• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Кино 23 Сәуір, 2020

Киноға қажет үш тұғыр

952 рет
көрсетілді

Кино өнері әртүрлі бағытта дамиды. Аудиторияның сұранысы мен қабылдау деңгейі әртүрлі. Режиссерлердің дүниетанымы бөлек. Әр идеяның өзіндік атқаратын миссиясы бар. Әрбір жанрдың өзінің өрлеу кезеңі болады. Бірін дамытып, бірін тежеуге болмайды.

Осы өзекті мәселеге қатысты қоғамда үнемі заңды сауал туады. Коммерциялық кино мен авторлық кино бағытының өкілдері прокат мәселесіне келгенде пікірлері екіге бөлінеді. Мемлекеттік маңызы бар фильмдерге деген көзқарас та дау туғызады.

Осы тұрғыда, киносыншы ма­маны ретінде кино өнерінің даму бағыттарындағы басты мін­дет­тері­нің байыбына барып, тұжы­рымдар жасау маңызды деп есеп­теймін.

 Кино – өнер

Нағыз өнер – теңдессіз. Идеясы құнды. Өресі биік. Тілі, табиғаты шынайы. Жеке дүниетанымның қалыптасуына да қосатын үлесі шексіз. Адамзаттың алға жылжуы­на ықпал жасайтын идеялар бар. Өнер­дің табиғатының өзі адам­ды тазартуға, рухтандыруға, жігерлен­діруге бағытталған үлкен миссияны атқа­рады. Ғажайып туындылар – арыңның бағдаршамы іспетті.

Біз көбінесе кино тілінде бейнеленген нағыз өнер туындысы деп авторлық фильмдерді бағалап жатамыз. Бізде терең және ерекше ойлайтын киногерлер бар. Өздерінің қолтаңбасын қалыптастыра алған. Авторлық кино бағытының қар­қыны ерекше. Масштабтары әлем­дегі мықты киногерлерден еш кем емес.

Интеллектуалдық киноның ау­диториясы қашанда шектеулі. Шынайылық басым болғанымен, тілі күрделі. Көпшілік идеяның астарын түсінбей, бейнелік қатарын қабылдай алмай жатуының басты себебі осында. Пәлсапалық негізі басым. Бұл автор дүниетанымының масштабы. Оқиғаларды көбінесе терең ойлармен көмкеруге ба­сым­дық беріледі. Мағына іздейді.

 Кез келген автор өз фильмі ар­қы­лы өз өресін көрсетеді. Дүние­­танымын. Мәдениетін. Ойлау жү­йе­­сін. Қоршаған ортадан қа­был­да­ған оқиғалардан түйген қоры­тындысын. Авторлық кинодағы ре­жиссерлердің шығармашылығы сонысымен қы­зықты. Ой қозға­уы­ңа ықпал жасайды. Кейде, пікір­таластар қақтығысы да болады.

Жамандықсыз кейде жақсы­лықтың қадірін түсінбей жатамыз. Сынақ түспесе, өмірдегі ма­ңызды жайт­тарға назар салмаймыз. Ав­торлық киноның табиғаты да солай. Өмірге басқаша қырынан қа­рауға мүмкіндік береді. Кейбір фильм­дер қоғамның асқынған дер­тін дөп басып көрсетеді.

Кейде осы өмірдің көлең­ке­лі жақтарын суреттеген ре­жис­сер­лерге наразылық білдіріп те жатамыз. Бұл қалыпты. Көзқарастар әртүрлі. Олардың алға тартқан ақи­­қатымен келіспеуге де құқымыз бар. Себебі ол бір ғана автордың жеке пікірі.

Алайда ақиқатын айтамын деп, мақсатты түрде ұлттың мүд­десіне арнайы шабуыл жасайтын автор­лар да бар. Көздеген саясаты сол болады. Көрермендерге теріс пиғылдағы ойларын зорлап, таңады. Эгоизмін алдыңғы планға шығарады. Бұл қауіпті.

Олардың жеке өмірбаянын зерттесең, осындай әрекеттерге баруының негізгі себептерінің ас­тарын оқуға болады. Жеке ком­плекстері, тағдырына нара­зылығы, жеңіліс тапқан сәтсіз­діктерінің өшін өз шығар­машы­­лығынан алады. Олардың ойы кейде қоғамды емдемейді, асқынған дертті қоз­дырады.

Нағыз өнер – залалсыз. Зияны тимейді. Өз арына есеп беретін авторлар идеяны қоздырғыш күш ретінде қолданбайды. Әсерін шынайы суреттейді. Ойларымен ашық сырласады. Адамзаттың игілігі жо­лында құнды идеяларды ғана дәріптейді.

 

Кино – идеология

Кино өнерінің шын мәнінде әлеумет санасына ықпалы бар. Тіпті, зор. Кино саясаты арқылы көп тетікті басқаруға болады. Мақсатты түрде. Оның идеологиялық қауқары соғыссыз шекара алуға жетеді. Кино өнерінің тілін масштабты мақ­­саттарға қолдану мүмкіндігі бар. Иә, кино демалу, сергу, көңіл көтеріп, қызықтаудың да құралы. Бірақ оны мақсатты идеяны жүзеге асы­руға қолданса, алынбайтын қа­мал жоқ. Кино тілінің мүмкіндігі мол.

Өнер алаңында да кейде саяси батыл қадамдар жасалып жатады. Әр ұлттың амбициясы әртүрлі. Алға тартатын ақпараттар легі де. Бі­рақ өнерде идеяны жан-жақ­ты сараптаудан өткізу маңызды. Адамзатқа ашық шабуыл, ұлтты кемсітуді мақсатты түрде қолдан ұйым­дастырылмауын әр мемлекет өзінің бақылауында ұстағаны абзал.

