• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Руханият 23 Сәуір, 2020

Майдан шебіндегі ән

1448 рет
көрсетілді

Кейде: «Бұл кісіні жақсы танимыз, оның өмір жолынан хабарымыз мол», деген адамдардың өзінің арасынан олардың тағдырында біз көп біле бермейтін қызық жайт­тардың кездесіп қалатыны бар. Сондай оқиғаның нақты көрі­ні­сіне Жеңістің 45 жылдығы қар­саңында көрнекті ғалым Сер­ғали Толыбековтың Қазақ теле­визиясындағы бір хабарға қатыс­қан әңгімесінде куә болған едік.

Өз уақытында, яғни сонау 40- 50-60-жыл­дары республикамыздағы Эко­­­номика институтының тұңғыш директоры қызметін атқарған, ҚазПи-дің ректоры атанып, Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі болған бұл кісіні Алматы жұртшылығы, соның ішінде баспасөз және телерадио қызметкерлері өте жақсы білетін. Бірақ жоғарыда айтылған телевизия хабарында Серғали Еспенбетұлы ол мәселелерге қатысты оқиғалар емес, бұ­рын ел көп естімеген тың тақырып жөнінде сөз қозғады. Сөйтсек ағамыз 1941-1945 жылдарғы соғыста республика Мәдениет басқармасының басшысы бола жүріп, Қазақстаннан майданға мәдени делегацияларды жасақтаумен тікелей шұғылданған. Сонымен қатар ол кісі тылдағы өнерді өрге бастырып, композиторларымызды халықтың рухын көтерер патриоттық әндер жазуға, жас таланттарды тауып тәрбиелеуге де белсене атсалысыпты.

Телехабардан осыны білген соң Серғали ағамен кездесіп, әңгімелесуге бел будық. Өйткені соғыс кезінде май­дан шебіне барып, концерт қойып қайтқан өнер шеберлеріміз аз болмаған. Сондай жандардың суреттерін архив пен музейлерден көргенімізбен, көбісін тани алмай қиналатынбыз. Енді, міне, сол шаралардың бәрінің басы-қасында болған кісі табылып отыр.

«Сөйлесіп көрсек қайтеді?!».

Осы оймен ғалым ағаның үйіне қо­ңырау шалдық. Телефоннан сергек жа­уап қатқан үн естілді. Мен ол кісіге жоға­рыдағы шаруамды айттым.

– Егер бос уақытыңыз болса...

– Сол шіркінің далада жатқан жоқ-ау, шырағым. Дегенмен, келіп қайт. Бір ретін табармыз.

...Біз келгенде, Серғали аға аталған әңгімеге тас түйін болып дайын отыр екен. Оны ғалымның жұмыс үстеліндегі текшеленіп қойылған түрлі құжаттар мен суреттерден анық аңғаруға болатын еді. Солардың ішінен көзімізге осыдан оншақты күн бұрынғы телеэкраннан көрсетілген сурет оттай басылды.

– 1942 жылдың наурыз айында Қа­зақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесі жанындағы Мәдениет басқармасының бастығы болып тағайындалдым, – деді Серғали аға әңгімесін бастап, – Рес­публика өкіметі алдымызға үш міндет қойды. Оның біріншісі – тылдан май­данға барып өнер көрсететін театр труп­палары мен концерт бригадаларын жасақтау да, екіншісі, астанадағы және облыс орталықтарындағы халық таланттарын патриоттық шығармалар жаз­дыртуға үндеп, соған нақты басшылық жа­сап отыру еді. Сонымен бірге соғыс жағдайына қарамастан өз республикамыздан жаңа өнер отауларын ашып, олар да келер күндер үшін лайықты кадрлар тәрбиелеу мәселесі де ұмыт қал­ған жоқ.

Алдымен майдандағы жауынгерлер арасына барып концерт қоюшы өнер шеберлері делегацияларының ұйым­дастырылуы жайлы баяндайын. Бұл орайда Шара Жиенқұлова, Роза Бағланова, Жүсіпбек Елебековтің жетек­шілік етуіндегі бір топ әртістерді ең ал­дымен айтуға болар еді. 1941 жыл­дың желтоқсаны мен 1942 жылдың ақ­паны аралығында Мәскеу, Ленинград маңындағы әскери бөлімдерде болып қайтқан ол өнер ұжымдары Алматыға оралғаннан кейін көп ұзамай өз сапарлары жайында есеп берді. Мұнда бәрі айтылды, бәрі еске алынып, ортаға са­лын­ды. Ештеңе ұмыт қалған жоқ. Біз­­­дің бағалауымызша, олар жолшыбай көптеген қиыншылық көріп, талай бейнетті бастан кешкендеріне қарамастан, табысты өнер көрсеткен. Бір ескертетін нәрсе, әскери бөлімнің басшылары әртістерімізге: «Мұндай делегациялармен республика үкіметінің жауапты қызметкерлері де қоса келіп қайтса, тіпті жақсы болар еді. Өйткені ондай адамдар жауынгерлерімізге тыл­дағы атқарылып жатқан жанқиярлық істер туралы лекция оқып, әңгімелессе, мұның, өзі айтарлықтай ықпал етері сөзсіз», – деген тілек айтыпты. Бұл өті­нішті аяқсыз қалдырмадық, мәселені Қазақстан Қомпартиясы Орталық Коми­тетіндегі басшы жолдастарға баяндадық. Олар жоғарыдағы тілекті мақұл көрді. Сөйтіп 1942 жылдың мамыр айында майданға барып концерт қоятын тағы бір жаңа бригада жасақталды да, солармен бірге мен де баратын болдым.

– Бұл концерт бригадасының құра­мында болған өнер шеберлерінің есім­дері есіңізде ме?

– Е, неге есімде болмасын, бәрі де күні бүгінге дейін жадымда ғой. Олар­­дың арасында Күләш Байсейітова, Ма­нарбек Ержанов, Жамал Омарова, Үрия Тұрдықұлова бар болатын. Бұ­лар­дан басқа Елубай Өмірзақов пен Әнуарбек Үмбетбаевтың, опера әншісі Нина Куклинаның есімдерін еске алу­ға болар еді. Алғашқы концертіміз Мәс­кеудегі Қызыл Армияның Орталық клу­бында өтті. Ертеңінде Саяси Бас бас­қар­мадағы жолдастарға өзіміздің Алматыда жасақталған 8-ші гвардиялық дивизия қайда, баруға бола ма деген өтінішімізді айтқанымызда, олар панфиловшы жауынгерлердің нағыз ұрыстың ортасында жүргенін, жол әртістерге қауіпті болатындықтан, біздің делегациямызды оларға жібере алмайтынын ашық айтты. Сөйтті де басқа маршрутты ұсынды. Олардың ұйғарымынша біз ауыр ұрыс операциясынан кейін Валдай қыратында күш жинап жатқан Солтүстік-Батыс майданның екі армиясына барып концерт қоюымыз керек екен. Сондықтан ештеңеге қарайламай іске кірісіп кеттік.

Үш күн жол жүріп Бологое стансасына жеттік. Бізді мұнда майдандағы Саяси басқарманың бастығы Белоусов деген кісі қарсы алды. Ол өзі бір өте инабатты, жылы жүзді жан болып шықты. Соғысқа дейін Свердловск облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып істеген бұл азамат жол-жөнекей бәрімізбен танысып, әртістеріміздің аты-жөніне, тіпті концерт бригадасының репертуарына дейін біліп алды. Майдан штабы қалың орман ішіндегі деревняға орналасыпты. Жер жағдайын білетін адамдар Валдай қыраты осы екенін, атақты Волга өзені бастау алатын тұма бұлақтың бұл арадан онша қашық емес екенін айтты.

