• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Тарих 24 Сәуір, 2020

Екінші дүниежүзілік соғыс: тұтқындар тағдыры

2525 рет
көрсетілді

КСРО әскерлерінің соғыстың алғашқы екі жылында жеңіліске ұшырап, шегінуі, тіптен 1942 жылы майдан шебінің Еділдің жағасына дейін жетуі үлкен шығынға душар еткені мәлім. Тек соғыс басталған 1941 жылдың 22 маусымынан бастап желтоқсан арасында 2 млн-ға жуық кеңес әскері тұтқынға түсті. 1941 жылы жаздың шілде-тамыз айларында тұтқынға түскен КСРО солдаттары мен командирлері Украина мен Белоруссия, Балтық бойы елдерінде фашистердің жасақтаған уақытша лагерьлерінде адам төзгісіз жағдайда ұсталды. Сол уақыттан бастап гестапо және абвер бөлімдері ол тұтқындарды ұлттық тегіне қарай бөлу жұмыстарын жүргізді.

1. Тұтқындағы қазақ жауынгерлері

Германияның өз аумағында фашис­тер соғыс тұтқындарына арналған кон­центрациялық лагерьлер орналас­тырмай, алғашқы кезде Белоруссия, Ук­раина, Балтық елдері жерінде ашылды. Лагерьлер фашист идеологтарының ойынша тұтқындарды кеңес өкіметіне қарсы азғырып, үгіт-насихат жұмыс­тарын жүргізу үшін қажет болды. Ал мұн­дай тұтқындар қатары өте көп еді. Тек 1941 жылы ғана емес, 1942 жы­­лы да миллионнан астам адам фашистер тұт­қынына түсті.

Тұтқынға түскендер (мың адам): 1941 ж. – 1998 мың; 1942 ж. – 1339 мың; 1943 ж. – 487 мың; 1945 ж. – 28 мың.

Бұл деректер тек кеңес-герман майданында тұтқынға түскендер туралы. Оған 1945 жылы тамызда жапон со­ғысында тұтқынға түскен 18 мың кеңес жауынгері кірмейді. Соғыс жылдарында тұтқында болған КСРО әскерінің саны 5 млн 300 мыңнан 1944 жылы 5 млн 700 мыңға дейін жетті деген де деректер бар. Мұның 3,3 млн-ы тұтқында өлген.

КСРО республикалары бойынша да (ұлттық құрамын қоса есептегенде) жалпы тұтқынға түскендердің нақты санын айқындау қиын. 1995 жылы жарыққа шыққан «Боздақтар» кітабының жалпы томында тұтқыннан оралмаған қазақ­стандықтардың саны 7046 адам деп көр­сетілген. Бұл ешқандай қисынға кел­мейді. Ал осы кітаптағы хабарсыз кет­кендер деп көрсетілген 271 503 адам шын­­дыққа жақын екені даусыз.

Алғашқы жылы (1941-1942 жж.) тұт­қында болғандардың адам төзгісіз жағ­дайда болғанын құжаттар да, оны басынан өткеріп, тірі қалғандар да баяндайды. 1941 жылы тамыз-қыркүйек айларында Польша жерінде ұйымдастырылған Ченстохово, Сувалки, Легионово жә­не басқа лагерьге сұрыпталып әке­лін­ген тұтқындар әдейі осындай азап­ты жағ­дайда ұсталды. Мысалы, Чен­с­то­хово лагеріне жинақталған 30 мың түр­кі-мұсылман тұтқындарынан екі-ақ мың адам аман қалған. Олардың бәрі сү­зек және басқа аурулардан жаппай қы­рыл­ған. Сол сияқты Сувалки лаге­ріндегі 650 түркі-татар тұтқындардан күніне 5-10 адамнан қайтыс болған. Бұл 1941 жыл­дың жазы мен күзі. Ал осындай ла­герьлер Украина территориясында да құрылғаны мәлім. Днепропетровск, Жи­томир, Полтава және басқа жерлер­де неміс фашистері фильтрациялық тұт­қындар лагерінде оларды ұлтына қарай бөліп, тұтқындарды жұмысқа салды, оларға неміс армиясына қызмет етуді ұсы­нып, үгіт-насихат жүргізді.

