Гетенің хатшысы Иоганн Петер Эккерман ұзақ жылдар бойы ақынмен екеуара әңгімелерін қағазға түсіріп, қаттап жүреді. Хатқа түскен халыққа жетпей тұрсын ба, сыпайы ғана сыр-сұхбат кейін өз жанрында шедеврге айналды. Осы әңгімелердің бірінде (1827 жылы) Гете мынадай ой айтқан екен: «Біз дәл осы кезеңде әлемдік әдебиет дәуіріне еніп барамыз. Бұдан былайғы уақытта әрбіріміз осы дәуірдің тезірек тууына септесуіміз керек». Батыс пен шығыс екі бөлек емес, біртұтас рухани кеңістік екенін ақынның шығыс шайырларына іңкәрлігі, шығыс тылсымына ынтықтығы сездірсе керек. Иә, содан бері мәдени айналымға «әлем әдебиеті» деген ұғым енді. Ұлттық әдебиеттер ұранқайдай қыр басында қалқайып қалмай, ауылдасты, қауымдасты. Әрқайсы өзінің ұлттық дүниетанымындағы ерекшеліктерімен, мазмұндық, формалық жаңалықтарымен жаһан алаңқайына шығып, бүкіләлемдік кітапхана сөресіне таласа бастады.
Өткен ғасырларда жер шарының жағрафиялық картасы онжылдықтар сайын жаңарып, жаңа құрлықтар мен аралдар бөзге жаққан бояудай бедерленіп, беймәлім аймақтар белгілі болып отырды. Бұған қарап жер бетінде зерттелмеген зәредей нүкте қалмады екен деуге болмас, кісі табаны тимеген жерлер кісікиіктің көлеңкесіндей көлбеп жатыр. Жаһанның жағрафиялық картасы секілді, әдебиеттің де өз картасы бар. Бұл картада ашылмаған аралдар ай бетіндегі айбақтай аңдамаған адамға біркелкі сурет болып көрінеді. Әрбір әдебиет, мейлі ол ұлттық немесе құрлықтық болсын, өз Колумбын күтеді. Бірақ, ол Колумб ашқан құрлығын басқа құрлықпен шатастырып алмаса болғаны.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасымен қазақ әдебиетінің 64 автордан тұратын қос томдығы 60 мың тиражбен БҰҰ-ның негізгі алты тіліне аударылды. Бұл шын мәнінде орасан зор мәдени оқиға болды. Шетелдік басылымдар мұны әлем әдебиетіндегі жаңа тыныс, жаңаша бір кезеңнің басталуы ретінде бағалады. Француз өнертанушысы әрі әдебиет зерттеушісі Аннабель Хаутекрер «Қазақстан романшылары бізге ұланбайтақ даланың арғы жағында әлдене бар екенін аңғартты. Олар өз «терра инкогнитасынан» шықты. Шеті мен шегі жоқ бұл даланы жайлаған ел бар екен. Қазақтар өздерінің аласапыранға толы тарихын арқалап келеді» деді. Бізді де ойлантқан дәл осы сөз еді. Біз неге әлем әдебиетінің картасында «беймәлім аймақ» болып келдік?
Совет одағының социалистік реализм әдісі шырағданының жарығы Лениннің кітап оқуына мүмкіндік бергенімен оның жарығы өз түбіне түсе алмағаны жасырын емес. Жабық қоғамдағы жарық, тіпті Ильич шамының өзі де алып империядағы аз ұлттардың әдебиеті үшін әдебиет мұхитында маяк бола алмады. Соцреализмнің соқпағын салған Максим Горкийдің «біртұтас бүкіләлемдік әдебиет деген болмайды, себебі бәріне ортақ болатын тіл жоқ» дегенін, «түрі – ұлттық, мазмұны – социалистік» дегенімізді бұған қосымша тіркеңіз. Әрине, әңгіме эсперанто жайлы емес. Олдувай үңгірінен шыққысы келгендер орысша жаза бастады. Осы тұста қазақ әдебиеті классиктерінің алды ондаған тілге де аударылды. Бірақ, тағы да «терра инкогнито»... Альфред Нобель сыйлығының медалін суреттен ғана көріп келеміз. Соның біздің классиктеріміздің музей-үйінде немесе тірісінің кітапханасында тұратын уақыты баяғыда-ақ болған жоқ па?