Ақсақал сөйлеп отыр. Мен оның айтқан естелігін қалт жібермей тыңдап, жазып алудамын. Талай жыл бойы студенттерге лекция оқыған ғалым кісі ғой, оқиғаны шатастырмай рет-реті­мен баяндайды. Ойы жинақы, сөзінде шашыраңқылық жоқ. Ең бастысы, еш­теңені ұмытпаған, бәрін де есінде дәл сақтай білген. Тіпті Серғали ағаның ай­туымен қағаз бетіне түсіріп алған тө­мендегі сөйлем жолдарын өңдемей-ақ, сол күйінде пайдалануға болатын сияқ­ты. Ол мынау еді: «Майдандағы алғашқы концерт қалай өтті дейсің бе? Маусым айының бас кезі-тін. Қазақ­станнан келген әртістердің өнерін тама­шалауға жиналған әр шендегі әскери адамдар мен қатардағы жауынгерлер түс қайта орман ішіндегі алаңқайға толып кетті. Бұйрық беріліп, олар жерге жайғасып отыра бастағанда, сахнаның жоқтығы есіне түскен интендант қыз­меткері ал кеп қиналсын... Бір мезетте біздің әртістеріміздің киім ауыстыруға арналған алып емен ағашының түбіне сол соғыс жылдарында «Захар» деп аталынып кеткен төрт бұрышты фанер кабинасы бар жүк машинасы көлденең әкеліп қойылды. Жауынгерлер оның қорабының жақтау тақтайларын ағытып, төңірегіне бос бөшкелерді дәңгелетіп әкеліп, содан баспалдақ жасап еді, ма­шина үсті дайын сахна болды да шықты. Мұндайда уақыт оздыруға бол­майды ғой. Сондықтан Белоусов екеу­міз қысқаша сөз сөйледік те, кезекті Күләшқа, әнші Күләш Байсейітоваға бердік.

Ән! Иә, кеше ғана жау қолынан босатылған жерде, оқ пен өрттен жара­қаты жазыла қоймаған орыс орманы ішінде таныс, бейтаныс қазақ әні көкке шарықтай көтерілді. «Гәккуді» олар қалай қабылдайды екен деген оймен алдымдағы жауынгерлер жүзіне барлай қараумен болдым. Байқаймын, сөзін түсінбегенмен, әннің сазы, орын­даушының мөлдір де тұнық даусы жи­налғандарды елеңдете бастады. Жылға жуық уақыт бойы бомба гүрсілі мен ызыңдаған оқ дауысынан запы болған жандардың құлақтарына Күләштің мына әні тіршілік құштарлығына толы нәр құйғандай еді. Бейбіт кездегі өмірлері есіне түскен олардың сұсты жүздеріне жылу жүгірді, өлімді күнде көріп, қан жылаған жаралы жүректер аспанда қалықтаған армандай пәк ақ қанат әуеннің бір сәттік әсерімен нұрлы сезім тол­қыныстарын бастарынан кешіріп, шуақты ойға шомды. Арада бір, бір жарым сағаттай уақыт өтті. Бұл уақытта Күләштан басқа Елубай, Манарбек, Жамал, Үрия ән айтып болған еді. Бірақ жауынгерлер орындарынан тұрған жоқ. Алапат шайқас алаңынан небәрі төрт-бес шақырым қашықтыққа келіп орнай қалған мынадай мамыражай отырысты қимаған олар ән артынан ән сұратуда. Солдаттар: «Осы бір тыныштық, көңіл сергіткен бейбіт өмір көрінісі одан әрі жалғаса түссе екен», – деп тілейтіндей.

Серғали аға осыны айтты да, менің қажетті-ау деген ойларды қағаз бетіне асықпай түсіріп алуымды күткендей үнсіз қалды. Содан соң жөткірініп қойып, есінде қалған әңгімесін одан әрі сабақтай түсті. Тыңдап отырмын, сол концерт беріп жүрген күндерде мынадай жағдай есінде қалып қойыпты. Жауынгерлер алдындағы кезекті өнер көрсетуден кейін республика өкіліне екі әскербасы келіп амандасады да, өздерін генерал-лейтенант Морозов, генерал-майор Берзарин деп таныстырады. Олар өз сөздерінде біздің өнер жетістіктерімізбен 1936 жыл­­ғы Мәскеуде өткен онкүндіктен бері жақсы таныс екенін айтып, майдан даласына концерт қоюға келгендеріне ризашылық сезімін білдіреді. Серғали аға Солтүстік-Батыс майданында бір жарым айға созылған сапар кезінде бұл кісілермен бір рет емес, әлденеше рет жүздесіп пікірлескен. Сонда олар­дың Қазақстанда жасақталған 8-ші гвар­дия­лық дивизияның ерлігіне берген бағасын, жыр алыбы – Жамбылдың Ленинград қорғаушыларына арнап жаз­ған патриоттық өлеңін қалай қас­терлейтінін есінде сақтап қалған. Осы арада мынадай бір жайды айта кете­йік. Ұлы Отан соғысында әскери талантымен, ұйымдастырушылық қабіле­тімен көзге түскен Морозов фамилия­лы әскербасылар көп. Сондықтан олар­дың ішіндегі қазақстандық өнер ше­берлерімен кездескен адамның қайсысы екенін біз қазір айта алмаймыз. Ал екінші кісі белгілі. Ол 1942 жылдан ке­йін генерал-лейтенант, сосын генерал-полковник әскери атағын алып, Кеңес Одағының Батыры атанған, фашистік Германия астанасына батыл шабуыл жасаған атақты 5-ші тегеурінді армияға жетекшілік етіп, Берлиннің тұңғыш коменданты болған Николай Эрастович Берзарин еді.

