Сапар Қытайдың халықаралық мәселелер институтынан басталып, ҚХР ғылыми қоғамдастығының өкілдерімен кездесу болды. Қ.Тоқаев «Құбылмалы әлем: Қазақстанның көзқарасы» деген тақырыпта сөз сөйледі. Қ.Тоқаевтың жетекші қытай ғалымдары мен саясаттанушылары алдында қазақ және қытай тілдерінде сөйлеген сөзі зор ықылас туғызды әрі қазіргі замандағы халықаралық ахуалға терең талдау ретінде қабылданды.
Ең алдымен, Қытайдың халықаралық мәселелер институтын 60 жылдық мерейтойымен құттықтауға рұқсат етіңіздер. 2011 жылғы Қытай сапарынан соң арада бес жыл өткеннен кейін сіздермен қайта жүздесу мен үшін үлкен мәртебе, деп бастады өзінің сөзін Қ.Тоқаев. Бүгін мен біздің мемлекетіміз үшін тарихи дата – Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында сіздермен әлемдік дамудың негізгі үрдістері туралы пікіріммен бөліссем деймін. Бұл орайда, алғашқы жылдары егемен ел ретінде қалыптасу мүмкіндіктеріне көптеген саясаткерлер күмәнмен қараған тәуелсіз Қазақстанның елеулі жетістіктеріне, сондай-ақ әлемдік ахуалдың өткен кезеңдердегі даму эволюциясына тоқталу аса маңызды.
Ширек ғасыр ішінде әлем айтарлықтай өзгерді. Мемлекеттер мен халықтар да елеулі өзгерістерге ұшырау үстінде, деп жалғады сөзін Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы. 1990, 2000-жылдардың басындағы бірполярлы Pax Americana кезеңінің орнына келген мүлдем жаңа, көпполярлы әлемнің белгілері орныға түсуде. Әлемдік трансформацияның бұл кезеңінде алуан түрлі геосаяси және геоэкономикалық өзгерістермен қатар, жаһандық дамудың тұрақтылығын әлсірететін жаңа құбылыстар орын алды.
25 жыл бұрын «қырғи-қабақ соғыс» аяқталысымен халықаралық қатынаста «мамыражай дәуір» туады деген қиял пайда болды. Алайда, ол үміт ақталмады.
Тіпті, биполярлы бақталастықтан асып түспесе, кем түспейтін қатаң тайталас пайда болды. Бірақ, бұрын ол тайталас екі түрлі саяси жүйе мен идеологиялық блоктардың текетіресінен болса, қазірде бұл жетекші мемлекеттердің ұлттық-стратегиялық мүдделерінің алауыздығынан орын алуда. Оның үстіне, өз мүдделерін қарулы күшпен қорғау жағдайлары өршіп тұрған уақытта әскери қақтығыстардың орын алу қаупі зор.
Бүгінде көріп отырғанымыздай, қақтығыстардың көбеюі мен олардың ауқымының күрт өсуі экономиканың күйреуіне, халықтың өмір сүру деңгейінің нашарлауына және жаппай көші-қон сияқты тамыры терең қатерлерге душар етуде. Біріккен Ұлттар Ұйымының зерттеулері бойынша, Таяу Шығыс елдерінің 2011-2015 жылдар ішінде «араб көктемінен» шеккен зардабы 614 миллиард долларға жеткен. Әлемдегі босқындардың саны 65 миллион адамнан асады.
Заңсыз көші-қон тасқыны әлемдік саясаттағы ахуалға елеулі ықпал ететін жаңа факторға айналды. Еуропаның Таяу Шығыстан ағылған босқындар мәселесін шеше алмауы ұлтшылдықтың күшеюіне алып келді. Осының салдарынан Еуропалық одақ ішінде үлкен қарама-қайшылықтар пайда болып, Ұлыбританияның Одақ құрамынан шығуына тура келді.
