• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Өнер 14 Мамыр, 2020

Тікелей эфирде – «FORTE-TRIO»

128 рет
көрсетілді

Белгілі пианист, педагог, «FORTE-TRIO» Мемлекеттік триосының жетекшісі Тимур Урманчеев live форматта тікелей эфирде өнер көрсетті. Бұл кеште қазақ, орыс, еуропа классикасының жауһарлары мен танымал ретро әндері орындалды.

Тимур Урманчеевті бұл жобада тек пианист ретінде ғана таныған жоқпыз. Музыкант әр шы­ғарманы бастамас бұрын ком­по­зиторлар мен туындының төл тарихын қызғылықты етіп әңгі­мелеп, өнер жайында жаңа бір сыр шертті. Бұл көрермендерге музыканы тереңірек түсінуге, автордың ішкі толғанысын өзінше сезінуге мүмкіндік берді.

– Концерттің форматы өте ерекше: бағдарлама бойы (екі сағатқа жуық) бірде-бір секунд бойыңды еркін ұстауға мүмкіндік жоқ, өйткені үнемі көрерменнің назарында боласың. Басқа әртіс­тер өнер көрсетіп, не болма­са жүргізуші сөйлеген уақытта сах­наның сыртына шығуға да мүмкіндік табылмайды. Тіпті көрерменнің ықыласы сезілетін қол шапалақтары естілмейді. Бұл құбылыс жат көрінгенмен, өте қызық және жаңа әсер сыйлайды! Карантин кезіндегі онлайн концерттер әртістерге кө­рермендермен байланысты жо­ғалтпай, орындаушылық ше­бер­лік­ті шыңдауға жақсы мүмкіндік берді. Бұған қоса, өнерсүйер қауым да үйден шықпай, сүйікті әртіс­терінің өнерін тамашалай алады. Тікелей эфирдегі концерттер көрермендер арасында жоғары сұранысқа ие болды. Тіпті қазіргі уақытта, біз, әртістер, тыңдарман қауым карантиннен кейін концерттік залдарға келе ме екен деп алаңдаймыз, – дейді ол.

Концертте вокалдық музыка аспаптық әуенмен тамаша үйлесті. Оның шақыруымен кон­церттік бағдарламаға трионың мүшелері, талантты музыканттар – скрипкашы Динара Базарбаева-Сахаман және виолончелші Мұрат Нарбеков, сондай-ақ белгілі әнші Азамат Жылтыркөзов қатысты. Вокалист қазақтың халық әні «Алқоңыр», Б.Шереметевтің «Я вас любил», Э.Григтің «Люблю тебя», Ф.Шуберттің «К музыке» және т.б. көптеген шығармаларды жан-дүниесімен орындады. Кеште баршаға таныс композициялар шырқалды, атап айтқанда, «Япурай», П.И.Чайковскийдің «Щелкунчик» балетінен интермеццо, М.Равельдің «Скерцо» және өзге де туындылар тың­дар­манға жол тартты.

Ерекше қошеметпен қарсы алған өнерсүйер қауым керемет музыка, ерекше жылы, жайлы атмосфера үшін алғыс айтып, музыканттар мен көрер­мен арасындағы қашықтық сезіл­мегенін айтып, қошемет біл­діріп жатты. «Музыканттарды осын­шалықты жақын көріп, орындау көркемдігін, барша қимыл-қозғалыстың әсем кербездігін, сезім­тал жүздерін, тіпті трио­ның жоғары кәсібилігіне қара­мас­тан, әртістердің сәл қобал­жыған сәттерін бақылау ерекше көңіл күй сыйлады!», деді тыңдарманның бірі.