Енді қазақстандық мәдени делегация жетекшісінің есінде қалған тағы бір жайтты айтайық. Бұл біздің ол кісіге: «Сіздер сол сапарларыңызда қазақ жа­уынгерлерімен кездесе алдыңыздар ма? Қездессеңіздер, олар кімдер еді?» – деп қойған сұрағымыздан туындаған еді.

1951 жылы ол кездегі ҚазПи-дің рек­торы Серғали Еспенбетұлының каби­нетіне екі жігіт келіп кіріп, сәлем береді. Олар соғыс кезінде Солтүстік-Батыс майданында шайқасқандарын, сонда Қазақстаннан әртістер келіп, концерт қойғанын айта бастағанда, ғалым ағаның есіне қазақ тілінде шығатын майдандық газет редакциясындағы кездесу сап ете түседі. Бұл жігіттермен сонда танысып, әңгімелескен еді. Олар белгілі ақын ағаларымыз Жұбан Молдағалиев пен Сағынғали Сейітов болатын.

– Енді таяуда өзіңіз телехабарда көр­сеткен мына суретке анықтама бер­сеңіз... Бұған қай кезде, қашан түсті­ңіздер?

– Жаңа, әлгінде орман ішінде үлкен концерт бердік деп айттым ғой. Сол күн­нің ертеңінде Старая Руссаның Ловать өзені бойындағы әскер бөлімдеріне барып өнер көрсету үшін жолға жиналып жаттық. Осы кезде бөлім командирінің адьютанты «Красная звезда» газетінің фототілшісі келіпті, ол қазақстандық әртістермен кездеспек ойы бар екен де­ген хабар жеткізді. Журналист селеу шашты, арық жігіт екен. Бізбен әңгімелесіп, танысқан соң, бәрімізді суретке түсіріп алуға шақырды. Сол сәт күні бүгінге дейін көз алдымда. Маусым айының бас кезі еді, күн шайдай болып ашылып, ауа райы маужырап тұрды. Орман ішінен лайықты жер таңдап болған фототілші алдыңғы қатарға Күләш бастаған қыз-келіншектерді, одан кейін Белоусов сияқты әскери адамдарды делегация мүшелерімен аралас-құралас тұрғызды. Ал қалған кісілерге екінші қатардан орын тиді. Бәрі ретке келіп болды-ау деген кезде, объектив қақпағын бір ашып, бір жапқан журналист тынышталыңыздар дегендей белгі берді де, аппаратын сыртылдата бастады. Кезінде біз бұған онша мән бермеген едік. Фототілші мұны ескерткіш үшін жай түсіріп жатқан шығар деп ойлағанбыз. Артынша әлгі түсіріп алған суреттің «Красная звездаға» жарқ етіп шыға келмесі бар ма?! Маусым айы бойы Солтүстік-Батыс майданы жауынгерлері арасында қырыққа жуық концерт қойып, кері оралғанымызда, штабтағы Белоусов бізді жылы қарсы алып, осы сурет шық­қан газетті көрсетті.

