкіншілігіміз көп деуге болады. 2010-2015 жылдары Бейжің сән және технологиялар институтының (ҚХР) «Киімнің көркем дизайны» факультетінде оқыдым. Ары қарай осы институтта тоқыма химиясы, өңдеу және инжиниринг факультетінде білімімді жалғастырдым. Қытай сән мек­тебі маған көп дүниені үй­рет­ті. Әлем тарихында оқшау орны бар барлық сән үлгісін тереңдете білдік. Ең бірінші еңбекқорлыққа баулыды. Олай дейтін себебім демалыс күні түске дейін ұйықтағым келсе, бірге оқитын қытайлық курстастарым демалысқа қара­май азанмен манекендерін жатақ­ха­надан кампусқа арқалап ке­тіп бара жатады. Олар өте қатаң бәсекелік ортада өскен соң да болар, шағымдану мен ақ­талуды білмейді. Қытай – өмір мектебі. Өзіңіздің мықты екеніңізді сәт сайын дәлелдеп, шығармашылық және кәсіби тұрғыда өсу керек болады. Қы­тай нарығында бәсекенің күшті екені рас, сәйкесінше мүмкіндік те мол. Қандай мата керек, ине-жіп дейсіз бе, қиялыңдағы кез-келген дүниені табуға болады. Сондықтан жеңіл өнеркәсіп саласында жұмыс істейтіндер үшін таптырмайтын мүмкіндік алаңы ретінде басымдық беру керек.

– Бүгінде қай бағытта, қан­д­ай жобамен жұмыс істеп жа­тырсыз?

– Қазір үш бағытты да­мы­ту­ға ден қойып отырмыз. Яғни, киім, парфюмерия және бет пен тері күтімі бойынша ірі компаниялармен бірлесіп, көптеген іс-шараларды атқарып жатырмыз. Бұл тарапта хабарлайтын жаңалықтарымыз әлі де болады. Ал танымал брендтермен бірге жұмыс істеудің әзірге сәті түсе қоймады. Бүгінде Нью-Йорк, Лондон, Милан, Париж әлемдік сән алпауыт­та­рының «үлкен төрттігі» саналады. Бұл қоғамдастықтың қатарына кі­ріп, сән апта­лық­та­рына қа­ты­су үшін үлкен қар­жы керек. Үлкен команда мен таныс қажет. Ал оның бәрі бірден бола қоя­тын оңай нәрсе емес. 2016 жылы Милан сән апталығына ша­қырту келгенде, инвестор тап­па­ғандықтан қатыса алмай қал­дым. Кейін 2018 жылы бри­тандық атақты Vogue журналы мен туралы жазған кезде ізінше көптеген ұсыныстар түсті. Ендігі меже – Париж сән апталығына қатысу. Бұл та­раптағы әзірлік жұмыстары бас­талып та кетті.

– Сән әлеміндегі нарық алда­ғы жылдары қай бағыт­та өзгеруі мүмкін?

– Бұрын сән апталық­та­рын­да ерлер мен әйелдер киім­де­рі қатар жү­ре­тін. Соңғы он жыл­дықта ерлер сәні әйел­дер­дікіне қара­ған­да басым. Өйт­кені ерлердің саны көп, бәсеке күшті. Одан ке­йін сапалы экологиялық бағыттағы материалдардан ті­гіл­ген киімге көшу жаппай сән­ге айналып келеді. Fast fashion емес, сапалы, ұзақ киіс бере­тін киімдер алуға ден қо­йыл­ды. Бір сөзбен айтқанда сән әлемінде әр­түрлі субмәдениетте өмір сү­ретін жекелеген шағын ауди­то­рияларға арналған киімдер саты­лымға шығады.

– Қазақстандық дизайнерлер көбінде жеке-дара жұмыс іс­тей­тіндей. Бұл жағынан қан­дай ой қосар едіңіз?

– Иә, мұны мойындау керек. Қазақстанда нарықтың реттелуі өзгеше – әркім өзі үшін. Қытай­лық дизайнерлердің бір үлгі болар тұсы – олар бір-бірін қол­дай­ды, барлық халықаралық са­пар­ларға, фестивальдер мен сән көрмелеріне компания ре­тін­де қатысады. Бір ұстаным аясында еңбек етіп, тауарларына Қытайда жасалған деп маңыз береді. Қазақстандық дизайнерлердің басын біріктіру мақ­сатында Qazaq Fashion Asso­ciation ұйымын құрдық. Жаңа бастамалар ұсыну жос­пар­да бар. Қазақстандық нарық шағын, сондықтан өз дең­ге­йін­де дизайнер табу да өте қиын. Біреу бұқаралық на­рық жасау­ды қош көрсе, біреу кутюр жасайды.