Бұл ретте, әлемдік саяси және экономикалық жүйеде орын алған елеулі өзгерістер Еуропалық одақтың құрылуы мен соңғы ширек ғасыр ішінде қарқынды даму жолына түскен Қытайдың арқасында мүмкін болғанын мойындауымыз қажет. Еуразия құрлығының екі шетінде жаһандық әлемнің жаңа екі полюсі пайда болды, олардың өзара байланыстары құрлықаралық экономикалық дамудың басты қозғаушы күшіне айналып отыр. Бұл орайда, әлемнің екінші экономикасына айналған Қытай өте белсенді және жемісті рөл атқарып келеді.
Өзінің сөзінде Қ.Тоқаев атап көрсеткендей, осыдан 25 жыл бұрын БРИКС, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, АСЕАН сияқты аймақтық ұйымдардың әлемдік саясатта атқаратын ауқымды рөлі туралы ойлаудың өзі қиын болатын. Ал бүгінде аталған аймақтық құрылымдардың ұстанымдарымен санаспауға болмайды. Көпполярлылық қазіргі әлемнің маңызды шартына айналды. Шанхай ынтымақтастық ұйымының халықаралық қатынастардағы орнына келсек, әмбебап күн тәртібімен ерекшеленетін бұл ұйымның маңызы күн санап өсуде, алдағы уақытта Үндістан, Пәкістан, Иран және басқа да мемлекеттердің ұйым құрамына кіруі – соның дәлелі.
1992 жылы Президент Н.Назарбаевтың бастамасымен шақырылған Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) бүгінде біздің ұлан-ғайыр құрлығымыз үшін қауіпсіздік жөніндегі үнқатысудың ұтымды алаңы болып табылады. АӨСШК-ге Қытайдың төрағалық етуі және осы құрылымның 4-саммитінің Шанхайда табысты өткізілуі Кеңестің халықаралық аренадағы беделін айтарлықтай арттырды. Енді Кеңесті халықаралық ұйымға айналдыру жөнінде бірлесіп шешім қабылдау қажет. Бірақ, бұл өзара келісімді талап ететін ұзақ мерзімді жұмыс екенін біз жақсы түсінеміз.
25 жыл бұрын халықаралық терроризмнің қарқыны қазіргідей емес, тек бас көтеріп жатқан кез болатын. Ал бүгін бұл – жаһандық қауіпсіздікке төнген ең үлкен қатер болып табылады. Терроризмнің тамырына балта шабуға болатыны анық, ол үшін баршамыз күш-жігерімізді біріктіруіміз қажет, бірақ, өкінішке қарай, Сирияның ахуалынан көріп отырғанымыздай, оған әзірге қол жеткізу мүмкін болмай отыр. Адамзатқа төнген осы зұлымдыққа қарсы күллі мемлекеттердің күш-жігерін біріктіру мақсатында Қазақстан Президенті Н.Назарбаев Біріккен Ұлттар Ұйымы мінберінен Жаһандық антитеррористік желі құру туралы бастама көтерді.
Осыдан 25 жыл бұрын Сирия, Ливия, Йемен, тіпті, Ирак салыстырмалы түрде табысты мемлекеттер қатарында болатын. Қазір олар халықаралық шиеленіс ошақтарына айналып, әлемдік күн тәртібінің алдыңғы қатарына шықты. Осы ахуалда Ресейдің геосаяси рөлі арта түсті, ол өз әскерлерін Сирияға кіргізу арқылы Таяу Шығыстағы стратегиялық бастаманы өз қолына алды. Өзінің осы аймақтағы ықпалын Иран да күшейте түсті.