...Екеуара әңгімеміз бітіп, ғалым аға­мен қоштасып жатқанымда, ол кісі маған үлкен папка ұсынды. Оны үйге әкеліп асықпай қарағанымда, одан мен 1941-1945 жылдардағы Қазақстан өнер шеберлерінің тыл мен майданда атқарған жанқиярлық жұмыстарының шежіресін көргендей болдым. Мәселен, біз жоғарыда оқ пен от ішіне барып концерт қойған бір ғана делегация мүшелерінің сапарын қысқаша тілге тиек еттік емес пе?! Сөйтсек Ұлы Отан соғысы кезінде респуб­ликамызда мұн­дай 14 мәдени концерт бригадасы жасақталып, алдыңғы шепке өнер көрсетуге жіберілген екен. Олар сол бір қиын-қыстау шақта Солтүстік-Батыс, Калинин және Батыс, Орталық майдандарында, соның ішінде Қазақстанда құрылған бөлімдер мен құрамалар да болған. Жүрген жерлерінің бәрінде жауынгерлердің жүрегіне жылы әсер қалдыра білген. Оны Калинин майданы Саяси басқармасының мынадай хабарынан анық аңғаруға болады. «Қазақстан әртістерінің көрсеткен өнері, – делінген әлгі құжатта, – қазақ халқы өнер өкіл­дерінің идеялық және көркемдік дәрежесі жоғары екендігінің айқын айғағы болды. Олардың концерттері жігер беріп, жүрегімізге, біздің, жеңетінімізге деген сенім ұялатты».

Енді «Большевик Казахстана» жур­налының 1945 жылғы қаңтар айының санында жарияланған мына бір дерекке үңіліп көрелік. Мұнда Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының көркемөнер бригадалары мен оның облыстық филиалдары 1941-1945 жыл­дарғы соғыс кезінде өз өлкеміздің ірі өнеркәсіп орындарында, колхоздары мен совхоздарында, госпитальдарда 30 мыңнан астам концерт қойғаны баяндалады. Папкада жинақталған га­зет қиындыларының қалған бөлігі рес­публикамыздағы шығармашылық өкілдерінін, соғыс кезіндегі халықтың рухын көтеретін қандай патриоттық шығармалар жазғанын айғақтайды. Қарап отырсақ, мұның өзі де еске алып айтуға тұрарлық жайттар. Мысалы, сол жылдары Қазақ академиялық драма театрының ұжымы М.Әуезов пен Ә.Әбішев бірлесіп жазған «Намыс гвардиясы» пьесасын қойған. Б.Ерзакович Кеңес Одағының Батыры Төлеген Тоқтаровқа арнап музыкалық поэма жазса, әйгілі композитор Д.Нұрпейісова «Отан-ана» күйін шығарған. Мұнымен бір мезетте А.Жұбановтың «Қарлығаш», М.Төлебаевтың «Тос мені, тос», «Жо­рық» сияқты патриоттық және лирикалық пафостағы туындылары өмірге келіп, бұл музыкалық шығармалар Қазақстанның барлық түкпірінде шырқалған. Осы арада майдангер композитор Р.Елебаевтың Ғ.Мұстафиннің өлеңіне жазған «Жас қазақ» әнін атап өтпеске болмайды. Ол ел арасында лезде тарап кеткен.

Осылардың бәрімен танысып, он­дағы фактілерді ой елегінен өткізіп болған соң, Серғали аға анықтама берген қолдағы архив суретіне тағы да көз салдым. Оңнан солға қарай иін тірескен адамдардың біріншісі майдандағы Саяси басқарманың бастығы Белоусов, одан кейінгі – біз әңгімелескен кейіпкеріміздің өзі де, бұдан кейін Зылиха Мұхамедова, одан сәл әріректе тұрған бөрікті кісі – Манарбек Ержанов. Бұдан соң Нина Куклина, Үрия Тұрдықұлова, Күләш Байсейітова, Жамал Омарова көрінеді. Ал ең шетінде Елубай Өмірзақов тұр. Бұл өнер шеберлерінің бәрі қазір біздің арамызда жоқ. Олар суретке жап-жас күйінде түскен де, мәңгілікке сол мөл­діреген жас күйінде қалып қойған.

 

Жанболат АУПБАЕВ,

журналистф