• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Білім 24 Сәуір, 2020

Оқытушылардың онлайн туралы ойы қалай?

642 рет
көрсетілді

Қашықтан оқыту жүйесінің бір тиімділігі студент ақпараттық технологиялар арқылы еркін түрде білім ала алады. Цифрлы әлеуеттің көкжиегін аша түседі. Сонымен қатар студенттер білімін жетілдіреді әрі өндірістен де қол үзбейді. Бұл жүйені жан-жақты қарастырып, ұтымды тұстарын жинақтап, біртіндеп қабылдап, жүзеге асырып жатқан жоғары оқу орындары бар.

Бүгінде көптеген ЖОО-да заманауи ақпараттық технологиялар мен телекоммуникациялық жүйелер негізінде қашықтан оқытудың элементтері енгізілген. Осыған байланысты еліміздегі алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының білікті оқытушы мамандарымен тілдесудің сәті түсті.

«ЖОО-лардың қашықтан оқыту жүйесіндегі ең басты нысан – үздіксіз білім беру, – дейді Назарбаев университеті Қазақ тілі мен түркітану департаментінің профессоры, педагогика ғылым­дары­ның кандидаты Зейнеп Наятул­лақызы.  – Осыған сәйкес универси­теті­мізге қашықтан оқыту технологиясы ешқандай қиындық туғызып жатқан жоқ десек те болады. Себебі онлайн білім беру процесі бірталай жылдан бері қолданыста бар. Мәселен, университетіміз Moodle жүйесімен жұмыс істеп келеді. Ол әлемнің 200-дей елінің ең ірі жоғары оқу орындарында қашықтан оқыту жүйесі ретінде қолданылады. Қазір­гі уақытта онлайн оқытуға ар­нал­ған құралдардың түрі өте көп. 2015-2016 жылдар аралығын­да АҚШ-тың Висконсин штатындағы Висконсин-Мадисон университетінде тағылымдамадан өттім. Білім ала жүріп, онлайн оқыту жүйесіне қатысты көпте­ген ақ­параттық технологияны мең­гер­дік. Солардың қатарын­дағы Socrative, Playposit, Peer­grade, Edpuzzle, Thinglink, Quizlet, Infographic, Mentimeter, Classroom, Slideshare, Pictochart, Smatrup және Flipped Learning and Blended Learning сияқты он­лайн оқыту бағдарламаларымен уни­верситетіміз студенттерге ақ­паратты тасымалдаудың тиімді­лі­гін арттыруда. Сондай-ақ Blended Learning оқыту жүйесі бойынша бұған дейін сабақтың 60%-ы дәрісханада өткізілсе, қазіргі таңда 40%-ы онлайн түрінде оқытылып жатыр. Мәселен, 2018 жылдан бас­тап Назарбаев уни­вер­ситетінде Қазақ тілі және түркітану депар­таментінің ұйымдас­тыруымен «STEAM жүйесі бойынша тіл оқыту: технологиялар мен дағды­лар» атты шетелдік және отан­дық тәжірибелерге негіз­делген әдіс­­темелік семинар-тренинг жүр­гізу­ді бастадық. Аталған семинар­дың басты мақсаты – Қазақ­стан­ның барлық оқу орнының оқы­ту­шыларына заманауи жаңа пе­да­го­гикалық технологиялар мен онлайн оқыту технология­ларын білім беру үдерісінде тиімді пайдалануды меңгерту. Семинарға Қазақстанның көптеген өңірі­нің ЖОО және орта білім беру орындарының 80-нен астам оқытушысы қатысты. Отандық оқу орындарызға онлайн оқыту­дың әдістемесімен бөлісуге қашанда әзірміз, қандай жағдайда да «Біз біргеміз!» деп айта аламыз».

Ал Қазақ ұлттық қыздар педаго­гикалық университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Болатхан Серғазыұлы: «Студенттермен әртүрлі платформамен жұмыс істеп келеміз. Қай платформаның тиімді, өздеріне ыңғайлы жақтарын таңдауға ықпалдасудамыз. Олар «Келесі жолы «drive.google.com немесе Zoom бағдарламасымен сабақ өтсек» деген ұсыныстарын айтып жатады. Енді міне, қашықтан оқыту жүйесінің талабы да кү­шейтілді. 43 мамандық бойынша педагогикалық мамандар даярлайтын университетіміз де қашықтан оқыту жүйесіне ауысып, түрлі бағдарлама арқылы дәрістерін онлайн түрде жалғастырып келеді. Мақсат – Гипермәтін, мультимедиа, ГИС-технологиясын және тағы басқа платформаларды қолдана отырып, дәрістерді мазмұнды түрде жеткізу», дейді.

Ал Еуразия гуманитарлық инсти­туты Қазақ және орыс фи­лологиясы кафедрасының мең­геру­шісі, филология ғылым­дары­ның кандидаты, доцент Лаура Ноғай­бекқызының айтуына қара­ғанда, онлайн оқыту жүйесі әлі бір ізге түспепті. «Биылғы оқу жы­­лы­­нан бастап, сырттай оқу жү­йе­­сі қашықтан оқыту жүйесіне ауыс­­ты­рылды. Онлайн оқыту жү­йесі қазір бір ізге түсті деп айта ал­­маймын. Әр оқу орнының ақыл­­даса отырып таңдаған бағ­дар­­ла­малары бар. Біздің институт AИС «PLATONUS» бойынша жұ­мыс істейді. OES-Webinar плат­­­фор­масын, ZOOM, SKYPE бағ­дар­­ламаларын онлайн-дәріс, се­­ми­нар өткізуде жиі қол­дана­ды. Институтымыз OPENU.KZ сайтында орналасқан «Жаңа гу­манитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында жоғары оқу орындары мен мамандары бірлесе әзірлеген онлайн-курстардың ұтымдылығын студенттерге жедел тасымалдауды қамтамасыз етіп жатыр. Жалпы, таңдаған бағдарламаларымызды сатып алу, орнату, басқа да мәсе­ле­лерді институт басшылығы дер кезінде шешіп отырады. Ал емти­хан өз уақытында өтеді деген ойдамын. Қазір онлайн түрде емти­ханға дайындық жұмыстарын бас­тап кеттік. Институтта студенттер үшін Call-орталық жұмыс іс­тей­ді. Студенттер емтихан, басқа да мәселе­лер бойынша кез келген уақытта хабарласып жағдайды біле алады», дейді ол.

 

Айым БОЛАТҚЫЗЫ