• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Әдебиет 28 Мамыр, 2020

Жазушылықтан мақтанға дейін

799 рет
көрсетілді

Әр сөзі һәм әр ісі ар таразысымен өлшеніп, ар сотымен шешілетін әдебиетте творчество адамдарының сыңары болуға айналған мақтан деген бір мінез бар. Әрине, жақсы мінез емес: сүйкімсіз болса да мықты мінез. Мықтылығы сол, небір мүйізі қарағайдай классиктерді ығына алып жықты. Басына қандай күн туса да мақтанбайды дедік: мақтанды. (Мына біздер, классик жазушының жаман мінездерден ада болғанын қалаймыз һәм талап етеміз! Бұнымыздың дұрыс-бұрысын кім біліпті?..) Енді бір жағынан суық ақылмен ойлап қарасақ, өзі классик (және өзі қазақ) һәм жазғаны шедевр жазушы мақтанбаса, тағы ұят сияқты. Әйтпесе, мақтауды кім керек етпейді? Мақтанды кім іздемейді? Бұл, жарықтық, бәріне керек. Негізгі түйткіл мақтауды кім, кімге, қалай айтуында болып отыр.

Жүректі жібітіп, көңілді иітер жылы сөздің адам атаулының Һаммасына ұнайтыны әлімсақтан белгілі. Әгәрәки, мінезімізге, яки ісімізге қатысты жақсы бір пікірді құлағымыз шала қалса, еріксіз езуімізге күлкі үйіріліп, жанарымыз жайнап сала береді. Ал, Құдайыңыз молынан беріп, сол мақтауды көзімізше айтса, жер басып тұрғанымыз не тәйірі: аспанда қалықтап ұшамыз. Ең ұлы бақыт осы. Ең тәтті сәт те осы. Естіп тұрып, қанша жерден өзіңізді салмақты һәм салқынқанды ұстаймын десеңіз де, бетіңіздің қытығы келіп, жымия бересіз, жымия бересіз. Адамдық кейпімізге ішіміз жылып, мақтаудың иесіне де көл-көсір риза пейілмен қарап, жалған дүниедегі «ең жақсы жүректің иесін» тапқандай мәз-мейрам бола қаламыз (тіпті, көңілі бостар жылап жіберуі де мүмкін). Әлгі әп-әйбат сөз құлақтың құрышын қандырып, көңілдің тәтті қылын шерте зуылдай өтіп, жүрекке жеткен соң қоғамға һәм өмірге деген көзқарасымыз қайта туғандай сұмдық күй кешіп, бұдан да биік шыңға шығуға өз-өзімізге, қала берді Тәңірге мың мәрте уәде беріп, тоқтай алмай әлекке түсеміз. Әрине, бұл аяқасты талпынудың һәм ант-су ішудің ұзақтығы әлгі мақтаудың буы басылғанға дейін ғана созылмақ. Ыстық-суығы кеткен соң денеміз балбырап, баяғы күйбең тіршілігімізге аяңдап қайта ораламыз. Адами инстинк.

Әдебиетті ардың ісіне балап, осы өмірдегі бәрі-бәрінен биік қойғанымыздан болар, мақтау мен мақтанның сөз өнеріндегі жолы да, жөні де бөлек. Әлдебіреу жайында сөз қозғап, мақтау үшін де, даттау үшін де талғам керек. Ал әділдік екібастан. Орыстың әйдік сыншысы Белинский Гогольге жазған хатында: «Я не умею говорить вполовину, не умею хитрить: это не в моей натуре. Пусть Вы или само время докажет мне, что я ошибался в моих о Вас заключениях, – я первый порадуюсь этому, но не раскаюсь в том, что сказал Вам» дейді. Сөз-ақ. Қазақ әдебиетіндегі ара-тұра бой көрсететін бүгінгі сынның да деңгей-дәрежесі Белинскийдің Гогольге айтқанындай әділ әрі сенімді шықпай, әзір мақтаудан аспай тұр. Мақтаудың аға буын өкілдерінен бұрын сыншы-әдебиеттанушы қауымға үйреншікті мақамға айналғанынан болар, соңғы уақытта мақтау һәм мақтану дегеніңіз мінез емес, ғадетке ұласты. Әлқисса.