Соғыс жылдары КСРО өкіметі әскери тұтқындар туралы 1899 жылғы және 1907 жылғы Гаага конференциясының соғыс және тұтқындар туралы конвенциясына қосылған жоқ. 1929 жылы әскери тұтқындарды қандай жағдайда ұстау керектігі туралы Женева конвенциясы қабылданды. КСРО өкіметі оған да қол қойған жоқ, кейін де. Сондықтан КСРО жағы араағайындық жасаған Швейцария жағы­ның кеңес тұтқынындағы және неміс тұтқынындағы әскерилерге көмек бе­ру, пошта байланысын жасау туралы ұсыныстарын қабылдамады. Есе­сіне 1941 жылдың 16 тамыздағы бұй­рығы бойынша Жоғарғы әскери би­лік (Став­ка) кеңес әскерлеріне тұт­қынға бе­ріл­меуге, «ондайларды командирлер мен комиссарлар сол жерде атып тастауы қажет» деген тұжырым жасады.

 Германия тұтқынға түскендерді ірік­теп алып, солардан құрылған легион­дарды кеңес әскерінің өзіне қарсы айдап салу идеясы іске асырыла бастады. 1942 жылы жазда Харьков түбінде және Днепропетровскіде концентрациялық ла­герлерде болған А.Жәмкен (кезінде өзінің өтініші бойынша аты-жөнін толық келтірмедік) былай деп еске алған еді: «Ақмолада құрылған қазақтың 106-атты әскер дивизиясы құрамында майданға келдік. Біздің үш полкті 6 кавалерия корпусын толықтыруға қосты да ұрысқа салды. Харьковтің оңтүстігінде Красноград қаласы бағытында шабуылға енген кор­пус қоршауда қалды. Үш күн ғана со­ғы­сып үлгерген біз бүкіл дивизиямыз­бен бірге тұтқынға түстік. Әуелде Харь­ков­ке жақын жерде лагерьде ұстап, ке­йін Днепропетровскідегі лагерьге жаяу ай­дап келді. Аш-жалаңаш, жаралы тұт­қын­дар біртіндеп өле бастады.

Енді бір кезде неміс формасын киген, қарындары тоқ қандастарымызды арамызға жіберіп үгіттеуді шығарды. Легионға кірсеңдер біз сияқты жағ­дай­ларың жақсы болады деп азғырды олар. Осы үгіттеулерден кейін көпшілігімізді ер­кімізді сұрамастан легионға қа­был­дады».

1941 жылы жаз бен күзде КСРО әс­­­керлерінің тұтқынға көп түскендігі сон­­шама, фашистер өздеріне легион үшін таңдап алған тұтқындарды оқы­та­тын, идеологиялық «тазартудан» өт­­­­кізетін арнайы оқыту лагерьлерін ұйым­­­дастырды. Сондай іріктеу және оқыту лагері Түркістан халықтарынан шыққан тұтқындарды оқыту үшін Чер­нигов облысының Ромны қаласында ашылады. Онда қазақ, өзбек, тәжік, түрікмен, ұйғыр, татарлардан құралған роталар­ды (жүздіктерді) жасақтап, оқы­ту қолға алынады. Мұндай лагерьлер әзербайжан тұтқындары үшін Чернигов облысының Прилуки қаласында, грузиндер үшін Полтава облысының Гадяч ауданы орталығында, армяндар үшін сол облыстың Лохвица қаласында ашылды. Солтүстік Кавказдан шыққан мұсылмандар үшін Полтава облысының Миргород қаласында лагерь ашылды. Батыс Украинада, Умань қоршауында 1941 жылы шыға алмай тұтқынға түс­кен қазақ, өзбек, қырғыз т.б. үшін Ше­потовка, Ровно лагерьлері ашылды.

Украинада орналасқан мұсылман тұтқындардың лагерін бақылау орта­лығы да осы Миргород қаласында болды. Оның штаб бастығы түркітанушы ғалым, фашистердің Шығыс министр­лігінде қызмет еткен Оскар фон Нидер­майер болды. Түркі тілдерін, шы­ғыс халықтарының тілі, тарихымен ай­на­­­лысатын Андреас Майер-Мадер, Гер­хард фон Менде, Райнер Ольцша сияқты мамандар Шығыс министрлігі арқылы империялық қауіпсіздік қыз­метіне алынып, барлау және диверсия жұмыстарына адам таңдау Түркістан халықтары өкілдерінен әскери бөлімдер жасақтауға тапсырма алады.

1941 жылы 15 қарашада вермахтың 1-Түркістан полкін құру туралы бұйрығы шығады (Turkstanisches Rediment)*. Бірақ шын мәнінде бұл полк емес еді. 444-түркі тілдес ұлт өкілдерінен құ­­ралған батальон болатын. Оның коман­дирі небәрі обер-лейтенант Таубе деген екен. Осы батальон болашақ Шығыс легиондарының үлгісі болып саналады.