«Әдебиет ісі – жалпыға ортақ пролетарлық шаруадан тысқары, ешкімнің жеке мәселесі бола алмайды», «Долой литераторов беспартийных! Долой литераторов сверх-человеков!». Лениннің айқайы саңқылдап құлаққа жететіндей. Ойыңды он сақ етіп, бойыңды түршіктіреді. «Әдебиет әдебиет үшін деген таңба айқын болмай, нәрлі әдебиет болуға жол жоқ. Сондықтан бүгінгі күннің бар жазушысының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз – Мағжанның сөзі. Одан басқалардың бәріміздікі күмәнді, өте сенімсіз деп білемін». Ал бұл – ұлы Әуезовтің жанайқайы. Осы жанайқай біздің әдебиеттің ішіне түсіп кеткендей, ішке түсіп құса қылғандай. Осы екі айқайдың қайсысы күштірек еді? Қайсысының жаңғырығы бүгінге жетсе, сол күшті емес пе?!. «Демала да алмайтын, тұншыға да» (Жүмекен Нәжімеденов) кезең келмеске кетті десек те, көп уақытымызды, көп мүмкіндігімізді де ала кеткендей.
Қалай болса да, өткен ғасыр қазақ әдебиеті үшін жемісті ғасыр болды. Өткен ғасырдың оныншы жылына дейін қазақ әдебиетінің сөресінде шартты түрде ауыз әдебиеті, ортағасыр ғұламалары мен шайырларының, жыраулардың хатқа түсірілген қолжазбасы және Абайдың кітабы ғана тұрса, бір ғасырдан кейін біртұтас кітапхана толды.
Ал жиырма бірінші ғасырдың алғашқы ширегінде әлемге ұсынылған қос антологияның бірі – Қадыр Мырза Әліден, енді бірі – Шерхан Мұртазадан басталды. Әдеби буын санаты бойынша, алпысыншы жылғылар мен екімыңыншы жылғы буын арасын қамтып тұр. Әдебиеттің алпыс жылы. Алпыс жыл аз уақыт емес, көп те емес. Аз болмайтыны – осы жыл ішінде қазақ романдары мен поэмаларының алаштан кейінгі қалың қоры жасалса, көп болмайтыны – біз сөз басында айтқан Гете «Фаусты» алпыс жыл жазған.
Испан тіліндегі антологияның алғысөзінде Луис Альберто Декуенка «Ұлы Жібек жолынан бізге жаңғырып дауыстар жетеді. Сол дауысқа бір сәт құлақ түрсек, даланың дауысы бізді аспан түсті байрақ пен қырандар, алтын күннің еліне алып кетеді» десе, оның испандық әріптестері «Бұл өлеңдер бізді қазақ халқының тайғақ кешулі тарихымен таныстырады, олар бізді адамзаттың мәңгілік сұрақтары жайлы ойлануға шақырады әрі соған «қазақтың көзімен» қаратады: даналықпен, армен, мейіріммен. Қазақ өлеңдерінің антологиясы – Қазақстанның мәдениетіне ашылған терезе» депті. Қай заманда да халықтың табиғаты мен болмысы, жаны мен ары әдебиетте тұрған. Әдебиет – кез келген ұлт жанының төлқұжаты. Қазақтың көзі, танымы, қазақы көзқарас, далалық менталитет, ұлттық код – осының бәрі әдебиетте. Осы ретте испандық Мария Санчес Пуигтің «қазақ зиялыларының алдында үлкен міндет тұр, ол – әлемге қазақ прозасының заманауи бейнесін көрсету» дей келе қазақ прозасының тұтас тарихына шолу жасап, оның әрбір кезеңіне тоқталуынан қызығушылығы мен ілтипатын ғана емес, кәсіби жауапкершілігін аңғаруға болады.
Жалпы, антологиялардың аудармашылылары мен редакторларының бұл іске ерекше ыждағаттылықпен келгенін байқау қиын емес. Солай бола тұра, әлі де олар үшін қазақ жанының ашылмаған аралдай мұнартып тұрғаны сезіледі. Ағылшын тіліндегі поэзия антологиясының алғысөзінде «патриархалды отбасылық құндылықтардың арғы жағынан шығатын әйел даусының күштілігіне» таңғалуы профессор Джейсон Хардингтің қазақ қоғамы жайлы көзқарасының сәл кешіккенін түсінесіз.
Сонымен, алты тілге аударылған антологияларға қатысты пікірлердің арасынан ашылмаған аралдан бөлек, қазақы көзқарас және қазақ дауысы деген екі түсініктің қалыптаса бастауын, осы екі ұғымға ерекше мән беріліп, мағына жүктелуін, және осы екі философиялық ұғымның әлем әдебиетінің контексінде жаңалық пен өзгешеліктің лепесі ретінде бағалануын сезіну, түйсіну – жобаның өз үдесінен шыққандығы деп ойлаймын.
Қазақ «терра инкогнитасы» - әлемнің мәдени-рухани, әдеби әрі пәлсапалық картасындағы жаңа кеңістік, өзгеше ойлау мен сезіну формасы, жаңа есімдер мен ұғымдар, тақырыптар мен идеялар. Ұлттық әдебиет өз экзотикасымен тартымды.