Жосықсыз мақтау орынсыз айтылған мадақ сөзден шықса керек-ті. Ал жөнін тауып, ретін біліп, бастысы шындықтан алшақ кетпей мақтай алсаңыз, кей-кейде творчествоға пайдасы тиюі мүмкін (және бір сөз: мақтауға шімірікпей айтатын сіз де, еститін ол да лайық болуы керек!) Орайын тауып айтылған мақтау санатындағы жылы лебіздерді кешегі өткен қаламгерлер өмірінен байқағандай болдық. Қазақ әдебиетінің ақын-жазушылары жиналған бір отырыста сөз кезегін алған Ғафу Қайырбеков ақын ағасы Хамит Ерғалиевке былай деп ықылас білдіріп: «Бір топ жүйрік даланың шаңын аспанға көтеріп, шауып келе жатыр. Көп дүрмектің алдында даланың ауасын еркін жұтып ақ боз арғымақ келеді. Сол арғымақ Сізсіз, Хама. Мен анау көп шоғырдың ішіндемін». Хамит Ерғалиев бұл сөзге қатты толқып: «Ғафу, рас айтасың, бір топ жүйрік даланың шаңын аспанға көтеріп шауып келе жатыр. Сол даланың таза ауасын еркін жұтып, мен ағып келе жатқанымда, соңымнан қара үзбей келе жатқан торы құнанның демін естимін. Адымымды кең алып, сермей түсемін. Әлгі құнан да қалысар емес, маған жетер-жетпес жерде келе жатыр. Сол сенің құнаның, Ғафужан!» – деген екен. Мұхтар Әуезовтің Зейнолла Қабдоловқа айтқан («–Кім болам, кім болам! Неге Бегей боласың?! Қолыңнан келсе, мен бол!») ұстаз лебізінің астарында сөзұғар адамға қаншама мақтауға тұрарлық мағына жатқанын аңғару қиын емес, сірә. Әдеби ортадағы замандас қаламгерлердің бір-біріне қуат берер, шабыс берер мадақ сөздері осындай-ақ болса дейсің. Ал кей мақтауға да, даттауға да бергісіз пайымдар дөп түсер дәлдігімен һәм шынайылығымен есте қалыпты. Чехов өзінің пьесаларын ұнатпаған Толстой туралы: «Бір ғана жұбанышым бар, бірде ол маған: «Сіз білесіз бе, мен Шекспирді оқи алмаймын. Бірақ, сіздің пьесаларыңыз оныкінен де жаман. Шекспир, қанша дегенмен, оқырманын жетелеп, оны белгісіз бағытқа ала жөнеледі. Ешқайда бұрылуға мүмкіндік бермейді. Ал сіздің қаһармандарыңыз қайда апарды?» – деді. Ол сырқаттанып жатқан болатын. Мен қоштасып жатқанда қолымды алып, көзіме қарап тұрды да: «Антон Павлович, сіз жақсысыз», – деген. Одан кейін күліп, қолымды жіберді де: «Ал пьесаларыңыз бәрібір нашар» деді», – деп толғанады. Сондай-ақ Сәбит Мұқановтың замандастары хақында айтқан («Мұхтар мен Ғабиттің еуропалықтарға ұсынатын ештеңесі жоқ. Бұлардың айтып жүргендері оларға бұрыннан таныс. Жауыр болған дүниелер. Оқиға өзгеше болғанмен, ой баяғы! Орысша айтқанда вторично!») пікірі даттаудан гөрі өзімсінгенге ұқсайды. Жалпы, бір заманда өмір сүрген қаламгерлердің бірін-бірі турасындағы айтқан лебіздері әдеби ортадағы үнсіздікті ара-тұра бұзып тұратынын жасырмаймыз. Осы орайда көп жиындардың бірінде естіген Тынымбай Нұрмағамбетовтің мына бір сөзі («Оралхан, Сайын, Қалихан – талантын қызметке ауыстырғандар») еріксіз еске түседі. Күні кеше ғана әдеби сахнаны дүр сілкіндірген Мұхтар Мағауинді нашар жазушы атандырып, Асқар Сүлейменовті жазушылықтан алыстатқан Рахымжан Отарбаевтың азаматтық һәм жазушылық пікіріне шек қоя алмаймыз. Тек, бір білеріміз – әдебиеттегі айтылған әр сөз жазушының түр-тұлғасына, яки шығармашылығына қатысты қандай пікір болсын шындыққа құрылып, әсірешілдіктен ада болмаса, оның құр мақтанға, бос сөзге айналуы бір-ақ сәт.

