Қазіргі коронавирус кезеңі республика өңірлерінің қаржы-экономикалық жағдайына теріс әсерін тигізбей қоймайтыны кәміл. Бұлай болатын себебі бұған дейінгі қалыпты кезеңдегідей емес, жергілікті бюджеттерден қаражат көлемінің белгілі бір көлемі коронавирусқа қатысты іс-шараларды жүргізуге бөлінетінінде.
Бұл жөнінде Ақтөбе облысындағы ахуал қандай деген сауалға жауап іздеп көрсек, бүгінгі күні жергілікті атқарушы органдардың резерві – 2 миллиард 445 миллион теңге екенін көреміз. Аталған қаражат көзін төтенше жағдай талаптарынан туған іс-шараларды атқаруға жұсмау көзделген. Біріншіден оның басым бөлігі облыс орталығы мен аудандар аумақтарын дезинфекциялауға пайдаланылуда. Екіншіден өңірде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын өсірмеу және тұрақтандыру қорын ұдайы толықтырып отыру мәселесіне баса назар аударылған. Бұған да бюджет қаражаттары жұмсалуда. Қомақты соманың келесі кезегі қажетті медициналық препараттар мен бұйымдар сатып алуға және халықтың осал топтарын қолдауға бағытталған.
Талас жоқ, елімізде жарияланған төтенше жағдай уақытша болса да, іскер азаматтар мен кәсіпкерлердің, сондай-ақ шағын және орташа бизнес өкілдерінің қызметіне тежеу салып оған теріс әсерін тигізбей қоймайды. Осыған орай облыста салық төлеуге қатысты бірқатар жеңілдіктер мен қолдау шаралары белгіленіп, оның тұтастай пакеті әзірленген. Бұл жөнінде газет тілшісіне Ақтөбе облысы әкімінің экономика және қаржы жөніндегі орынбасары Руслан Хамбаров айтып берді.
Бұл тәртіп елімізге төтенше жағдай енгізілуіне байланысты ҚР қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің бизнес субъектілеріне қолдау көрсетуге байланысты қабылданған шараларынан кейін жүзеге аса бастағанын айтқан жөн. Соған сәйкес салықтық декларацияларды табыс ету мерзімі отыз күнге ұзартылды. Соынмен ьірге азаматтар бірқатар салық түрлерін төлеуден босатылды. Оның ішінде заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің ірі сауда ғимараттары, кино және көрме залдары, театрлар, сауда, ойын-сауық орталықтары және дене шынықтыру, сауықтыру бағытындағы спорттық нысандар бар.
Сондай-ақ ауылшаруашылығы тауарларын өндірушілер ауылшаруашылығы мақсатындағы жер салығын төлеуден босатылғаны қазіргі күннің оңды тактикалық тәсілінің бірі ретінде бағаланып отыр. Бұл қатарға салық салудың жалпыға бірдей тәртібімен жұмыс жасайтын жеке кәсіпкерлер де кіреді. Яғни олар пакетте қарастырылған жеңілдіктерге сәйкес табыс салық төлемейді. Осы арада дебиторлар арасында өзара есеп айырысуларды айқындау жөніндегі тағайындалатын тақырыптық тексерудер де тоқтатылғаны белгілі болып отыр.
- Мемлекеттік кірістер органдары банкрот деп тану туралы шешімді қабылдау үшін сотқа талап-арыз беру мәселесі де тоқтатылатын болды. Сонымен қатар камералық бақылау нәтижелері бойынша заң бұзушылықтары анықталған жағдайда хабарларды жіберу де тоқтатылмақ. Керісінше төтенше жағдай мерзімі аяқталатын кезге дейін хабарламаларды орындау уақыты ұзартылды. Кедендік шекараларда әлеуметтік маңызы бар азық-түліктерге жасыл дәліз белгілеу шаралары қолға алынды. Ең бастысы салықтық және кедендік тексерулер тоқтатылды деді,- бүгінгі күн тақырыбына орай газет тілшісімен ой бөліскен Ақтөбе облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Отызбай Адаев.