• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 14 Сәуір, 2020

ОПЕК+ келісімі нарыққа қалай әсер етеді?

355 рет
көрсетілді

ОПЕК+ елдері мәмілеге келіп, мұнай көлемін ре­корд­тық деңгейде азай­­туға келісті. Соның нәти­жесінде «қара алтынның» құны көтеріл­ді. Осылай­ша Сауд Арабия­сы мен Ресей арасын­дағы мұнай дағ­да­рысына нүкте қойылды.

Төрт күнге созылған келіс­сөз­дердің нәтижесінде ОПЕК пен оның әріптестері күнделікті өндіретін «қара алтын» мөлшерін 9,7 млн баррельге азайтпақ. Бұл биылғы мамырдан басталып, маусымға дейін жалғасады. Одан кейін ұйымға мүше мемлекеттер мен серіктестері мұнай өндірісінің көлемін біртіндеп арттырады. Әйтсе де келісімге сәйкес 2022 жылғы сәуірге дейін әр мемлекет міндетті көлемнен асып кетпеуі тиіс. Биылғы меже 2007-2008 жылдар кезіндегі қаржы дағдарысынан кейінгі мөлшерден төрт есе көп.

Естеріңізге салсақ, коронавирус пандемиясы салдарынан әлемдік мұнай нарығында сұра­ныс азайып, «қара алтын» құны түсе бастаған-ды. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартқандай» болып, наурыздың басында Ресей ОПЕК+ келісімінен шығып кетті. Кремль мұның себебін Сауд Арабиясының өндіріс көлемін азайту туралы талабын басыну деп қабылдағанымен түсіндірді. Ресейдің әрекетіне шамданған арабтар да қарап жатпай, өндіріс көлемін көбейтетінін мәлімдеді. Осылайша пандемия салдарынан қалтырап тұрған «қара алтын» бағасы күрт құлдырады.

Мұнайдың бағасы арзандауы оған тәуелді бүкіл елге оңайға соққан жоқ. Ақыры Ресей де, Сауд Арабиясы да сабасына түсіп, бағаны реттеуге келіскен. Наурызда ОПЕК+ келісімінен шығып кеткеннен кейін Кремль мұнай өндірісін 11 млн баррельге дейін жеткізетінін мәлімдеген. Енді жаңа мәмілеге сәйкес, тәулігіне өндіретін мұнай көлемін 2,5 млн баррельге азайтып, 8,5 млн баррельден асырмауы керек. Ресейдің энергети­ка министрлігінің деректеріне сүйенсек, қазіргі таңда осы елде тәулігіне шығарылатын «қара алтын» көлемі 11,3 млн шамасында. Яғни ресейлік компаниялар өндірісті 17-18 пайызға дейін ғана азайтады.

ОПЕК-тің басты мүшесі саналатын Сауд Арабиясы да осы мөлшерден асып кетпеуі тиіс. Иран­ның мұнай министрі Биджар Зангане Twitter-дегі парақшасында Кувейт, Сауд Арабиясы және БАӘ тәулігіне шығарылатын мұнай көлемін қосымша 2 млн баррельге дейін азайтуға келіскенін жазды. Бұ­дан бөлек, ОПЕК+ келісімінің аясында G20-ға мүше мемлекеттер «қара ал­тын» өндірісін 3,7 миллион баррель­­ге азайтпақ. Осылайша, жалпы шек­теудің мөлшері тәуілігіне 15,4 млн баррельді құрайды.

Бұған дейін мұнай өндіру оған сұраныстан шамамен тәу­лі­гіне 3 млн баррельден артық болып келген-ді. ОПЕК пен Ресей келісе алмаған соң, артық өнімнің көлемі бірден 20 млн баррельге дейін жетті. Жаңа келісімге сай, ұсыныс көле­мі бұрынғы деңгейге қайтып келмек.

АҚШ президенті Дональд Трамп аталған келісімді жоғары бағалап, оған қатысқан бүкіл тарапқа тиімді екенін мәлімдеді.

«ОПЕК+ ұйымының үлкен келісімі аяқталды. Бұл АҚШ-та энергетика саласындағы жүз мың­даған жұмыс орнын сақтап қалады. Мен Ресей президенті Вла­ди­мир Путин мен Сауд Ара­бия­сы королі Салманды құттық­тап, рахмет айт­қым келеді. Қазір ғана олармен сөй­лестім. Барша­мыз үшін тиімді келісім», деп жазды Д.Трамп Twitter-дегі парақшасында.

Ал Кувейттің энергетика  ми­нистрі Халид әл-Фадил Twitter-дегі парақшасында «2020 жыл­­ғы 1 мамырдан бастап өн­ді­ріс­ті шамамен 10 миллион баррель­ге дейін азайту жөніндегі тари­хи келісімге қол жеткіздік», деп жазды.

«Қара алтын» нарығының тұрақ­талуына АҚШ тарапы да мүдделі. Жаһан­дық мұнай бағасы түссе, Құрама штаттардағы энергетика саласы үлкен дағ­дарысқа ұшыра­мақ. Өйткені америкалық өндіріс­те негізінен тақтатас мұнайына басымдық берілген. Оны шығару құны әлдеқайда қымбат. Сондықтан әлемдік бағаның құлдырауы АҚШ-қа да оңай соқпайды.

Осыған байланысты Ақ үй бас­шысы Дональд Трамп ОПЕК-ке мүше мемлекеттер мұнай нарығын реттемесе, Сауд Арабиясынан келетін өнімге салық салатынын мәлімдеді. Осылайша Twitter АҚШ тарапы қолда бар мүмкіндікті пайдаланып, өз мүддесін реттеуді көздеді.

Сондай-ақ Ақ үйдің ОПЕК+ келі­сіміне әсері мұнымен біт­пейді. Видео талқының 4 күнге созылуының басты себебі – Мек­­сиканың өзіне қойылған мін­детті орындауға көнбеуі. Сол себепті ОПЕК+ келісімі сәтсіз аяқ­талуы мүмкін болған. Бірақ АҚШ-тың тікелей араласуы нәти­жесінде Мексика мәмілеге келді.

Әйтсе де мұнай экспорттаушы елдер өндірісті азайтқанымен, баға қатты өзгерген жоқ. Негізі болжам бойынша «қара алтын» құны биыл орта есеппен – 42 доллар, келесі жылы – 50 доллар, 2022 жылы 60 дол­ларға жетуі керек еді. Енді корона­ви­рус салдарынан бұл баға көзден бұлбұл ұшатын секілді.