• RUB:
    4.74
  • USD:
    442.05
  • EUR:
    474.14
Басты сайтқа өту
Қоғам 09 Мамыр, 2020

Ата-әжемнің қастерлі мерекесі

286 рет
көрсетілді

Бабына жеткізе суарылған алмас қылыштай жалғанда мұқалмайтын қайратты, қажырлы, өмірге құштар жандарға Тәңір ие әуел баста-ақ айрықша қасиет сыйлап, кісілік келбетін, парасат пайымын өзгеден оқшау, дара сипатта жаратса керек. Маңдайға жазылған тағдыр сыйы мынау жарық әлемнің алапат жүгін арқаға салғанмен, асылында, адами болмысы сондай ерекше дараланған жан иесі ғана еңсесін тік, кісілігін кіршіксіз, абырой ар-ожданын айнадай таза ұстауды мұрат қылған.

Менің атам Тоқтасын Әби­молдаұлы 1916 жылы Шығыс Қазақ­стандағы оймақтай ғана Қызыл­шілік ауылында дүниеге келді. Ауыл молдасынан аз ғана сауат ашқан ол 1930 жылы Семей қаласындағы теxникумға оқуға түседі. 1942 жылы Ташкентте үш айлық әскери байланысшы оқуын бітіріп, майданға аттанады. Курск доғасы, Днепр өзенін қорғауға атсалысты. Киевті жау­дан азат етуге қатысты. Елдің елдігі, ердің ерлігі сынға түскен сол қиын-қыстау жылдары атам да табандылық танытқан жандардың бірі болыпты. Қан қасап майдан көріп, жауынгер етігімен сонау Берлинге жаяу жеткен атамыз жеңіс туын жел­біретуге қатысты. Қан майданда жүріп «Ерлігі үшін», «Украинаны азат еткені үшін», «Жуков» және өзге де орден-медальдармен ма­рапатталған.

Елге аман-есен оралған соң әжеміз Нұрзия Солтанбек­қызы­мен отау құрды. Атам өмірінің соңғы жылдарын Шығыс Қазақ­стан облысы, Жарма ауданына қарасты Кіші Қарасу ауылын­да өткізді. Тоқтасын атам дала мінез, бала көңіл жан еді. Ал, Нұр­зия апам қонақжай кісі бо­­латын. Өмір де адам ба­ла­сы үшін толқыған теңіз се­кілді емес пе. Желкеніңді жел кер­неген сәттерде алға сүй­реген ар­маның адастырып кетпес үшін бағыт-бағдарыңды айқындар темірқазық іспеттес жанашыр, ақылгөй жандар болады. Тә­ңірден тілеуіңді тілеп, ғұмыр жолыңның бақытқа толы күндер болғанын қалайтын тек шын жанашыр жандар ғана. Ол да әрине, менің атам мен апам еді. Сол ата-апамның ең қастерлі мерекесі Жеңіс күні болатын. Ес білгеннен бері білетінім 9 мамыр күні біз тайлы-тұяғымызбен қара шаңыраққа жиналып, мәре-сәре болып жататынбыз. Көп­тен қара көрсетпей кеткен қа­ладағы ағайын да ауылға ке­ліп арқа-жарқа. Ал біз болсақ омырауындағы орден-медальдары жарқ-жұрқ еткен атамыздың қуанышты жүзіне қызықтай қа­рап отыратын едік. Сол күні атам­­ның шаңырағына Өнербек, Жолдыбек, Ұлыпқан, Мәсәлім, Мұратқан, Әбушаxман және Жо­шы аталарымыз да түстене келіп, дастарқан басында әңгіме айтушы еді. Төрт жылдық қана білімі бар қазақтың сол бір қара шалдарының білмейтіні жоқ еді.