Гитлер де, оның сы­­бай­ластары да КСРО-ға әртүрлі эт­­ностардан құрал­ған жасанды мемле­кет деп қарады. Сон­дық­тан оның ха­лық­­тарының арасына сына қағып, бөл­шектесе – басқаруға оңай болады деген тұжырымда болды. Ақпан, қазан төңкерісінен кейін саяси әлемде Үлкен немесе тұтас Түркістан мемлекетін құру, Грузия, Әзербайжан, Армения аумағында Ресейден тәуелсіз жеке мемлекет болу идеялары кеңінен таралғаны мәлім. Олар­ды Ресей империясын ежелден өздерінің бәсекелесі деп санайтын, қолайлы сәтте бөлшектеуге әзір тұратын Ұлыбритания, АҚШ, Франция сияқты Батыс елдерінің қолдағаны мәлім. Өмір­де іске аспай қалған бұл идеялар сол елдерден эмиграцияға кеткен білімді қайраткерлер тарапынан жалғасын тапты. Оларға материалдық және саяси көмек беріп, белсенді қорғаған Батыс державалары бұған үлкен мән берді. 1923 жылдан бастап Польшаның Бас штабындағы әскери барлау қызметімен (экспозитура) тығыз байланыс орнатып, КСРО-ға қарсы қызмет еткен З.Ва­лиди Тоған, М.Шоқай, Ә.Идриси және басқаларының өмірі осыған куә.

Герман жағына белсене қызмет жа­саған профессор Әлімжан (Ғалымжан) Идриси, Вели Каюмхан және басқалары ла­герь­лерді аралап, тұтқындарды азғыру жұмыстарын өршітті. Ғ.Идриси азамат соғысынан кейін Германияға кеткен, сонда Шығыс министрлігінде қызмет істеген. Ұлты татар.

Вели Каюмхан 1922 жылы Түр­кіс­­тан АКСР-нен жергілікті ұлт өкіл­де­­рінен ма­мандар даярлау үшін деп оқуға жібе­рілген 70 адамның құра­мын­да Гер­манияға 16 жасында бар­ған. Олар­дың ішінде бес қазақ азаматы (Ғ.Бірім­жанов, Д.Битілеуов, М.Бұ­ралқиев, Ә.Мұңайт­басов) болды. Оқуда болған қазақтар түгел елге оралып, қу­ғынға түсті. Ал В.Каюм­хан сонда қалып қойып, герман радио­сында қызмет ет­ті. Түркістан Ұлт­тық Кеңесіне кірді, М.Шоқайдан кейін со­ның төрағасы бол­ды. Түркістан легио­нын құруға белсен­ділік танытқан адам.

Германия соғыстың алғашқы айларында тұтқындардан әскер жасақтай бас­тады. 1941 жылы қазанда Польшадағы Рембертов полигонында 6 Түркістан ро­тасы құрылды. Олардан Германияның әскери барлау органы абверге «Жолба­рыс Б» деген жоспар бойынша дивер­санттар мен барлаушылар таңдап алынды. 450-Түркістан батальоны да осындай мақсатпен құрылды. Командирі А.Майер-Мадер.

А.Майер-Мадер осы легионерлердің ішінен 15 адамды таңдап алып, Түркіс­танға десант тастау идеясын ұсынды. Оның ойынша мұндай топ Орта Азия мен Қазақстандағы аса белгілі бір тұл­ғаны қолға түсіріп, ұшақпен Гер­­ма­нияға жеткізсе, оны болашақ Түр­кіс­тан мемлекетінің президенті бо­луға көн­діріп, басқаларға насихат жасар едік деген дәме. Тағы бір топты ол басмашылар қозғалысын өршіту үшін жібермек болды. Бірақ Қырымға жет­кізіп, әрі қарай аттандырмақ болған десант тобын тиеген ұшақ Симферополь маңында апатқа ұшырап, бұл жоспар орындалмай қалды.

1941 жылдың соңы – 1942 жылдың алғашқы жартысында Шығыс легион­дарын құруды тездету қолға алынды. Украина – Кавказ, Қырым бағы­тында неміс қолына түскен Кеңес тұт­­қындары көп болғандықтан және дәл сондай жағдай Минск – Москва, Нов­город – Ленинград бағытында да қа­лыптасқандықтан Қазақстан, Орта Азия және Кавказ халықтарынан шыққан тұт­қындарды екі бағытта шоғыр­лан­ды­рып, батальондарға тіркеуге кірісті. Бұл топтарға татар, башқұрт, чуваш т.б. да қосылды.