Қ.Тоқаев жиналғандар назарын Ресеймен текетіреске түскен Украинадағы 2014 жылы орын алған оқиғаларға сенудің өзі қиын болғаны шындық екеніне аударды. 1990-жылдардың басында белгілі ғалым С.Хантингтонның «Өркениеттер қақтығысы» зерттеуін сынға алу сән болған еді. Алайда, ақиқатын айту керек, бірқатар көрсеткіштер бойынша бұл теория шындыққа айналды. Дау-жанжалдар мен келіспеушіліктер негізгі діндер арасында ғана емес, бір конфессия ішінде: шииттер мен сүнниттер, православиеліктер мен католиктер арасында орын алуда. Бұл жағдайда Қазақстан Президентінің 2003 жылы ұсынған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін шақыру туралы бастамасының аса өзекті екені сөзсіз. Барлық дін лидерлері жаһанға төнген сын-қатерлерді түбегейлі жою үшін белгілі саясаткерлермен, мемлекет басшыларымен, үкімет басшыларымен және халықаралық ұйым басшыларымен бірге бір үстелдің басына жиналып, пікір алмасу мүмкіндігіне ие болды.
2015 жылы маусым айында өткен V Съезд форумды жетекші діни және саяси лидерлер диалогының деңгейіне көтерді. Съезд жұмысына тұңғыш рет Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мун, Иордания королі Абдалла ІІ, Финляндия Президенті Саули Ниинистё және басқа да беделді саясаткерлер қатысты. Форумға қатысушылар V Съездің қорытынды құжатында «тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жанжалдардың алдын алу және оларды реттеу» мақсатында діни лидерлердің саяси қайраткерлермен, халықаралық ұйымдармен және азаматтық қоғаммен диалогына қолдау көрсету жөнінде міндеттеме қабылдады. Құжатта «экстремизм мен терроризмге қарсы күрес діндерге және сол дінді ұстанушыларға қарсы соғысқа ұласып кетпеуі қажет» деген салмақты ескерту бар. Осылайша, съезд қазіргі әлемнің сын-қатерлеріне бірлесе төтеп берудің жолдарын іздестіретін лайықты үнқатысу алаңына айналды.
Қазақстан Парламенті Сенаты Төрағасының пікірінше, ядролық қарусыздану және оны таратпау мәселесінің маңызы да айрықша. Қазақстан Президенті ядролық қатерді азайту мәселесін жүйелі түрде ілгерілетуде. Парасатты және сындарлы саясаткер ретінде Қазақстан Президенті қазіргі заманда толық ядролық қарусыздануға қол жеткізудің қиын екенін жақсы түсінеді, бірақ жаппай қырып-жоятын қаруды, ең алдымен, ядролық қаруды таратуға жол бермеу үшін аянбастан бар күш-жігерімізді жұмсау қажет екеніне ерекше назар аударады. Мұндай қару ДАИШ, «Боко Харам», «Шығыс Түркістан», «Аш-Шабаб», «Әл-Қаида» немесе «Талибан» қозғалысы сияқты халықаралық терроршылардың қолына түссе, не болатынын көз алдымызға елестетудің өзі қиын. Онда әлемдік жойқын апат болатыны сөзсіз. Біз Солтүстік Кореяның саясатына алаңдаушылық білдіреміз. Олардың тоқтамайтын ядролық қару-жарақ сынақтары халықаралық қауіпсіздікке үлкен қауіп төндіреді.
Қасым-Жомарт Кемелұлы келесі кезекте әңгіме ауанын Орталық Азия өңіріне қарай бұрды. Құрлық ішіндегі стратегиялық орны ерекше Орталық Азияның қазіргі халықаралық қатынастардағы рөлі күшеюде, деді осы орайда Қ.Тоқаев. Аймақтағы ахуалдың тұрақты болуы айналадағы бірқатар мемлекеттердің, тіпті ядролық қаруға ие төрт мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Сондықтан әлемдік алпауыт мемлекеттер Орталық Азияға айрықша назар аударуы тиіс, әсіресе бұл Ауғанстан түйткілін шешу шеңберінде аса өзекті. 90-жылдардың басында «Талибан» қозғалысының қауіп-қатерін, тіпті, дүние жүзінің басты астаналары жете бағалаған жоқ. Соның салдарынан Ауғанстан бүкіл әлемге қауіп төндіретін тұрақсыздық көзі болып отыр. Мемлекеттіліктің ойран болуы, терроризм, есірткі өндірісі мен тоқтаусыз соғыстан қашқан босқындар мәселесі күрмеуі қиын түйінге айналып қана қоймай, шиеленісе түскен. Таза судың тапшылығы, есірткі тасымалы, адам саудасы, шекарааралық өзендер мәселелерін шешу Орталық Азиядағы барлық мемлекеттердің бірлескен күш-жігерін талап етеді.