– Ал Қазақстан неліктен өз халқын әлі күнге дейін ки­ін­діре алмай келеді?

– Мұның ешқандай сыры жоқ, жыры мен мұңы бар. Мұнай мен өзге де жерасты қазба байлықтарына сеніп же­­ңіл өнеркәсіп саласын құл­ды­­ратып жібердік. Қазір біз импорт­ты салаға өте тәуелді, мұқтаж елміз. Қандай дамыған ел болсақ та айналдырған 18 миллион хал­қымызды киіндіре алмай отыр­мыз. Біздің елді қазір Қыр­ғыз­стан мен Өзбекстан, Қытай мен Ресей киіндіріп отыр. Бұл кәсіпорындар ғана емес, мем­ле­кеттің кемшін тұсы. Өзім осы саланың ішінде жүрген соң көргенімді айтайын, жеңіл өнер­кәсіпте жүргендердің 90 пайызы әйел адамдар. Көп балалы аналар жұмыс сұраған кез­де, тігін фабрикаларын кө­бей­тіп, қасынан жатақхана салып неге жағдай жасамасқа?! Айта берсек, бұл өз алдына ауқымды тақырып.

– Сәнге қоғамның жағ­дайын бейнелейтін, әлеу­мет­­­тік сипатқа ие өзгеріс деп қарауымызға бола ма? Ен­де­ше біздің халықтың киім киісіне қарап қандай ой тү­йесіз?

– Қоғамның материалдық да­муын анықтайтын факторлармен байланыстыру сәнді сөзсіз әлеуметтік құ­бы­лыс етеді. Осы ұста­ным­дар­дан идеологиялық, әлеу­мет­танулық, экономикалық сән туралы, оны өмірге әкелетін жақтардың әлеуметтік маңызы туралы айтуға болады. Бір бай­қа­ғаным, қазақстандықтар бір-біріне өте ұқсас киінеді. Ерек­ше, ашық, сәнді киінетін адам­дар аз. Ұлттық киімдеріміз тек шетелге шыққанда ғана еске түсіп жатады. Бірақ кейін­гі жылдары ұлттық стилдегі киім­дер­ді жаңғыртуға ұмытылып жатқандар да бар, смартфон кең етек жайып түрлі деңгейдегі адамдар бір-бірінің талғамына, тәрбиесіне әсер етіп жатыр деуге болады. XXI ғасырдағы сән дүниесінде ыңғайлылық басты орынға шықты. Өйткені жүріс-тұрыс көбейеді. Ең бастысы сән адам құқығын таптамауға, ішкі жан-дүниесінің ерекшелігін ашып көрсетуге арналған әсемдік аясынан өрбуі тиіс.

–Подиумнан қай­та­ла­на­тын ретро-суреттерді көр­ген­­де сән әлемі мәреге жетті ме деп ойлайсың. Сіздіңше қа­лай?

– Мен мұны ностальгия деп білемін. Іс жүзінде сән стандарттар мен үлгілердің жиынтығы емес, олардың артындағы мәдени шындықтар мен мағынасы деп түсінген абзал. Адам өмірінің әр түрлі сала­ларына айтарлықтай әсер ете отырып, сән адамзат қоға­мы үшін маңызды «ер», «әйел», «бала», «күнделікті өмір», «үй» сынды мәдени ма­ңызды бейнелермен байланысты. Жалпы 90-60-90 өлшеміндегі құлын мүсінді қыздар подиумның өткен дәуі­ріндегі «қаһармандары». Қысқасы әр қоғамның өзінің басты кейіпкерлері бар.

– Біздің денемізге ер­кін­дік беретін киім төңкерісі қашан бас­талды? Әл­ем­дік сән индус­трия­сында ыңғай­лылық пен жайлылық бан­не­рін ал­ғаш болып көтерген кім?

– Киім еркіндігін сезіну үшін алдымен ми мен сана тәуелсіздігі керек. Өйткені жұмыс пен қоршаған орта белгілі бір деңгейде еркіндікті шектейді. Көп жұмыс орындарында жұмыс формасы қалыптасқан. Болашақта бұл үр­діс еркіндікке ұласады деп ой­лаймын. Өйткені бүгінгі ға­сыр жаңашылдықтың, жа­ңа­ру­дың ғасыры!

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

 Ая ӨМІРТАЙ,

«Egemen Qazaqstan»