2009 жылдың 9 мамырын да дәл осылай тойлады. Дас­тар­қан басында атам: «Ау, ағайын, келесі жылы Жеңістің 65 жыл­дығы ғой, жұбымыз жазылмай, баршамыз осы шаңырақта жи­налайық. Алла амандығын берсе, тай сойып, той жасаймын, тек Алла соған жеткізсін», деді. Қа­тарластары: «О, бәрекелді, тек сөзіңде тұратын бол», деп жат­ты. Иә, Алла атамды сол 65 жыл­дық­қа жеткізді. Той да болды, бірақ атамның бұл соңғы көк­темі, соң­ғы Жеңіс мерекесі екен.

Менің кітап құмарлығым атам­нан дарыған қасиет пе дей­мін. Ол кісі де жастана жатып газет-журнал оқитын. Әр апта сайын републикалық «Егемен Қазақстан», облыстық «Дидар» мен «Рудный Алтай», аудандық «Рауан-Восход» пен төте жазумен шығатын «Шалқар» га­зеттерінің жаңа нөмірін асыға күтетін. Ба­сылымдар келген бойда рет нөмірлері мен беттерін түгендеп алады да көзілдірігін та­ғып, ма­қа­лаларды мұқият оқи­тын. Үзі­ліс жасаса, тоқтаған жерін қа­ламмен белгілеп қоятын. Кейін оқығандарын апама әң­гіме қылып айтып отыратын жарықтық. Газет тұрған жаққа жолай қалсақ, атам «не істейін деп тұрсың?» деп газет ұрлауға кел­генімізді сезіп қоятын. Ба­ла­мыз ғой. Сол кезде апам мар­құм бізді қорғап «Осы сен өлсең, сені осы газетке ораймыз-ау» деп қалжыңдайтын.

Атам мен апам ән тыңдағанды да ұнатушы еді. Әсіресе, Дос­хан Жол­жақсыновтың «Ауыл қарттары» таспасын жиі қой­ғызатын. Сондағы «Кемпірбай мен Әсет», «Екі жирен», «Те­міртас», «Ойлан, балам», «Ке­ненге көңіл айту», «Ақтоқ­ты­ның аужырын» тыңдай бергеннен біз де жаттап алған едік. Ал Жеңіс күні қарсаңында «Широка страна моя родная» әнінің таспасын қайта-қайта қойғызып, қосыла орындап отырғанын талай көр­дік. Кейде біз де жағаласып жат­­қанымыз. Сондағы атамның нұрлы жанарын көрсеңіз ғой. Ер­келігім бе, қызды-қыздымен кей­де мен саптағы кәнігі сарбаздай әрлі-берлі шерулік марш­қа басамын. Оныммен қой­май атамды да мәжбүрлеймін. Ол кісі менің кө­ңілімді жыққысы келмей, таяғын тастай сала жанымнан табылады.

Ата-әжем таңмен таласа тұ­рып, қас қарайғанша бел бүк­пеуші еді. Ауылдағы алма, шие ағаштарын да атам отырғызған. Өзі суаратын. Біз көмектеспек болғанда қарсылық білдіріп жатқаны. «Аталарың жатып қалмасын десеңдер, бұл жұмысты маған беріңдер, мен үшін дене шынықтыру ғой», дейтін.

Биылғы Жеңіс күнін де ата-әжемсіз өткіземін. Он жыл бұл шаңырақта атам бардағыдай мереке болған жоқ. Мені еркелете айтатын «Нәзәкөн» дауысын естімегенге де он жыл. Көзкөр­гендер: «Сенің атаң қиын­дықтан қаш­пайтын, түздегіні түгендеп, ауылдағыға ақыл-кеңесін аямайтын көпшіл еді», дейді.

Пенденің артында жүріп өт­кен өмірі, халқына жасаған жақ­сылығы, істері, мінезі, тағы бас­қаша қасиеттері қалады, та­разыға салынады. Жақсы адамды жұрт сағынады. Жылы жүзін жиі еске түсіреміз, нұсқалы бейнесін қара жер қойнына қи­май, көз алдымыздан өткеріп, өт­кен күннің сағымына көз тігеміз...

 

Ләззат НОҒАЙБАЙ,

журналист