• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Таным 13 Наурыз, 2020

Отырар кітапханасы қай жерде?

4039 рет
көрсетілді

Түркістан облысы Бәйдібек ауданының тұр­ғыны Мұхтар Тұрдалиев көне Отырар кітап­ханасы орналас­қан жерді көрсете алатынын мәлім етті. Сен­бегеніміз рас. Әлемдегі ең бай Алек­сандрия кітап­­ханасынан кейінгі орынға қойылатын көне Оты­рар кітапханасы бойынша ғалымдар арасында пікір қайшылықтары бар. Бірі оның бар еке­нін айтса, ендігі жазба деректер оны жоққа шы­ғ­а­рады. Ал бәйдібектік тұрғын түсіне философ, ұлы ойшыл әл-Фараби бабамыздың өзі еніп, ­Отырар кітапханасының орнын көрсеткенін айта­­ды.

– Осыдан 40 жыл бұрын әл-Фараби бабамыз түсімде мені отбасыммен бірге Отырар төбеге жетектеп апарды. «Мына жерді сен жария қыласың», деді де қабырғаны құ­ла­тып жіберіп еді, астынан жасырылған кітапхана шыға келді. Алайда ол кезде Отырар қайда, Отырар төбе қайда екендігінен хабарым жоқ. Түсті елеусіз қал­дырып, ескермей жүре бердім. Бір күні ғұлама тағы да түсіме жас жігіт бейнесінде енді. Бұл істі аяқсыз қал­дыр­­ғаныма ренішін білдірді. Алайда оның маған сол жер­­ді көрсеткені ақиқат еді, – деді қария бізбен әңгіме бары­­сында.

Бастапқыда түнгі ұйқыдағы тылсым көріністерді елемей жүрген оның түсіне аппақ сақалды қария тағы да кірген. Бұл жолы «әлгі жерді неге өзгелерге көрсетпедің? Егер бұл істі аяқсыз қалдырсаң, отбасыңа ауыртпалық түседі» деп ескертіпті. Көрген түсін көңіліне алмай жүрген отағасының отбасында келеңсіз жайттар орын алып, жұбайы ауыр сырқаттан көз жұмады. Ұлдарының да отбасында береке болмай кеткен соң, Мұхтар Тұрдалиев болған жайтты басқаларға баяндаған көрінеді. Қарияның түсін бос сандыраққа балағандар «ғалымдар, археологтер таппай жүрген жерді сен қайдан табасың?» деп мазақ еткен де. «Бір күні бала-шағамды ертіп барып, адыр дала, айналасында ештеңе жоқ төбеге шықтым. Әл-Фарабидің түсімде көрсеткендерінің бәрі тұр. Тек әрмен қарай зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет болды. Сосын облыс әкіміне арыздандым. Ол Әлкей Марғұлан атындағы мұражайға жіберді. Алматыға барып, Асылы Османоваға жолықтым. Ол кісі мені Карл Байпақовқа алып барды. Асылы апайымыз: «Мұхтар мұны ойдан шығармайды», деп Карл Байпақовты мен көрсеткен жерді қазуға көндірді. Археолог қара күздің кезінде Отырар төбеге келді. Бірақ сол кезде ауа райы бұзылып, бір метрден артық қазуға мүмкіншілік болмады. Бір жағы қаржы таусылып, ісіміз аяқсыз қалды. Одан кейін, өкінішке қарай, Карл Байпақов өмірден өтті. Сосын Астана, Алматы қалаларынан архео­логтер шақыртып, Отырар төбеге ертіп әкелдім. Олар мұражай басшысына жолығып, мен көрсеткен орынға барды. Бір аптаның көлемінде қазба жұмыстарын бастайтындарын айтты. Алайда аяқ астынан ойларынан айнып, қазбай кетіп қалды. Егер әл-Фараби бабамыз көрсеткен орынды қазатын болса, кітапхана, арғы жағындағы киелі жерлер, бәрі де шығар еді. Өткен жылы жазда Карл Байпақов қазған орынға қайта бардым. Қазылған жер ойылып, ішке қарай түсіп кетіпті. Кейіннен бұл туралы белгілі ғалым, «Отырар» мұражайын ұзақ жылдар басқарған Мұхтар Қожаға айттым», дейді Мұхтар Тұрдалиев.

 Ғалым Мұхтар Қожамен біз де сөйлескен едік. «Ол кісінің бұл мәселені көтеріп жүргеніне біраз жыл болды. Егер ол кісі бізге Отырар төбенің сырт жағын көрсетсе, кү­мән туындатар еді. Ақылға сыймайды деп айтушы едік. Қаланың ортасы болғаннан кейін, кім біледі, мүмкін шы­ғып қалар қазып көрейік дедім. Ол кісі айтқаннан кейін барып көрдік, қыштан өрілген, жер астына баратын жолдар. Негізі ол жерлер Әмір Темір қайтыс болған Бердібек сарайы деп аталатын орталық. Отырар кітап­ханасы туралы жазба деректерде ешқандай мәлімет жоқ. Егер ол туралы деректер жазылып, сақталған болса, се­нім­мен айтар едім. Қаншама саяхатшылар Отырар туралы дерек жазып қалдырған, алайда тап сол Отырар кі­тапханасы болды деп жазылған деректер бірде-бір жерде жоқ»,  дейді тарих ғылымдарының докторы Мұх­тар Қожа. Ғалымның пікірін «Отырар» мемлекеттік архео­логиялық қорық- музейінің директоры Сапар Көзейбаев та қолдады. «Ол кісі көрсеткен орын ханака немесе жер ас­ты жолы болуы мүмкін. Елу жылда ел жаңа дейді, 4-5 қатарын алып тастасақ, астынан ескі қала­шық немесе мешіт шығуы мүмкін. Оны анықтау үшін ғалымдар, археологтер мен тарихшыларды тартуымыз қажет. Ол кісі көрсеткен 2-3 метрлік жерді жабық күйінде ұстап отыр­мыз. Себебі ол туралы зерттелмеген күйі шығарып жібер­сек, үлкен дау туындауы мүмкін. Бір жағы тарихи құнды­лығымызды жоғалтып аламыз», дейді Сапар Көзейбаев.

 Мұхтар Тұрдалиев әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдығына орай осы тақырып төңірегінде жазған материалдары мен мақалаларын жинақтап кітап шығаруды көздеп отыр. «Жай ғана аян деп қолды сілтемей, бюджеттен ақша бөліп, мен көрсеткен орынды әрі қарай қазып, жалғастыру керек. Қазір пайда болған шұңқырға қарасаңыз, бәрі анық көрінеді. Әл-Фараби көрсеткен көне Отырар кітапханасының орны ескерусіз қалмаса екен»,  дейді қария.

 

Түркістан облысы