Ширек ғасыр ішінде бүкіл әлем, оның ішінде Қазақстан да бар, үш қаржы дағдарысын бастан өткерді. Мұндай толқулар енді тұрақты түрде болып тұратыны анық. Бұл келешекте әлемдік экономиканың тұрақтылығын айтарлықтай шайқалтуы мүмкін. Сондықтан, экономикада қордаланған түйткілдерді саясатты араластырмай, мүлдем жаңа инновациялық жолдармен шешу қажет болады.
АҚШ-тағы президенттік сайлау биылғы күздің басты саяси оқиғасына айналды, дей келіп, Қ.Тоқаев Д.Трамптың жеңісі ұлтшылдықтың мемлекеттің ішкі саясатында басымдыққа ие болған жаңа құбылыс ретінде халықаралық қатынастар алаңына шығып отырғанын көрсететінін көлденең тартты. Басқаша айтқанда, АҚШ-та болып жатқан оқиғалар әлемдік саясатқа және бірқатар елдердің ішкі ахуалына зор ықпал ететіні сөзсіз екеніне екпін түсірді.
Ғылыми-техникалық дамудың нәтижелері ширек ғасыр ішінде адамзаттың өміріне түбегейлі өзгерістер енгізді. Бұл тұрмыстық өмірге ғана емес, қауіпсіздік саласына да қатысты. Жоғары технологиялардың дамуы мен оларды заңсыз пайдалануға байланысты орын алып отырған киберқауіп қазіргі құбылмалы заманда біздің зор алаңдаушылығымызды тудырып отырғаны шындық. Өткен ғасырдың соңында байланыс құралдары мен әлеуметтік желілердің қаншалықты кең тарайтынын елестетудің өзі қиын болатын. «Араб көктемінен» кейін «интернет-төңкеріс (революция)» ұғымы пайда болды. Саяси қолданысқа «кибертыңшылық» және «киберлаңкестік» деген жаңа сөздер қосылды.
Бүгінде біз ғылыми-техникалық дамудың сапалық жағынан жаңа дәуірінің алдында тұрмыз. Алдағы онжылдықтардың ішінде әлем түбегейлі өзгереді. Ең алдыңғы шепке дамыған мемлекеттердің санаулы бөлігі ғана шығады, олар технологиялық тұрғыдан мықты қозғаушы күш болатыны анық. Олардың ізімен ғылыми-техникалық жетістіктерді көшіріп, меңгеруге қабілетті орта деңгейде дамыған елдер жүрмек. Бірақ, мемлекеттердің басым бөлігі даму даңғылынан тыс қалып, әлемдік қауіпсіздікке елеулі қатер төндіруі мүмкін. Ғылыми-техникалық ілгерілеу жұмыссыздықтың өсуіне алып келеді: жұмыссыздық деңгейі қазіргі 200 миллионнан 1 миллиардқа дейін өседі, бұл да әлемнің табысты және қауіпсіз дамуы жолында үлкен қиындықтар тудыратыны даусыз, деді Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы.
