• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Наурыз, 2020

Балабақшалар саны көбейді, сапасы ше?

530 рет
көрсетілді

Қазіргі кезде еліміздің қалаларында да, ауылдарында да балабақшалардың саны көбейгені, соның нәтижесінде мектепке дейінгі тәрбие-білім беру нысандарымен қамтылу көрсеткіші 90-95, тіпті кейбір жекелеген өңірлерде жүз пайызға дейін жеткені үлкен жетістік ретінде айтылып жүр. Бір қарағанда мұның өзі желдірте айтуға да, желпіне айтуға да тұраралықтай көрініс екенімен келісуге болатын секілді. Өйткені шамамен бұдан сегіз-он жыл бұрын ата-аналардың балаларын балабақшаға орналастыруы күрмеуі қиын, шешілместей іс секілді көрінетін. Бұл мәселеде тамыр-таныстық пен сыбайлас жемқорлық сипатындағы көріністерде орын алғаны жасырын емес.

Бүгінгі күні тұрғындар тарапынан балабақшаға деген сұраныс әжептәуір кемігені, тіпті жоққа тән екендігі аян. Мұндай жағымды жайт соңғы жылдарда республикамыздың түкпір-түкпірінде жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап, саны күрт көбейген жекеменшік балабақшалардың есебінен болғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Талас жоқ, қандай жағдайда да мектепке дейінгі балалар мекемелерінің көбейгені, жеткілікті болғаны жақсы-ақ. Әйтсе де, сол жекеменшік балабақшалардағы тәрбие мен білім сапасының деңгейі қандай деген сауал еріксіз туындайды.

Осы орайда бүгінгі күні жекеменшік балабақша ашу бизнестін ең оңай түріне айналып кеткендей әсер билейді. Белгілі бір орны мен ғимараты болса жеткілікті, ата-аналардың тиісті төлемін төлеп, балаларын оған орналастыруының түк те қиындығы болмай қалған секілді. Бұған ешқандай кедергі де, тосқауыл да жоқ. Өйткені жеке кәсіпкерлер  балабақша ашу үшін мемлекеттік орындардан рұқсат немесе лицензия алмай-ақ, өз қызметтерін бастап кете береді.

Дәл осы тұста республикамызда мектепке дейінгі ұйымдарды лицензиялау тәртібі 2011 жылдан бастап тоқтатылғанын айтқанымыз жөн. Бұл өзгеріс өз кезегінде елімізде жекеменшік балабақшалар санының күрт өсуіне әсер еткені де анық. Олардың бәрі бірдей мектепке дейінгі тәрбие-білім беру стандарттарын белден басты десек, шындыққа қиянат болар.

Десек те, оның ішінде өздеріне қабылданған бүлдіршіндер мен балалардың жас ерекшеліктерін сақтамай, оны тиісті топтарға бөлмей, үлкені мен кішісін бірге топтастыруды әдетке айналдырған жекеменшік балабақшалар иелері де кездескені белгілі болып отыр. Сонымен бірге мұндай санаттағы ұйымдарда тәрбиеленушілердің дамуына септігі тиетін ойыншық түрлері де алынбаған екен. Сондай-ақ, санитарлық –гигиеналық талаптар мен нормаларға сәйкес келмейтін жекеменшік балабақша орындары да бар болғаны мәлім.

Бұл жөнінде газет тілшісіне Ақтөбе облыстық білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Б.Б.Күзембаева айтып берді. Аталған мемлекеттік мекеме мамандары ата-аналардан түскен арыз-шағымдарға орай облыс аумағындағы жеті жекеменшік балабақшаға тиісті тексерулер жүргізген кезде, жоғарыда айтылып өткендей көріністер орын алғанын анықтаған. Соған сәйкес олар мектепке дейінгі жекеменшік ұйымдардың белгіленген нормативтер мен стандарттарға сәйкес келмейтінін сала-сала бойынша көрсетіп, тиісті органдарға нұсқау-хат жолдаған.

Бұлбұл Бисенбайқызың ой-түйінінен ұққанымыз, білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету жөніндегі департаментінің жетекшісі мен мамандары өздігінен бірде бір жекеменшік балабақша қызметін тексере алмайды екен. Өйткені оларға мұндай құқық берілмеген. Тек тиісті негіз бен арыз-шағым түскен жағдайда ғана өз өкілеттілігін пайдаланып, мәселенің мән-жайын  анықтауға қам жасайды. Оның айтуынша, өткен 2019 жылы өңірден департаментке тәрбие мен білім беру мәселелеріне қатысты 63 шағым түсіпті. Сонымен қатар басқа да қоғамдық қабылдаулар, сенім телефондары мен басшы блогы арқылы 123 сұрақ келіп түскен көрінеді. Соның ішінде ең көп арыз-шағымдардың үлесі жеке балабақшалардың еншісіне тиетіні алаңдатарлық ахуал деуге болады.

Әрине, бұл айтылғандарға қарап еліміздегі жекеменшік балабақшалардың санын қысқарту немесе қызметтерін тоқтаттыру жөніндегі ой-пікір туындамаса керек. Медальдың екі жағы бар дегендей, керісінше басты назарды жекеменшік балабақшалар қызметінің сапалық деңгейін көтеруге бағытталғаны жөн секілді. Біз жоғарыда елімізде мектепке дейінгі ұйымдарды лицензиялау 2011 жылдан бастап тоқтап қалғанын жазған едік. Мүмкін сол кезде белгілі бір қалыптасқан құбылыстар мен жағдайларға байланысты мұндай шешім қабылдаудың қажеттілігі  болған да шығар. Әйтсе де, қазіргі кезде аталған лицензиялау тәртібін қайтадан қалпына келтірудің керектігі де айқын байқалып жүргені анық.

Қалай дегенде де, бүгінгі күні жеке балабақшалар лицензия алуға тиіс екендігі ешқандай талас туғызбайды. Мұны уақыт талабы десе де болады. Мұндай жағдайда аталған тәрбие мен білім беру нысандарын кәсіби деңгейі және біліктілігі жоғары кадрлармен толықтырудың тың арналары ашылмақ. Сонымен бірге аталған балалар мекемелерін материалдық-техникалық тұрғыдан жақсарту мен жабдықтаудың жаңа мүмкіндіктері туғызылмақ. Ең бастысы жеке балабақшалар елімізде қабылданған барлық стандарттар бойынша тәрбие мен білім беруге лайықты болғаны жөн.

Дәл осындай жағдайда ғана оларға лицензия берілсе, сан мен сапа үйлесім табатыны талассыз. Бұл ең алдымен болашақ ұрпақтың жан-жақты өсіп-жетілуі үшін өте қажетті іс. Бесікті түзеу деген терең де мағынасы кең ұғымның бір мәнісі осында,- деген болатын. Осы материалды газет өндірісіне әзірлеу кезінде ой-пікір бөліскен есімі Ақтөбе аймағына кеңінен танымал ақсақал, білім беру ісінің ардагері Камалхан Қуанов.

Біз осы ойлы түйінмен мақаламыздың нүктесін қойғанды жөн көреміз.

 

АҚТӨБЕ