Құрметпен, Құлбек ЕРГӨБЕК.
Менің түркістандық болғаныма да бірнеше жылдың жүзі. Ататүрік аманат еткен бір сөз бар. Ол – “Россия империясына қарайтын біздің көп бауырларымыз бар. Ерте ме, кеш пе, СССР империясы тарайды. Коммунистік режим күйрейді. Дүние бір орында тұра бермейді. Сол кезде біздің бауырларымыз бостандыққа шығады, өздерінің тәуелсіздігін алады. Біз сол кезде бауырларымызға жәрдем беруге дайын болуымыз керек!” деген сөз. Ресейдегі түркі ұлт-ұлыстары тәуелсіздік ала бастаған сәттен біз оларға бауырмал жүрегімізді аштық. Не жәрдем керек – көмек көрсетуге даяр жүрдік. Өйткені, империялық жүйеден тәуелсіздікке шыққан ел түн-түнектен жарыққа, жарыққа болғанда да шақырайған күнге шыққанда көзі қарығатын адам сияқты күй кешеді. Тіпті оң-солын да бірден танымауы, тура жолды таңдауы – бәрі де қиынға түсуі мүмкін еді. Біз қолымыздан келгенінше жәрдем де бердік. Түркие Республикасында атқарған қызметіме қарай түркі дүниесін көп араладым. Содан да көп кісімен аға-іні, дос-бауыр болдым. Түркістан атауы біз үшін ерек-ше қастерлі. 1992 жылдан бастап Түркістанда Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік универси-теті жүмыс істей бастады. Мен осы жоғары оқу орнының Өкілетті кеңесінің төрағасы болып біраз жыл істедім. Қызметті бірге істеген соң қазақ ағайындарды тіпті жақыннан білдім. Дос-жараным бұрынғыдан да көп болды. Сол сеніскен азаматтың бірі – Құлбек Ергөбек. Түркістанда да, Түркиеде де Құлбекпен бірсыпыра кездестік. Кездескенде бірге тамашаларымыз – музейлер болады. Мәдениет ми-нистрі болған менің жаныма музей ісі жақын. Музей – мемлекеттің мәдени өрісі. Құлбек те бұрын музей қызметкері болыпты. Мәскеуде музейдің оқуын оқыпты. Музейлерді тамашалай жүріп экспозиция ізімен күллі түркі халықтарына ортақ – “Түрік қағанатына” дейін қиялдап бірге барып қайтамыз. Бұдан бірнеше жыл бұрын түркие түркологтары “Орхон” тас жазуларының үлкен альбомын шығарған еді. Менің жақсы таныс, сыйласым, үлкен түрколог һәм қайраткер Мырзатай Жолдасбеков “Орхон ескерткіштерінің атласын” жарыққа шығарыпты. Бұл – үлкен жетістік. Бұл Қазақстанда түркология ғылымының даму үстінде екенін көрсетеді. Түркологияның отаны – Түркістан болуы керек деп есептеймін. Түркістанда түркологиялық жиындар болып тұрады. Түркологиялық конгресс өткізіліп жүр. Халықаралық “Түркология” журналы жүйелі жарық көріп келеді. Оларға бұрын Шәкір достым мұрындық болушы еді. Енді Құлбек ұйымдастырып жүр. Мен соларға қатысқан сайын Түркістан жайында тәтті ойларға берілемін. Құлбек Түркістанда қазақ түркологы “Бейсембай Кенжебай-ұлының түркологиялық музейін” жасады. Арнайы барып көрдім, бақыладым. Күллі дүние түрколог-тарының тарихын жинақтапты. Тамаша музей болады деп ойлай-мын. Қызықтым. Қызықтым да, жалма-жан өзімде сақтаулы экспонаттарды музейге сыйладым. “Бізде – Түркияда мұндай түрко-логиялық музей жоқ” – деймін қуанып. “Мұндай түркологиялық музей Қазақстанда да, өзге түрік елдерінде де жоқ, – дейді Құлбек. – Тек Түркістанда бар!” Онысы дұрыс. Түркологиялық музей Түркістанға жарасады. Құлбек соңғы кезде “Түркі халықтары кітапханасын” ашамын деп жүр. Кітапхананы өзінің өмір бойы жинаған кітап қорымен ашпақшы. Тамаша ой. Үйіне барып кітапханасын көрдім. 1873 жылы Санкт-Петербургте басылған “Түркістан хайуанаттары” аталатын алтын жазулы, көнмен қапталған кітабы бар екен. Тап осындай “Шайбани-нама” көзіме оттай басылды. “Гранат”, “Брокгауз-Эфрон” энциклопедияларын көріп, таң-тамаша қалдым. Өзбек, қырғыз, татар, башқұрт, алтай, ноғай, хакас... дегендей түрлі түркі халықтары тіліндегі кітаптары бар екен. Қ.