Қ.Тоқаев Қазақстан Оңтүстік Қытай теңізінде болып жатқан оқиғаларға үлкен алаңдаушылық білдіретінін де айтты. Біз жерге қатысты барлық даулар бейбіт жолмен, серіктестік пен сындарлы келіссөздер арқылы шешілуі тиіс деп принципті түрде есептейміз. Жерге қатысты даулар кез келген мемлекет үшін аса маңызды шетін мәселе екені белгілі, сондықтан осындай дауларды реттеу кезінде халықаралық ұйымдар тиісті және әділ шешім қабылдап, барлық мүдделі тараптардың пікірін ескеруі қажет. Бұл – Гаага аралық сотының үкіміне де қатысты жағдай. Аймақтан тыс тұрған мемлекеттер осындай жағдайларға араласуына хақысы жоқ деп сенеміз.
Біз халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде Біріккен Ұлттар Ұйымы анағұрлым белсенді рөл атқаратынына зор үміт артамыз. Әмбебап және баламасы жоқ ұйым ретінде Біріккен Ұлттар Ұйымы адамзатқа төнген қауіп-қатерлерді әртараптандыруға ерекше назар аударуы қажет. Біріккен Ұлттар Ұйымында жасалатын реформалар оның тиімділігі мен беделін көтеруі тиіс. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымын қолдайды және оның қызметіне жан-жақты жәрдем көрсетуге дайын.
Қазақстан алдағы екі жылда Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болады, бұл бізге «Ұлттар шаңырағының» негізгі органында өз күн тәртібімізді ұсынуға мүмкіндік береді. Қазақстан негізгі көкейтесті мәселелер, оның ішінде Сирия мен Украина және өзге де түйіндер бойынша дауыс беретін болады. Серіктестеріміздің қолдауымен барша адамзатқа ортақ игілік пен гүлдену жолында әлемді өзара терең түсіністік пен ынтымақтастыққа жақындату мүмкін болады деп сенеміз.
Қытай Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшесі болып табылады. Қытайдың Біріккен Ұлттар Ұйымындағы рөлі айтарлықтай күшейді. Сіздердің елдеріңіз дүние жүзінің ең «қауіпті ошақтарына» өз бітімгерлерін жіберіп, Біріккен Ұлттар Ұйымының қызметіне елеулі қаржылай қолдау көрсетіп келеді. Қытай әлем мойындаған экономикалық алып держава ғана емес, қазіргі заманның ең өзекті түйіндері бойынша салмақты шешім ұсынатын негізгі мемлекеттердің бірі болып табылады. Сондықтан, Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінде біз Қытаймен өзара белсенді іс-қимыл жасаймыз деп сенеміз, деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Қ.Тоқаев бір айдан соң (3 қаңтарда) Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық байланыстардың 25 жылдығы атап өтілетінін айтты. Біздің халықтарымыздың арасындағы қарым-қатынастардың жаңа парағы дәл сол кезеңде ашылды. Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықтың табысты дамуына біздің мемлекеттеріміздің діни экстремизм, сепаратизм және терроризмге қатысты ортақ көзқарастары зор ықпал етті. Қытаймен достық қатынастар орнатқан кезеңнен бастап, бүгінгі күнге дейін Қазақстан «бір Қытай» позициясын берік ұстанып келеді.
Әрине, өзара табысты іс-қимылдардың дамуы, ең алдымен, Мемлекет басшыларының арасындағы сенімді үнқатысудың арқасы екені сөзсіз. 2002 жылы 23 желтоқсанда Бейжіңде Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен сол кездегі Қытай Төрағасы Цзян Цзэминь қол қойған Ізгі көршілестік, достық және ынтымақтастық туралы шарттың маңызы ерекше. 2005 жылы 4 шілдеде Астанада Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Қытайдың сол кездегі Төрағасы Ху Цзиньтао Стратегиялық әріптестік орнату және оны дамыту жөніндегі бірлескен декларацияға қол қойған еді.
Қазақстан басшысы мен Қытай Төрағасы Си Цзиньпин арасында өзара жылы шырайлы қарым-қатынастар орнады. Бүгінгі таңда екі ел көшбасшыларының қамқорлығымен біздің елдеріміз жаңа ауқымды жобаларды жүзеге асыруда. Бұл жобалар Қазақстан-Қытай екіжақты қарым-қатынастарының аясынан шығып, құрлықаралық байланыстардың салмақты факторына айналды.