1941 жылдың қазан айында жеке «жүздіктерді» құрудан бастап, кейін оларды 1-Түркістан полкіне біріктірген немістер 1942 жылдың басында ең алғашқы Түркістан батальондарын құ­рып үлгерді. 1942 жылы 12 қыр­кү­йекте немістер грузин батальонда­рын Пятигорскіге әкеліп, ұрысқа ен­гізді. Оның артынша армян және әзербайжан, Түркістан батальондарын ұрысқа қосты. 1943 жылдың мамырына дейін тек Украина жерінде Шығыс легиондарының 25 дала батальоны (жаяу әскері) құрылды. Олардың 12-сі Түркістан легионының батальондары еді (1/29, 1/44, 1/76, 1/94, 1/100, 1/295, 1/297, 1/305, 1/370, 1/371, 1/384, 1/389). Қалғандары: 6 әзербайжан, 4 грузин, 3 армян батальондары. Бұларға қоса 2 Солтүстік Кавказ күшейтілген батальоны, 7 құрылыс және 2 запастағы батальон құрылды. Бұлардың нөміріндегі бірінші сан құрылған ретін көрсетсе, қасындағы екінші сандар соларды құруға командалық құрам берген неміс әскери бөлімдерінің нөмірін білдіреді.

1942 жылы көктемнен жылдың аяғына дейін құрылған Шығыс легиондары немістің генерал-полковник Вильгельм фон Паулюс басқарған 6-армиясының құрамына берілді. Бұл армия 1942 жылдың көктемінде Харь­ков түбіндегі қырғында жеңіске же­тіп, 242 мың кеңес солдаты мен ко­мандирін тұтқынға алған болатын. Тұт­қынға түс­кендер ішінде қазақтың 106-атты әс­кер дивизиясы, сол сияқты ұлт­тық не­гізде құрылған қырғыз, өзбек, тү­рік­мен, тәжік атты әскер дивизиялары да бар еді. Олар бірыңғай сол ұлт өкіл­дерінен құрылған-ды. Оларға қоса соғыстың алғашқы жылы Кеңес армия­сына шақырылған миллиондаған адам Қазақстан, Орта Азия, Кавказ, Алтай мен Сібір ұлттарынан-тұғын. Сондықтан 1942 жылы тұтқынға түскендерден Шы­ғыс легиондарын жасақтау фашис­тер үшін қиынға түскен жоқ.

Жалпы 1941-1944 жылдары фашистік Германия Шығыс легиондары үшін 54 батальон жасақтаған екен. Олардың ішінде күзет, құрылыс, теміржол батальондары да бар. Осы мәселені зерттеген ғалымдардың келтірген дәйекті де­ректері бойынша 1941-1945 жылдары 1,3-1,5 млн-ға жуық КСРО азаматы осындай әскер жасағында және полиция құ­рамында қызмет еткен.

КСРО-ның Еділ бойы, Қазақстан, Орта Азия және Кавказ ұлттарынан 310 мыңнан – 325 мыңға дейін адам Шығыс легиондарында болған. Таратып айтсақ, олардың қатарында: 180 мың өзбек, қазақ, қырғыз, ұйғыр, тәжік, түрікмен, Солтүстік Кавказ халықтарынан 28-30 мыңдай адам, 20 мыңдай грузин, 18 мыңдай армян, 25-55 мыңдай әзербайжан, 40 мыңдай татар, башқұрт, чуваш, мордва, удмурт, марийлер осы Шығыс легиондарының сапына өткен.

Фашистер Сталинград түбіне дейін жеткенде Орта Азия мен Қазақстаннан шыққан тұтқындарды майданда пай­далануға, өз жерлеріңді азат етесіңдер деп сендіруге жақсы мүмкіндік туды. Алайда жаудың бұл ниетінен жарытып ештеңе шықпады. Астрахань – Қазақстан бағытында пайдасы тиеді деген Түркістан легионының бірнеше батальоны қатты шығынға ұшырады. Реті келгенде легионерлер кеңес жағына өтіп кетті. Кейде түгелдей взвод (30 адам), сирек болса да рота (120 адам) қашып кеткен кездері жиі ұшырасты.