А.Ясауи атындағы ұлысаралық қазақ-түрік университетінде 29 түркілік ұлт, ұлыстардың балалары білім алуда. Егер “Түркі халықтары кітапханасы” ашыла қалса – солар келіп оқиды. Құлбекке ағалық алғысымды айттым. Өз кітапханамнан түркологияға қатысты кітаптардан бермек болып уәде еттім. Мұндай кітапхана “Түркі ұлт, ұлыстарының” ешқайсысында жоқ, тек Түркістанда бар!” – дейді Құлбек. Шынында қызықты іс. Өзінің үш қабатты үйін ұсынып, өзінің 16 мың кітап қоры бар кітапханасын беріп, осындай күллі түркіге ортақ іс істеу – Құлбек Ергөбектің үлкен адамгершілігі, әрі үлкен ерлігі деп білемін. Түркі мемлекеттерінің ішіндегі ең жаңашыл Президент Н.Ә.Назарбаев “Түркістан – түркі халықтарының ортақ рухани астанасына айналады” деген. Түркістанда жасалып отырған түркологиялық істердің бәрі Н.Ә.Назарбаевтың айтқан осы ойын жүзеге асыру жолында жасалып жатқан игілікті істер деп ойладым. Қолымыздан келгенінше Құлбек Ергөбектің бұл мәдени істеріне халықаралық қорлар арқылы көмек беруіміз керек. Міне, бүгіндері Түркістан-дамын. Мен Түркістанға келген сайын Құлбек достым, інім бір жаңалық ойлап тауып қояды. Сәлем бере келіп, әңгіме үстінде өзінің “Түрікстан жинағы” аталатын кітап шығарғысы келетінін айтты. “Түркістан жинағы” деген кітапты құлағым шалғаны бар еді. “Сондай жинақ па?” – деп сұрадым. “Жоқ. Бұл басқа. Ол “Түркістан жинағы”. Орыс генерал-губернаторы шығарған. Ал менің шығаратыным “Түрікстан жинағы”. Жинақ – менің түркі халықтары әдебиеті, өнері, тарихы, этнографиясы жайында өзімнің жазған мақала, зерттеулерімнен тұрады” – дейді. “Сонда ол “Түркістан” емес пе? – деймін. Ол: “Түркістан” емес, “Түрікстан” – дейді. Мен түсіндім. Құлбек “Түркістаннан” бір кездегі айдынды “Түрікстанға” сапар шекпек. Құшағы кең дүние екен! Күллі түркі дүниесінің руханиятын құшағына сыйғыза сөйлеуге біздің досымыздың дайындығы жетеді, білімі көтереді. Жолы ақ, кедергісі жоқ болсын! Намық Кемал ЗЕЙБЕК, Қазақстан Республикасы Президентінің Бейбітшілік пен татулық сыйлығының лауреаты. РЕДАКЦИЯДАН: Киелі қала – Түркістаннан тағы бір игілікті іс бастау алған екен. Сол жаңа кітапқа қолдау ретінде автордың тілек сөзін де, бүкіл түркі дүниесіне аты қадірлі азамат Намық Кемал Зейбектің алғысөзін де қатар жариялай отырып, мына бір жайға оқырман назарын аударғымыз келеді. Ол – кітап атауындағы – “Түрікстан” сөзі. Әрине, біз бәріміз де ежелгі көк түріктердің бүгінгі ұрпақтары екендігіміз талассыз. Сұлтанмахмұттың “Арғы атам – көк түрік” деген өлеңі де белгілі. Әйтсе де, уақыт өте келе тарихи даму жолына байланысты бір кездегі тұтастықтың заңды түрде әртүрлі өзгерістерге түскенін, түбі бір халықтардың өз алдына отау тігіп, әуелі оғыздар, қыпшақтар болып бөлінгенін, одан әрі қазақ, өзбек, түрік, әзірбайжан сияқты тармақталғанын, сондай күрделі үдерістер нәтижесінде “түрік” атауы бүгінде Түрік Республикасын мекен ететін ағайындарымызға тиесілі болып қалыптасқанын, ал түбі бір, тілі бір, діні бір барша туыстарға “түркі” сөзі ортақ атау ретінде орныққанын да ескермеуге болмайды. Қара шаңырақтағы қаланың аты да баяғыдан “Түркістан” делінетіні сондықтан. Демек, Құлбек Ергөбек кітабының атауындағы “Түрікстан” сөзін автордың ағайынды халықтардың басын біріктіре түсу жөніндегі игі ниетінің көрінісі деп санаған, ал тарихи өңір атын да, қасиетті қала атын да “Түркістан” күйінде айта, жаза берген жөн болады.
•
07 Сәуір, 2010
ҚҰШАҒЫ КЕҢ ДҮНИЕ
888 рет
көрсетілді