«Халықаралық музейлер күні» кәсіби мерекесіне орай елордада «Музей түні» дәстүрлі акциясы онлайн форматта өтті. Әлем музейлерінің арасында кең таралған халықаралық білім беру жобасы биыл да қызықты, танымдық мәдени-білім бағдарламаларын ел назарына ұсынды.
Жобаның негізгі мақсаты – өткеннің тарихи-мәдени мұрасын сақтау және көпшілікке тарату мәселелерін өзектендіру, музейдің әлеуетін таныту және келушілерді, әсіресе жастар үшін өзіндік даму мен өзін өзі көрсетудің жаңа мәдени-зияткерлік мүмкіндіктерін арттыруды көздейді. Дәстүрге айналған тағылымды шара музейдің маңыздылығын арттыруға, тарихи және отбасылық құндылықтарды танымал етуге, өскелең ұрпаққа патриоттық, адамгершілік тәрбие беруге бағытталған. Іс-шара ең алдымен, жастардың жаңашыл идеялары мен бастамаларын қолдауға бағытталған.
– Баршаңызды бүгінгі Халықаралық музейлер күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Айтулы мереке жыл сайын біздің елімізде ғана емес, дүние жүзі бойынша барлық музейлерде кең көлемде атап өтіледі. Биылғы «Музей түні» мерекесі онлайн форматқа ауысып отыр. Халықаралық музей күні мерекесі 1977 жылы Халықаралық музейлер кеңесінің Бас конференциясында бекітілген. «Музейлер түні» акциясы Ұлттық музейде жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Алғаш рет 2015 жылы ұйымдастырылып, көпшілік тарапынан үлкен қолдау тапты. Бұл шара тек Халықаралық музейлер күні мерекесінде емес, Ұлттық музей бастамасымен «Наурыз» мерекесіне орай «Наурыз – жаңғыру нышаны» деген тақырыппен де ұйымдастырылып жүр, деді Ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы.