• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
Әлем 16 Наурыз, 2020

COVID-19: Инфекцияға қарсы препарат жасауға мүмкіндік бар ма?

954 рет
көрсетілді

Соңғы үш айда бүкіл әлем Қытайдан шыққан COVID-19 деп аталатын коронавирустың жаңа түрінен туындаған адамзат үшін қауіпті инфекцияның пайда болуы және тез таралуы тура­лы жаңалықты кірпік қақпай бақылауда. Ал күн сайынғы келіп жатқан ақпараттар легі майдан даласынан жеткен хабарларды еске түсіреді: COVID-19 жұқтырған және қайтыс болған адамдардың саны ұдайы өсуде, вирустың таралу географиясы қазірдің өзінде 120-дан аса елді қамтып отыр, 2020 жылдың 12 наурызындағы жағдай бойынша Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының берген мәліметтерінде ауру жұқтырғандар саны 130 мыңнан асып, қайтыс болғандар саны 5 мыңның төңірегінде, алайда бұнымен тоқтамай бұл көрсеткіштер күн санап өсуде.

Қазіргі уақытта ко­ро­на­ви­рус­­тың таралуы әсіресе Ита­лия, Иран, Франция, Польша­да жоғары, ал эпидемия бастау алған және жұқ­тыр­ған­дардың саны көп тіркелген Қытайда, ин­фек­ция бақылау аясында. Ко­­рона­ви­рус­тық инфекция­дан әлем­­дік экономикаға кел­ті­ріл­ген залал қазірдің өзінде жүз­деген миллиард долларға баға­ла­­нып отыр. Қысқа мерзімде COVID-19-дің Қытайдағы лаңы жер­гілікті деңгейден шығып кең ауқымды індетке айналды және қолданылып жатқан іс-шаралар мен төтенше жағдайларға қа­ра­мас­тан, бүкіл адамзатқа қауіп төн­­ді­ретін жаһандық панде­мия­ға ай­нал­ды десек те болады.

Жаңа коронавирус дегеніміз не, ол қайдан пайда болды, ол қаншалықты қауіпті және оның таралуынан не күтуге болады?

Коронавирустар – бұл адам­дарға, жануарларға және құс­тар­ға жұғатын вирустардың үлкен тұқымдастығы. Адам­дар­­да кей­бір коронавирус­тар тыныс алу жол­дарының жіті респираторлық вирустық ин­фек­­­циялары (ЖРВИ) қоз­дыр­ғыш­­тарының қата­рына жата­ды және тұмау тәрізді негі­зінен жеңіл және орташа ауыр­лық дәрежесінде өтетін рес­пи­ра­­торлық инфекция­лар туғы­за­­ды. Сонымен қатар, бұрын коро­навирустар тудырған екі зардабы мол жұқпалы ауру тір­кел­ген: 2002-2003 жылдары өлім-жітім деңгейі 9,6% болатын «ауыр жіті респираторлық ин­фекция» немесе «SARS CoV» ауруы және 2012 жылы – өлім дең­гейі 34,4% болатын «Таяу Шығыс респираторлық синдро­мы» (MERS CoV) ауруы. Бірінші жағдайда 8096 адам ауру жұқтырып, 774-і қайтыс болды, екіншісінде –  2494 адам ауырып, оның 858-і қайтыс болды.

COVID-19 деген атауға ие бол­ған коронавирустың бұл жаңа түрі алғаш рет 2019 жылы жел­тоқсан айында орталық Қы­тай­да­ғы Ухань қаласында тіркелді. Алдыңғы екі ауру түрімен са­лыс­­тырғанда қатты екпінмен жыл­­дам таралуда, бірақ өлім-жітім деңгейі төмен, шамамен 3,4%-ды құрайды (салыстыру үшін маусымдық тұмаудан өлім 0,3-1,3% аралығында). Адам­дарда COVID-19 симптомы мардымсыз немесе тіпті мүл­дем жоқ болуы мүмкін, алайда кейбіреулері қатты ауырып, қай­тыс та болады, жасына қарай өлім-жітім де жоғарылайды. Нақ­ты инкубациялық кезеңі әзір бел­гі­сіз; шамамен 7-ден 24 күнге жуық.

Осылайша жаңа COVID-19 коронавирусының өлім деңге­йі де, таралу қарқыны да әдет­те­гі тұмауға қарағанда жо­ға­ры. Онымен қоса, жаңа коро­н­а­ви­рус­тық инфекцияға тән бірқатар ерекшеліктер алаңдаушылық тудырады: 1) COVID-19 виру­сы мутацияға қабілетті, ал бұл де­ге­німіз, вакцина жасауда қи­ын­­дықтар тудыруы мүмкін; 2) вирустың жұқпалылығы мау­сым­дық тұмауға қарағанда ша­ма­мен 2,5 есе жоғары. 3) COVID-19 тудырған инфекция жаңа болғандықтан – ұжым­дық им­мунитеттің бол­­мауы вирустың адамдар ара­­сында іркіліссіз таралуына жол ашады; 4) COVID-19 вирусын қайта жұқтыру тура­лы деректер – кейбір адамдарда осы инфекцияға қарсы иммунитетінің енжар екеніне дәлел бола алады; 5) симптомдары көрінбей тасымалдануы инфекцияның бақылаусыз таралу қаупін едәуір арттырады.

Негізгі мәселелердің бірі –  COVID-19 шығу тегі. Жоға­ры­­да айтылғандай, коронавирустар табиғатта өте кең тарал­ған және көптеген жануарлар мен құстарға жұғуы мүмкін. Мысықтар мен ит­тер­дегі коронавирустар жіті гас­тро­энтеритті, ал құстарда жіті жұқпалы бронхитті тудырады. Қытайдағы жарғанаттардан алын­ған коронавирустың моле­ку­лалық талдауы COVID-19 қоз­дыр­ғышымен толық сәйкес келе­тінд­ігін көрсетеді. Дәл осы жарғанаттар инфекцияның бас­тапқы резервуары болуы мүм­кін, ал адамға вирус аралық иесі арқылы өтуі де ықтимал. Соны­мен Ухань қаласындағы азыққа қолданылатын жабайы жан­уарлар базары – инфекцияның негіз­гі көзі болған деген болжам шын­дық­қа өте жақын.

Тарих көрсеткендей, көбі­не­се ауыр респираторлы ви­рус­тық инфекциялардың көзі бастапқыда жануарлар немесе құстар арасында таралған вирус­тар болды. Айтар болсақ, 2002-2003 жылдардағы Қытайдағы SARS вирусының негізгі резервуары да жарғанаттар болған. Сауд Арабиясында алғаш рет анықталған «Таяу Шығыс рес­пи­ра­торлық синдромының» баста­лу­ына себеп болған жоғары па­тогендік вирус адамдарға ауру белгілері жоқ түйелерден бе­ріл­ген. Ал 80 миллионға жуық адамның өліміне әкелген 1918 жылғы әйгілі «испан тұмауына» адам, доңыз және құс тұмауы вирустарының үйлесімінен шық­қан қоздырғыш себеп болған. Осы­лайша жануарлар мен құс­тар­дың вирустары түраралық кедергіні жеңіп, адамдар үшін қауіпті жаңа жұқпалы ауру қоз­дыр­­ғышына айнала алады.

COVID-19 пандемиясының болашағына кесімді болжам жоқ. Қазіргі уақытта COVID-19 таралған негізгі географиялық аймақтар – Оңтүстік-Шығыс Азия және Еуропа, соның ішін­де Еуропада инфекция жұқ­тырған аурулар санының тез өсуі байқалады. Қытаймен саны жағынан деңгейлес, хал­қы өте тығыз қоныстанған Үндіс­тан­да, сондай-ақ денсаулық сақтау дең­гейі әмісе жоғары емес Аф­рика елдерінде де коро­на­ви­рустық инфекцияның пайда бол­уы туралы хабарламалар алаң­­датады. Қазірдің өзінде, COVID-19 жұқтырғандар жер ша­ры­ның бүкілінен дерлік табылып үлгерді.

Қазіргі қоғамдағы жаһан­да­­ну мен әлем бойынша адам­дар­дың жылдам қозғалысы ин­фек­­цияның тез таралуы үшін қолайлы жағдай туғызып отыр. Сондықтан көп нәрсе ұлттық санитарлық-эпидемиологиялық қызмет жұмысының тиімділігіне және әр елдің тұрғындарды жеке қорғаныс құралдары, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету шамасына байланысты болады. Жаһандық індет жағдайында, өндіруші елдер экспорттан бас тартып дәрі-дәрмекпен алдымен өз халқын қамтыған кезде, бұл тіпті қиындай түскендіктен, өз фармацевтикалық өндірісін дамыту қажеттілігін тағы да қадап көрсетеді.

Өкінішке қарай, COVID-19-ге қарсы вакцинаның тез пай­да болуына сенудің қажеті жоқ, өйткені оны жасау тым ұзақ, күрделі және қымбат процесс. Жаңа вакцинаны жасап шығару және сынақтан өткізу, әдетте, кем дегенде 2-3 жыл және жүздеген млн долларды қажет етеді. Коронавирустық инфекцияны емдеуге арналған арнайы отандық препараттар жоқ, дегенмен Қытайда, АҚШ-та және Еуропада жаңа ви­рус­қа қарсы препараттарды белсенді іздестіру жүріп жатыр. АҚШ-та коронавируспен күрес­ке қосымша 8,3 млрд доллар, Еуропалық одақ 25 млрд еуро бөлді.

Микробиология және виру­со­логия ғылыми-өндірістік орта­лы­ғының вирусолог ғалымдары бірнеше жыл бойы адамның, жануарлар мен құс тұмау вирусын, ал коронавирусты 2014 жылдан бастап адам үшін зардабы ауыр тосын инфекциялар көзі ретінде зерттеп келеді. Мұндай жұмысты орындаудың бірқатар маңызды себебі бар. Біріншіден, Қазақстанның Қытаймен ше­кара­­­сы­ның ауқымы өте кең, екі ел арасында және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерімен арадағы айтар­лық­тай сауда айналымы және мамандармен, студенттермен, туристермен белсенді алмасу тағы бар. Әсіресе Қытай мен Оңтүстік Азиядан вирустық ин­фек­­циялардың қауіпті жаңа түр­лері жиі шығады. Екін­ші­ден, Қазақстанда қауіпті вирус­тық инфекциялардың тасы­малдаушылары – жануар­лар мен құстардың алуан түрі мен табиғи жасырын жол­да­ры бар. Үшіншіден, геогра­фия­лық тұрғыдан алғанда, жыл құстарының көші-қоны Қазақстан арқылы өтеді, олар өз кезе­гінде тұмау вирусы мен коронавирус, соның ішінде адам үшін қауіпті штамдарды ала жүреді. Мұндай вирустарды зерттеу және оның адамдарға берілуінің алдын алу шараларын жасау – мемлекеттік маңызы бар мәселе.

Қазіргі уақытта Микро­био­ло­гия және вирусо­ло­гияның ғы­лыми-өндірістік орталығы – 3 ак­адемик, 6 ғылым докторы, 16 ғылым кандидаты, PhD докторлары мен докторанттар жұмыс істейтін, тұмау вирусы мен коронавирусты зерттеу бойынша халықаралық деңгейдегі танымал білікті маман вирусологтар шоғырланған Қазақстандағы бірден-бір орталық. Орталық вирусо­логиялық және молеку­ла­лық биологиялық зерттеулер жүргізуге арналған заманауи қондырғылармен жабдықталған, ви­рустық инфекциялардың диаг­нос­тикасы, алдын алу мен емдеу жолдарын жасау мә­се­ле­лерімен айналысады. 2015 жылы Таяу Шығыста және басқа елдерде MERS-CoV корона­ви­­рус­тық инфекция белең ал­ған кезде, Микробиология және вирусология институты Қазақ­стан Республикасында алғаш рет жетекші шетелдік вирусологтардың қатысуымен коронавирус диагнозы бойынша далалық және зертханалық семинарлар өткізіп бастама көтерді. Алғаш рет 2019 жылдың сәуірінде Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығында дәріге төзімді микробты және вирустық инфекциялармен күрес жөніндегі халықаралық ғылыми семинар ұйымдастырылды, оған әлемнің 14 елінің жетекші микробиологтары, вирусологтары және жұқпалы аурулар жөніндегі ға­лым­дары қатысты, оның ішін­де АҚШ Ұлттық денсаулық сақтау институтының 20-дан астам танымал ғалымдары бар. Вирустық инфекцияны зерттеу саласындағы бірлескен халықаралық жобалар Аме­ри­ка құрама штаттарының (Мем­фис қаласындағы ғылыми ауруха­насындағы Дүние­жү­зілік денсаулық сақтау ұйы­мы­ның тұмау орталығы, Тен­нес­си) және Ұлыбритания (Лидс университеті, Лидс, Ұлы­бри­та­ния) ғалымдарымен жүзеге асы­ры­­­лады.

Қазақстан Республикасында жануарлар мен құстардың табиғи популяцияларында таралатын коронавирустың штамдары да қауіпті. Адамдарға осы ви­рус­­тардың жұғуы Қытай­да­ғы­дай індетке ұласуы мүмкін. Дәл осы жағдай жануарлар мен құстардың тұмау вирусына да қатысты. Сондықтан да инфекцияның ық­ти­мал табиғи көздерін дер ке­з­ін­де анықтау және жаңа қауіп­ті вирустың жайылуын болдырмау жөніндегі шараларды әзірлеу мақсатында Қазақстан аумағында тарала­тын тұмау вирустары мен коронавирустарды кешенді ғылыми-зерттеу қажет. Сондай-ақ COVID-19 бен тұмау вирусына қарсы жаңа отандық вирусқа қар­­сы отандық препараттар жасау­ға ерекше назар ауда­­ру қажет. Ал Микробиология және ви­ру­сология ғылыми-зерттеу орта­­лығы бұл салада үлкен тә­жіри­­­беге ие.

 Сонымен қатар тұмау вирусына және короновирусқа қарсы тиімді жаңа отандық препараттарды жасау әр елдің ғалымдарының тікелей мін­деттері. Бұл вирустық инфек­ция­л­арға жедел ден қою үшін ғана емес, сонымен бірге елдің ұлт­тық қауіпсіздігін қам­та­ма­сыз ету тұрғысынан өте ма­ңыз­ды. Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығында микробқа қарсы және вирусқа қарсы жаңа дәрі­лік пре­параттарды жасап шы­ғару жү­зеге асырылу­да. Біздің ғалым­да­рымыз зеңге қар­сы және ви­рус­­қа қарсы бел­сенділікке ие кең спектрлі алғашқы және әзірге жалғыз отандық антибио­тик жасап шығарды. Бұл антибиотик кли­никаға дейінгі және кли­никалық сынақтардың барлық сатыларынан сәтті өтті, Қазақ­стан Республикасында ем­дік мақсатында қолдану үшін тір­кел­ген, оның өндірісі біздің орталықтың базасында жолға қойылған. Сонымен қатар тұмау вирусына қарсы бірқатар препараттар әзірленді, қазіргі уақытта оның клиникаға дейінгі зерттеу кезеңі аяқталуда. Сон­дық­тан да тұмауға және коро­навирустық инфекцияға қарсы, жаңа вирусқа қарсы препараттар жасау үшін бізде нақты негіздер бар.

Соңғы күндердегі оқиғалар көр­сетіп отырғандай, кең ауқым­­­­ды эпидемия жағдайында фар­­­ма­­цев­тикалық өндіруші елдер дәрі-дәрмектер мен жеке қор­ға­ныс құралдарын экспорттауды тоқтатып, ең алдымен өз тұр­ғын­­дарының қажеттіліктерін қана­­ғаттандыруға тырысып жа­тыр. Нәтижесінде нарықта дәрі-дәрмектердің тапшылығы едә­уір байқалып отыр. Қазақ­с­тан Республикасында өз фар­­мацевтикалық өндірісін, яғни атап айтқанда, отан­дық фар­ма­цев­тикалық препа­рат­тар­дың даму­ына байланысты зерт­теу­лерді барынша күшейту қажет. Әр ел өз мәселесін өзі шешуі тиіс. Жоғарыда атап өткендей, осы мәселелерді еліміздің вирусолог мамандары және де біздің ғы­лыми орта­лық­тың ғалым­да­рының бір­лесіп шешуге толық мүм­кін­ді­гі бар.

Кез келген инфекцияның өр­шуін отпен салыстыруға болады. Өртті сөндіріп, салдарын жойғаннан гөрі оның алдын алу оңай. Осыған байланысты инфекцияның табиғи көздері мен табиғи ошақтарын дер кезінде анықтау, вирустың табиғи қорларынан адам популяциясына өтуіне жол бермеу және вирустардың түраралық кедергіні жеңетін процестерді зерттеу үлкен маңызға ие. Ви­рус­тың табиғатта таралуында шектеу болмайды, оның адам баласының нақты ұлтына, жа­сына, дәрежесіне қарамай, мил­лион­дардың өліміне әкеліп соға­ты­ны анық. Өкінішке қарай, адам­затқа орасан зор зиян кел­тір­ген соңғы COVID-19 эпи­де­мия­­сы мұның нақты дәлелі бола алатыны сөзсіз.

 

Аманкелді САДАНОВ,

«Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС бас директоры, биология ғылымдарының докторы, профессор