Барлау қызметінің ардагері, отстав­кадағы полковник Сардарбек Ақпанбетов кеңес барлау органдарының тапсырмасымен майдан шебінен әлденеше рет өтіп Түркістан легионы батальондарына барып қосылған. Өмірінің соңғы жылдары С.Ақпанбетов Қазақ КСР Ғылым академиясының суретшілер мен операторлар тобында қызмет етті. Ол легионерлер арасында іріткі салу, кеңес жағына және партизандарға қосылу туралы насихат жұмыстары белсенді жүргізілгенін растаған еді.

Түркістандықтар арасында іріткі са­­лу легион мен Түркістан Ұлттық Ко­­ми­теті арасындағы алауыздықты өр­шіте түседі. Ұйымды Вели Каюмхан, әс­­кери бөлімді өзбек Баймырза Хаит бас­қарды. Жетекші орындардың бәрінде өз­бек ұлтының өкілдері орнығып, өз мүд­делерін, саясатын іске асыратыны бас­қа ұлт өкілдерінің наразылығын тудырды.

Әсіресе соғысқа дейін Свердловск қаласында политехникалық институтты бітірген Батыс Қазақстанның тумасы, 1941 жылы жазда немістер жағына өз еркімен өткен инженер Қарыс Қанатбаев сияқты белсенді қайраткерлер бұған тіптен шыдамсыздық танытқан еді. Осының салдарынан Қ.Қанатбаевтың айналасына топтасқан түркістандықтар 1944 жылы ақпанда жеке өздері Түр­кістан Ұлттық Кеңесі деген ұйым құ­рып, В.Каюмханнан іргесін аулақ салды.

Белсенді легионерлер мен ТҰК-те қызмет еткен түркістандықтардың кей­бірі соғыстан кейін батыс Германияда қалып, АҚШ құрған «Азаттық» радиосында қызмет етті. Олардың ішінде жо­ғарыда айтылған Қарыс Қанатбаев, Дәу­лет Тағыбердин, Жұмабек Ақбер­генов және басқалары болғаны белгілі.

Фашистік Германия басшылығы Түркістан легионын құрғанда әуел бас­тан әскери күш құру ғана емес, КСРО тылында барлау және диверсиялық әрекеттерді іске асыру ниетін көздеді. Польша және Германия аумағындағы барлау мектептерінде даярлаған топтарды, жекелеген адамдарды Қазақстанның батыс аумағына және басқа жерлерге жіберумен болды. Алайда Қазақстанға түсірілген диверсанттардың көбі би­лік орындарына өз еркімен берілді. Кейбіреулерінің неміс жағына адалдық білдіріп, тапсырманы мұқият орындауға тырысқаны да белгілі. Мысалы, соғыстан кейін АҚШ агенті болып ұсталған Қо­дыбек С. (тегін әдейі келтірмедік) Фран­ция жерінде партизандарға қарсы жазалау операцияларына қатысқан. 1945 жылы АҚШ жағына қолға түсіп, іріктеу лагерінде жүргенде америкалықтар тың­шы болуға көндіріп, кеңес жағына кері қайтарған.

Түркістан легионы батальондары, басқа да Шығыс легиондары сияқ­­ты, адамдары кеңес жағына топ-то­бы­мен қашып кете берген соң, неміс бас­шы­лығы оларға сенімсіздік көрсетіп, Еуропа елдерінің аумағына ауыстырды. 1943 жылы немістер жағы Гиммлер бас­қарған саяси полиция СС – гестапо мекемесінің аясында Шығыс легиондары батальондарының бір бөлігін біріктіріп, 162-жаяу әскер дивизиясын құрады. Бұл дивизия да, Түркістан легионының басқа бөлімдері де Еуропаның әртүрлі елдерінде партизандарға қарсы күресіп, күзет қызметінде болады. Бірақ ол жақта да Түркістан легионының адамдары кез келген мүмкіндікті пайдаланып пар­тизандар жағына қосылады. 1944 жы­лы 6 маусымда Одақтастар әскері екінші майдан ашқанда тіпті көбейе түседі. Италия, Югославия, Франция жерінде одақтастарға қарсы ұрысқа қа­тысқан Түркістан легионының батальондары біржола талқандалып, қолға түседі. Міне, немістер құрған Түркістан легионының қысқаша тарихы осындай. Екі жүйе, екіге бөлінген империялар арасындағы соғыста аз ұлт өкілдерінің тағдыры осылай тәлкекке ұшырады.

 

Қайдар Алдажұманов,

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты

 

(Жалғасы бар)