Қорғаныс министрлігінде өткен аппарат кеңесінде қорғаныс ведомствосының және Қарулы Күштер құрылымдық бөлімшелерінің басшылығы бейнебайланыс арқылы төтенше жағдай режімін қамтамасыз етуге қатысудың аралық қорытындыларын шығарып, алдағы міндеттерді айқындады.
Жекелеген өңірлердің басшылары қабылдаған шектеу шаралары жағдайында Қазақстанның 19 қаласында әскери қызметшілер блок-бекеттерді күшейту және патрульдік қызметін атқарады. Үш апта ішінде қоғамдық тәртіпті бұзудың 270 фактісі тіркеліп, әскери қызметшілердің тікелей қатысуымен блок-бекеттен өткізу тәртібін бұзудың 270 фактісі анықталды. Блок-бекеттерде 27 тәртіп бұзушылық жақын маңдағы аумақтарды бақылауға мүмкіндік беретін ұшқышсыз ұшақтар тарапынан анықталды.
Күн сайын блок-бекеттерде кезекшілік ететін мыңдаған әскери қызметші өз денсаулығына қауіп төндіре отыра патрульге шығып, дезинфекция жүргізеді. Сонымен қатар қызметте тұрақты жауынгерлік даярлық бөлімшелері бар. Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев атап өткендей, барлық жеке құрамның денсаулығын сақтау маңызды.
Осы мақсатта блок-бекеттерде, патруль топтарында және арнайы өңдеу жасақтарында әскери дәрігерлер күн сайын медициналық тексеру жүргізеді. Әскери қызметшілердің денсаулық жағдайына бақылау жүргізу және ауру белгілері немесе науқастармен байланысы анықталған жағдайда карантиндік шараларды уақтылы қабылдау бойынша профилактикалық жұмыстар жүзеге асырылады.
Әскери бөлімдер мен мекемелердің бақылау-өткізу бекеттерінде термометриясы бар және антисептиктермен өңделген медициналық сүзгілер орналастырылған. Барлық әскери бөлімдер қосымша дәрілік препараттармен, дезинфекциялық құралдармен, медициналық маскалармен және қолғаптармен қамтамасыз етілген.
Сонымен қатар Қарулы Күштер объектілерінде профилактикалық және санитарлық-эпидемияға қарсы іс-шаралар жалғасуда. Асханаларды, тәуліктік кезекшілікте қызмет атқару орындарын, блок-бекеттерінің аумақтары мен әскери қалашықтарды дезинфекциялауға ерекше көңіл бөлінеді.
Байланысты шектеу үшін әскери басқару органдары жеке құрамының шамамен 30%-ы ауысым режімдеріне ауыстырылған. Шешілетін міндеттердің ерекшелігін ескере отырып, жеке құрамның тағы да 30%-ы үйде өзін өзі оқшаулау режімін сақтай отырып кезекті демалысқа жіберілді. Сондай-ақ Қарағанды, Талдықорған, Үшарал әскери-медициналық мекемелері халықты қабылдап, Денсаулық сақтау министрлігіне көмек беруге дайын.
Қазақстан Әскери әуе күштерінің әскери-көліктік авиациясы Қытайдан Нұр-Сұлтан қаласына қытайлық дәрігерлер мен гуманитарлық көмекті жеткізді.
Қарағанды қаласы әкімдігінің өтініші бойынша 17 әскери медицина маманы пандемияға қарсы күресте көмектесіп жатыр. Коронавирусты емдеуде тәжірибесі бар қытайлық дәрігерлер әскери-медициналық қызметтің даярлығы туралы конференция өткізді. Оған әскери дәрігерлер де қатысты.
Қорғаныс ведомствосының басшысы Төтенше жағдайда және карантин режімін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралармен қатар, әскери техниканы пайдаланудың жазғы режіміне көшіруді қамтамасыз етуді, осыған байланысты барлық шараны қабылдауды тапсырды. Белгіленген талаптарға сәйкес барлық әскери полигондардың аумақтарын жаппай тазарту ұйымдастырылады.