Мамыр басталғалы күн суытып, жауын-шашын күрт көбейді. Дәл осы кезде қорық қызметкерлерінен қазақ даласындағы ақбөкендер төлдеп, құралайын өргізіп жатыр деген cүйінші хабар да жетті.
Табиғаттың тылсымы сол, Құралайдың салқыны кезінде етке құмар дала жыртқышы дәл осы уақытта тәбеті қашып, етке жақындай алмай қалады екен. Ал бұл сәтте ақбөкендер жаппай төлдеп, құралайлары аяғынан тұрып үлгереді.
«Мамырдың басы – ақбөкендер төлдейтін уақыт. Бұл кезеңде жылы күн райы жаңбырлы және желді болады. Бұл кезең тек екі аптаға созылады», дейді Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет.
Охотзоопромның инспекторлары, сондай-ақ орман шаруашылығы мен жануарлардың аумақтық инспекциясы бөкендерді браконьерлерден қорғап, бақылауға алған. Әйтсе де табиғаттың өз заңы бар. Жаңа туған дала еркесін оңай өмір күтіп тұрған жоқ. Әлсіздері өледі, кейбірі жыртқышқа жем де болады. Тек күштілері ғана аман қалады. Адамзат жаралғалы бірге жасасып келе жатқан киік қанша дәуір өтсе де құрып кетпей, тұқымын сақтап қалғандығымен ерекше.