Авторлар кез келген идеясының артында қандай жауапкершілік тұр, осыны назарында ұстағаны маңызды. Нені дәріптейсің, қандай мақсатта дәріптеп отырсың, экранға шықпас бұрын өзіңе есеп берудің қажеттілігі бар. Ішіме сыймаған шы­­ғармашылық күйім деп, сараптаудан өткізбей, қадамдарын сал­мақтамай, әлем халқының алдына абыройсыз істерін саналы түрде жария етуге асығатындар бар.

Халықаралық кинофестиваль­дарға көбінесе осындай мақсаттағы фильмдер ұсынылады. Қолдайды. Қаржыландырады. Жүлде алу үшін дәл сол әлеуметтік мәселелерді анайы ашып суреттеген фильмдерін апарады.

Көпшілігі саяси астарын түсін­бейді. Бұл әлемдік өнер кеңістігінде ұлттардың жеке амбициясын үлкен экранда насихат түрінде қор­лау. Ұлт мүддесі алдындағы ұста­ным­­дары дұрыс бағытта болға­ны ма­ңызды. Рухын жығып бермеу, артық кетпеу, қиянат етпеу. Ре­жис­серлер де саяси сауатты болса игі.

Идеологияның басты күші – санада төңкеріс жасау. Игі істерді насихаттау. Адамдық, ар ісіне адал­дықты өз биігіне көтеру. Көрер­менді жүйелі түрде бір мақсатқа жұмылдыру. Адам­заттың мәдени-рухани қарым-қатынасын арттыру, танымдық тұр­ғыдан үлкен рөл атқару, игі істерге үлес қо­суға ықпалдасу, ақиқат пен әділдіктің шынайы жанашыры болу – идеологияның басты темірқазығы.

 

Кино – бизнес

Кино сөзсіз бизнес. Іскер киногерлер мақсатын көпшілік ауди­­­торияның сұранысына жұ­мыл­дырады. Қар­жы табады. Про­каттағы қазақ фильм­дерінің оқиғасы тым арзан деп талқылап жатамыз. Кәсіп­керлер ең алдымен ұсынатын өнім­ді аудиторияның сұранысына қарай икемдейді. Демек, сұраныс бар.

Кинотеатрға көрермендер кө­бінесе, күнделікті күйбең тірліктен сергу, рухани демалу мақсатында барады. Қабылдауға жеңіл, эмоция­лар сыйлайтын фильмдер өтімді. Алайда көрермендердің өресі тең емес. Өмір туралы ой салатын жа­­ңа фильмдерді іздеп бара­тындар да жоқ емес. Бүгінгі дә­уір Кеңес заманындағыдай кино­театр жүйе­сін идеология көзі ретінде қолданып отырған жоқ. На­­рық талабы­на сай өнім ұсынуда ер­кіндік бар. Бүгінгі кинотеатр жү­йесі – бизнес көзі.

Алайда өнім ұсынушылар оның сапасына тікелей жауапты. Са­тылымы жақсы деп рухани жа­уап­кершілікті ұмытуға болмайды. Азғындықты насихаттау, сапасыз идеяларды тықпалау – бұл руха­ни қылмыс. Сатудың басты шарты – ақша қуып, ашкөздіктің соңына түсу емес, оның барлық мәдени талаптарына сай, нарыққа, аудиторияға пайдалы әрі сапалы өнім ұсыну.

Қазіргі фильмдерде ең бірінші динамика маңызды. Екінші идея. Үшінші жеткізу тілің. Қызықсыз болса, қарамайды. Көрерменді экранның алдында қинап ұстай ал­­майсың. Таңдау еркіндігі бар. Өткен тарихқа қарағанда, келе­шектегі ғарыштық хикаялар қызық­ты. Фантастика. Бізде бұл жанр дамымаған. Киногерлерге көбірек іздену керек.

Шеберлігі жетпей жататын кездер болады. Ескі сарын ешкімге қызық емес. Күн сайын дамудың жаңа жолдарын таңдауымызға тура келеді. Тәсілдер. Ерекшеліктер. Жет­кізудің жолдары. Бүгінгі ға­рыш­­тық ғасырдың тілі де бө­лек. Ойлау жүйемізде күрделі құбы­лыстар жүріп жатыр. Отандық киногерлер осыны мойындауы керек. Әлемде не болып жатқанын кө­бірек зерттеп, ізденіп, әрбірден соң халықаралық прокатта қандай ба­ғыттағы фильм­дер жетістікке жетіп жатыр соны бақылау маңызды.

Көрермендердің өресі өскен. Қазір ешкім ақымақ емес. Алдан­­байды. Әрбір адамның қолын­да ұялы телефон арқылы әлем­ді басқарудың тетігі тұр. Жаңалық­тардан хабардар. Әр елдің үздік фильмдерінің үлгісін қарайды. Са­лыс­тырады. Ой түйеді. Қоры­тындыға келеді. Өзіміздің отандық фильмдерге баға береді. Көңіл толмайтын құбылыс жоқ емес.

Егер осы «өнер, идеология, бизнес» үшеуінің тұғырын бір мақсатқа бірік­тіре алатын шеберлік болса онда сөзсіз халықаралық прокатта да мойындаламыз. Оскар алған туындылардың көпшілігі осы үш тұғырдың өлшеміне сай болған соң ғана мықты. Бізде бір талабы ес­керілсе, екінші жағы өкінішке қарай, ақсап жатады.

 

Гүлзат КӨБЕК,

киносыншы,

Өнертану PhD докторы, «Тұран» университетінің профессоры