2013 жылы Астанаға сапары кезінде Си Цзиньпиннің бастамасымен ұсынылған Жібек жолы экономикалық белдеуі жобасының Еуразия кеңістігіндегі сауда-экономикалық қатынастар үшін маңызы зор. Қазақстан осы алып жобаны ұлттық стратегиялармен және Еуразиялық экономикалық одақтың ынтымақтастық бағдарламаларымен байланыстыра отырып, өз аумағында жүйелі түрде жүзеге асыруды көздейді, деді Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы.
Қ.Тоқаев, сондай-ақ өткен жылдан бері біздің елімізде «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму бағдарламасы жүзеге асырылып жатқанын, осы бағдарламаның шеңберінде 2020 жылға дейін Қазақстанда сәулелік принцип бойынша Астананы еліміздің басқа аймақтарымен байланыстыратын заманауи көліктік-логистикалық инфрақұрылым жасалатынын айтты. Батыс Еуропа – Батыс Қытай автокөлік дәлізінің қазақстандық бөлігі аяқталып келе жатқанын жеткізді.
Біздің стратегиялық басымдық беретін бағытымыз – Қазақстанды индустриялық-инновациялық жағынан дамыту болып табылады, ол «Бір белдеу, бір жол» мақсаттарымен үндес. Біз үшін заманауи ғылыми-өнеркәсіптік технологиялар саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі – Қытаймен ынтамақтастық аса маңызды. Алдағы бес жылдың ішінде 26 миллиард доллардан астам соманы құрайтын 51 бірлескен жобаны іске асыру туралы келісім біздің елдеріміздің арасындағы өзара мүдделестіктің жарқын үлгісі болып табылады, деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Қ.Тоқаев сөзінің соңында Қазақстан-Қытай серіктестігін нығайтуда ғылыми және мәдени байланыстардың орны ерекше екенін атап көрсетті. Екі ел халықтарының өзара қызығушылықтарының өсіп келе жатқанын ескере отырып, жастар арасында достық байланыстар орнатуды назардан тыс қалдырмау қажет. Студенттер және аспиранттармен алмасу үдерісінің кеңеюі қуантады. Қытайда он бір мыңға жуық қазақстандық студент білім алуда, әрі олардың саны жыл сайын өсіп келеді. Бұл залда студенттеріміз отыр. Олар біздің елдеріміздің арасындағы ынтымақтастыққа қызмет етеді деп сенемін.
Тұтастай алғанда, Қытай Қазақстан үшін маңызды серіктес болып табылады. Біз сіздердің елдеріңізбен арадағы ынтымақтастықты жоғары бағалаймыз және стратегиялық серіктестікті нығайту үшін бар күш-жігерімізді саламыз.
Біздің елдеріміздің «негізгі орталықтары» арасындағы өзара іс-қимылдарды нығайтып, бірлескен конференциялар өткізу тәжірибесін дамыта беру қажет. Екі елдің арасындағы ізгі көршілестік қатынастарды одан әрі жетілдіруге арналған сіздердің ой-пікірлеріңіз бен ұсынымдарыңыз мемлекеттеріміздің тиісті ведомстволарының практикалық жұмысы үшін өте тиімді болады деп сенемін, деді Сенат Төрағасы сөзінің қорытындысында.
Қазақстан сенаторлары сапарының бағдарламасында Қытай Коммунистік партиясының, Халық өкілдері Бүкілқытай жиналысының басшыларымен келіссөздер жүргізу, ірі сауда-экономикалық және қаржы орталығы – Шэньчжэнге бару жоспары бар.
Қазақстан делегациясының құрамына сенаторлар Ақан Бижанов, Серік Жақсыбеков, Қайрат Ищанов, Ерболат Мұқаев, Төлеубек Мұқашев және Владимир Редкокашин еніп отыр.