Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында митингтер туралы заңнаманы жетілдіру бойынша нақты міндет қойды.
Онда Президент «Конституцияға сәйкес азаматтарымыздың өз ойын еркін айтуға құқығы бар. Егер бейбіт акциялар заңның шеңберінен шықпайтын және азаматтарымыздың тыныштығын бұзбайтын болса, бұған түсіністікпен қарап, жиындарды өткізу үшін арнайы орын бөлу қажет. Мұндай орындар қаланың шетінде болмауы тиіс. Алайда заңға қайшы және бұзақылық әрекеттерге шақыратын үндеулерге заң шеңберінде тосқауыл қойылады», деп көрсетті.
Бейбіт жиналыстар бостандығының кепілдігі Конституцияның 32-бабында «Қазақстан Республикасының азаматтары бейбіт әрі қарусыз жиналуға, жиналыстар, митингілер мен демонстрациялар, шерулер өткізуге және тосқауылдарға тұруға хақылы. Бұл құқықты пайдалану мемлекеттік қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп, денсаулық сақтау, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мүдделері үшін заңмен шектелуі мүмкін», деп бекітілген. Елімізде мұндай іс-шараларды өткізу осы уақытқа дейін «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» 1995 жылғы 17 наурыздағы арнайы заңмен реттеліп келген.
Соңғы жылдары бейбіт митингілерді өткізуді реттейтін заңға өзгерістер енгізу қажет екені туралы мәселелер белсенді түрде көтерілді. 1995 жылғы заң ескірген және қоғамның қазіргі заманғы талаптарына сәйкес келмеді. Сарапшылардың айтуынша, бұрынғы заңда бірқатар негізсіз шектеу орнатылып, жергілікті атқарушы органдарға өтініштерді еркін түсінуге және бейбіт жиналыстарды өткізуден бас тартуға кең өкілеттік берілді. Сондай-ақ алдыңғы заңның басты кемшілігі «жиналыс», «демонстрация», «шеру», «митинг», «пикет» ұғымдарының нақты түсіндірмелерінің болмауында еді. Яғни азаматтардың белгілі бір жиналысы мен шараларын заңсыз жиналыс немесе пикет деп тануға мүмкіндік бергені айтылды.
Сонымен қатар сарапшылар жергілікті атқарушы органдардың жиналыстар өткізуге рұқсат еткен орындары әдетте елді мекеннің шетінде орналасқанын атап өтті. Бұл аталған іс-шараларға қатысушыларға қолайсыздықтар туғызып қана қоймай, оларды дұрыс жиналуына кедергі келтірді. Жиналыстар ол жерлерде өткен күннің өзінде қала орталығынан алыстау болғандықтан, оны ұйымдастырушылар мен қатысушылардың үні қажетті деңгейде естілмей, назардан тыс қалды. Бұл митингіге шыққандардың наразылығын күшейтті.
Заңда митингіге қатысушылар мен оқиға болған жерден өтіп бара жатқан адамдар, сондай-ақ журналистер, құқық қорғаушылар және басқа да байқаушылардың мәртебесі нақтыланбады. Акцияның заңсыздығы үшін жауапкершілікке тарту тұрғысынан олардың бір-бірінен ешқандай айырмашылығы болған жоқ. Нәтижесінде, іс жүзінде кейбір жағдайларда журналистер мен кездейсоқ бақылаушылар жауапқа тартылды. Сондай-ақ 1995 жылғы заңнамада мемлекеттік органдарды, ең алдымен, құқық қорғау органдарын азаматтардың бейбіт жиналыстарға қатысу құқығын пайдалануына көмек көрсетуге және заңды бейбіт жиналыстың қатысушыларын қорғауға міндеттейтін ережелер жоқ.
Жаңа заңды дайындауға белсенді азаматтар, сарапшылар, ҰҚСК мүшелері қатысты. Заң Парламентте бірнеше рет талқыланды. Сенат түзетулер енгізіп, оны Мәжілістің қарауына қайта жіберді. Осылайша ескі заңнаманың барлық кемшіліктері мұқият талданып, қайта қаралды, жаңа жағдайлар мен уақыт талабы ескерілді.
Президент қол қойған бейбіт жиналыстар туралы заң «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын сәтті жүзеге асырудың бір мысалы болды. Өйткені осы заңның қабылдануымен билік пен қоғам арасындағы байланыс арнасы кеңейіп келеді. Кез келген наразылық шарасы – билікке құлаққағыс, сондай-ақ қоғамның жай-күйін білу үшін қазақстандықтардың белсенді бөлігімен байланыс орнату әдісі. Жаңа заң демократиялық қоғамның талаптарына сәйкес митинг өткізудің мәдениетін қалыптастыруға септігін тигізеді.
Зарема ШӘУКЕНОВА,
Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры