Әлемді шарпыған індет іргемізге із салғалы төтенше жағдай енгізіліп, бірнеше қалада карантин жарияланып, жан-жақты сақтық шаралары жалғасуда. Қамсыз жүріп, қайғыға батқан мемлекеттердің қадамын қайталамау үшін Үкімет тарапынан үздіксіз ескертулер айтылып жатқаны жасырын емес. Ауырғандардың саны жеті жүзден асса да алаңсыз жүргендер әлі де бар.
Қытайда жаңа типті коронавирусты жұқтырған науқастардың алғашқы легі анықтала бастағанда Ухань қаласында бір аптаның ішінде емдеу мекемесі салынады деген ақпаратты барлығымыз оқып бас шайқаған едік. Әрине әлеуеті әлемді мойындатқан Қытай үшін бұл жаңалық емес. Індеттің ізін кесіп, ауырғандардың ахуалын ойлап, денесіндегі дертті дер кезінде құрықтау үшін енді еліміздің үш қаласында да жедел түрде медициналық мекеме салынбақ. Міне, сәрсенбінің сәтінде бір топ елордалық тілшілер аурухана құрылысымен танысып қайтты.
Таңмен таласа жеткенде құрылыс алаңында жұмыс қауырт екенін бірден байқадық. Басшысы да, басқасы да бәрі осында. Ауа райының салқындығына қарамай, жұмысқа қызу кіріскен құрылысшылар ауқымды аурухананың тезірек біткенін тілеп, сырқаттанғандардың сынағы жеңілдесе дейді. Үкімет медициналық мекемелерді қысқа мерзімде салып, іске қосуды BI Group холдингіне тапсырған екен. Қазақстанның жылжымайтын мүлік нарығында жиырма жылдан астам тәжірибесі бар көшбасшы компания үміт үдесінен шығатынына сенім бар. Аталған холдингтің директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рақымбаев елордадағы емдеу мекемесінің құрылысын 12 күнде бітіруді жоспарлағандарын жеткізді.
«Біз 5 сәуірде 200 төсек-орындық аурухананың құрылысын бастадық, іргетасына 2 мың текше метр бетон құйдық. Кеше желілік байланыс, темірбетон блоктарын монтаждау және басқа да жұмыстар басталды. Біздің көптеген бөлімшеміз бен мердігерлерден құралған 500 адамнан тұратын команда үш ауысымда, яғни тәулік бойы жұмыс істеуде. Аурухана уақытша емес, темірбетон бұйымдарынан орнатылып, солтүстіктің климаты үшін шыдамды, кем дегенде 50 жыл бойы үздіксіз жұмыс істейді деп айта аламыз. Аталған құрылысты 12 күнде бітіруді жоспарлап отырмыз. Дәрігерлер мен аурухана қызметкерлерінен қалыспай, біз де күні-түні жұмыстамыз. Алда сынақ көп болғанымен, алған бетімізден қайтпаймыз», дейді А.Рақымбаев.
Сонымен қатар компания өкілдері бұл құрылыс жобасынан холдинг бір тиын пайда көрмейтінін айтты.
Бұл маңызды жоба туралы шешімді Президент жанындағы Төтенше жағдай режімін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия қабылдаған. Жаңа нысандар дәрігерлердің резервтік мүмкіндіктерін кеңейтіп, науқастарға уақтылы көмек көрсетуге кепілдік береді. Басқа елдердегі жедел салынатын ауруханаларға қарағанда, еліміздегі үш мекеме ұзақ жұмыс мерзіміне жоспарланған. Аталған ауруханалар індеттен кейін қарапайым медициналық мекеме ретінде жұмысын жалғастырады. Елордадағы инфекциялық аурухана 200 орынды (реанимациядағы 20 орынды қосқанда) қамтиды деп жоспарланып отыр. Алматыдағы нысан 280 орынға есептелсе, Шымкенттегі аурухана 200 науқасты қабылдай алатын болады. Емдеу мекемесінің сыйымдылығы қажет болған жағдайда екі еселенуі мүмкін. Ауруханаларда карантин, қарқынды терапия, реанимация аймақтары қарастырылған. Олар биохимиялық зертханалармен, рентген кабинеттерімен және компьютерлік томографиямен жабдықталады. Оған қоса, аурухана палаталарындағы қалыпты қысымды қамтамасыз ететін арнайы желдету жүйесінің орнатылуы өте маңызды. Бұл медицина қызметкерлеріне төндіретін қауіпті сейілтуге мүмкіндік береді.
Елордадағы нысанның жер жұмыстары алдын ала жүргізіліп, құрылыс 5 сәуірде басталғанын айттық. Қазіргі уақытта инженерлік желілерді монтаждау жұмыстары аяқталып, неміс технологиясы бойынша MODEX зауытында жасалған модульдік темірбетон блоктар орнатылуда. Еліміздің басқа қалаларында да дайындық қызу жүргізілуде. Алматы қаласында құрылыс бүгін басталады. Ал Шымкентте жоба параметрлерін түзету жұмыстары жасалуда. Компания қызметкерлерінің сөзіне сүйенсек, әкімдіктер мен мемлекеттік органдар құрылысқа арналған құжаттаманы дайындап, өз кезегінде жоба үшін қажетті қолдауды көрсетуде. Сонымен қатар карантин жағдайында құрылысшыларды, техниканы және қажетті жүктерді жеткізу мен олардың еш кедергісіз жұмыс істеуі үшін толық медициналық бақылау жүргізіліп, «жасыл дәліздермен» қамтамасыз етілген.