«Талибан» ұйымы Ауғанстан үкіметімен мәмілеге келе алмай, тұтқындарды алмасу жөніндегі келіссөзден бас тартатынын хабарлады. Бұл қадам АҚШ пен «Талибан» арасындағы келісімге сызат түсіруі мүмкін.
«Талибан» өкілі Сухайл Шахиннің айтуынша, ұйымның арнайы тобы алдағы келіссөздерге қатыспайды. Мұның себебін Ауғанстан үкіметінің тұтқындарды босатуға ықыласы жоқ екенімен түсіндіреді.
«Біздің арнайы тобымыз ертеңнен бастап тиісті тараптармен болатын нәтижесіз кездесуге қатыспайды», деп жазды С.Шахин туиттердегі парақшасына.
Естеріңізде болса, биылғы ақпанда АҚШ пен «Талибан» қозғалысы өзара мәмілеге келіп, бірқатар міндеттер алған-тұғын. Соған сәйкес, Ауғанстан үкіметі 5 мыңға жуық «Талибан» ұйымының мүшесін, ал қарулы топ тарапы 1000 адамды босатуы тиіс болатын.
Сонымен қатар келісімде АҚШ-тың және халықаралық қарулы күштердің Ауғанстан аумағынан шығарылатыны айтылған-ды. Мұның өтемі ретінде «Талибан» өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуі тиіс. Бұл құжат 18 жылға созылған соғыстың аяқталуға таяп қалғанын байқатқандай көрінген. Әйтсе де, екіжақты келісімге қарама-қайшы келетін мәселелер әлі де өте көп екен.
Тұтқындарды алмасу тараптардың бір-біріне деген сенімін күшейтіп, келісімге адал екенін көрсетуге тиіс еді. Осылайша, «Талибан» ұйымының өкілдері мен Ауғанстан үкіметінің мүшелері өткен аптада Кабулда кездескен болатын.
Осы орайда, Ауғанстан үкіметінің де өз айтары бар. Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің баспасөз хатшысы Джавид Файсалдың сөзіне қарағанда, «Талибан» тарапы келісімді пайдаланып, буынсыз жерден пышақ ұрып отырған көрінеді.
Ал ел үкіметі тарапынан келіссөздерге қатысып жүрген Матин Бектің айтуынша, «Талибан» ұйымы тұтқындағы 15 командирін босатуды сұраған. Олардың бәрі қозғалыстың белді мүшесі саналады.
«Біз азаматтарымызды өлтіргендерді босата алмаймыз. Олардың қайтадан майданға оралып, қанды қырғын салуына мүмкіндік бермейміз», деді М.Бек журналистермен өткен баспасөз жиынында. Оның келтірген деректеріне сай, Ауғанстан үкіметі 400-ге жуық «Талибан» мүшесін босатуға әзір. Биліктің пікірінше, олардан келетін қауіп аз. Сонымен қатар жасы 50-ден асқан, денсаулығы сыр берген 100 мүшесін де бостандыққа шығармақ. Бірақ «Талибан» бұл ұсынысты қабылдамай отыр.
Осы орайда айта кеткен жөн. Қазақстан Ауғанстандағы ахуалды жақсартып, өңірде тұрақтылық пен бейбітшілік орнатуға мүдделі. Екі ел арасындағы ынтымақтастық жолға қойылған. Қазақстан ауған студенттерінің білім алуына көмектесіп келеді.
Сондай-ақ 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше болып сайланған кезде де Қазақстан тарапы Ауғанстан мәселесін естен шығарған жоқ. Мәселен, Ауғанстан/Талибан комитетіне, ИЛИМ/Әл-Каида комитетіне және Сомали/Эритрея Санкциялық комитетіне төрағалық ету тапсырылып, еліміз аталған міндетті абыроймен атқарып шықты.
Қазақстан тарапы Орталық Азия және Ауғанстанды бейбітшілік, ынтымақтастық және қауіпсіздіктің үлгісіне айналдыруды көздейді әрі осы мақсатта жұмыс істеп келеді.