Күшейтілген карантин. Терезе сыртынан көктем қыздың сыңғырлаған күлкісі естіледі. Бірде құстардың құйқылжыта салған көркем әніне ұласып, бірде желең киініп, шапанын желбегей жамыла салған жел-жігіттің желдірте салған әніне араласып жетеді. Күн көңілденіп тұр. Жиырма градус нөлден жоғары. Есіл өзені еркелей ағып жатқан шығар...
Кәрі құрлықта Рубикон деген өзен бар, б.з.б. 49 жылы Цезарь кешіп өткен. Қайта жол басына келмеске, кері айналмасқа, кезеңді қайта өткермеске бекінген жанның тәуекелі - «Рубиконды кешіп өту».
Біз де өз Рубиконымызды кешіп өтіп келеміз. Вирус бармаған бірлі-жарым ел, бірнеше арал ғана қалды. Елімізде қалаларды қоя тұрғанда, тұтас ауылдар карантин «тұтқынына» айналды. Күшейтілген карантин режімі келесі кезеңіне ұзартылды.
Әлемнің өз Рубиконын кешіп өтіп бара жатқаны ойыма философ Владимир Соловьевтің «өзенін» салды.
Мына нұрлы дүниеде арманы – бала қуған батпырауықтай шалғайға кеткен, мұраты мен мақсаты – қарашада жолыққан қыз жүрегіндей құпияға айналған жігіт болыпты. Шаршаған, шалдыққан, азап кешкен, адасқан, жолсоқты болған сол жігіттің алдынан бір күні өткел бермес өзен шығады. Түркен өзенді кешіп өтерге талап та, тәуекел де жоқ, мұздай суы миды құрсардай, сүйекті сыздатардай, ағыны – алмағайып заманның алдамшы үміті секілді алып қашардай. Өз қайғысының құшағында өзен бойлап келе жатқан сол жігіт бір кезде өзеннен өте алмай құсаланып тұрған кейуананы көреді. Кейуана көзінің жасы өңірін тоздырып, арғы бетте қалған презентіне жете алмай тұрғанын айтады. Өз өмірінде өзгеге көрсетер өрнек жоқ, бекерге өткен, зая кеткен көп күннің өтеуі неде, бәлкім, осы кейуананы өзеннен өткерсе, дүрия дүниедегі дұрыс шешімі сол болар ма?!.
Осы оймен әлгі жігіт кейуананы арқалап, өзенге қойып кетеді. Өзен қайтсін, өз дегенін қылады ғой. Жойқын ағыс жұлқа тартады, судың суығы сүйегінен өтеді, кейуананың зілдей салмағы мойнын кесіп барады. Соның бәріне төзген жігіт кең өзенді кешіп келеді, кесіп келеді, бір сәтте арқасындағы жүктің жеңілдей бастағанын, ағыстың саябырсығанын, суықтың қайтқанын сезінеді. Өзеннің арғы бетіне өтіп, кейуананы түсіргенде, оның күн астындағы Күнікейдей көз қанып болмас көркем сұлуға айналып кеткенін көреді.
Біздің Рубикон – осы өзен секілді, арқамызға батқан осы кезеңді арқалап өтсек, қазіргі үрей мен қорқынышқа, астамшылық пен әлімжеттілікке, бей-берекет барақатсыздыққа толы әлеміміздің жаңа сипаттағы жарқын дүниеге, өзгеше мәнді өзгеріске ұшыраған заманға, адамзат прогресінің жаңа дәуіріне айналғанын көреміз.
Бетперде киген көктем. Көктемнің жан еліткен жұпар иісі келер көркем күндердің жазған хаты секілді. Баланың қолымен жазылған.