Осы мақтан, әсіресе творчество адамдарына неге үйір болды? Неге ақын-жазушылар түртіп қалсаң, мақтануға дайын тұрады? Ақиқатында, адам ең алдымен жазушы атанып, бірді-екілі сәтті шыққан шығармасына абайсызда айтылған мадақ сөзді көтере алмай (рухани тұрғыда), буына мастанып, мақтаншақ боп кетті ме (біздіңше, осы нұсқа дұрыс сияқты), әлде жазушылықтан бұрын, яғни туабітті тым тәуір мақтанатын ба еді? Кімнің қалай мақтанға ұрынғанын өз іші білер, біздің бұдан әрі тереңдеуге құлқымыз да, хақымыз да жоқ. Дегенмен, мақтаныш бәрімізге тән һәм ортақ: айырмасы мақтанды кімнің қай жерде және қашан көрсетуінде ғана.

Тұрсынжан Шапай «Мақтанға мадақ!» атты мақаласында мынадай бір үзінді келтіреді: «Жақында Әкім аға Тарази бір жиында: «Осы грузиндер неге ұзақ жасайды, білесіңдер ме?» – деп сұрады. Біз қайдан білейік: біреуіміз – таудың, біреуіміз – судың, енді біріміз – шараптың күші дедік. Лағып кетіппіз. Мұның бірі де емес екен. Сұрақ қоюшының айтуынша, оның басты себебі – грузиндердің бір-бірін қатырып мақтай білетіндігінде көрінеді...» Қызық. Біздің ақын-жазушылар да, бәлки, ұзақ өмір сүргісі келетін шығар. Белгілі жай ғой, кім-кім де болсын, қартайғысы келмейді, қартайса да мына өмірді қиып кеткісі келмейді. Өмір болғанда да, анау-мынау өмір емес, атақ-даңқы, том-том кітабы һәм оқырманы тағы бар. Расында, айтайын дегеніміз бұл емес, біреудің абыройын аспандатып мақтау, жылы сөзбен шабысына шабыс қосу, талантына жарық түсіру, көңіліне  медет болу, әрине, жақсы. Егер ол сол сөзіңіздің салмағына тұратын болса ғана. Әгәрәки, мақтауыңыз сәл-пәл оның деңгейінен асып кетсе немесе мадақ сөзіңізді автордың мақтауға қарсы иммунитеті төмен болып, рухани тұрғыда көтере алмай, шалыққа ұрынып, енді ешқашан тәуір шығарма жаза алмайтындай болса, не керек, обалы сіздікі. Өмірінің соңына дейін сіз мақтаған шығармасын бетке ұстап, сіз айтқан сөздерді медет тұтып, өнімді еңбек етпейді, бірақ, уақыттың ағынымен мақтаншаққа айналып бара жатады (кейін халтурщикке де айналар, кім біледі...) Бәлки, одан талантты қаламгер шығар ма еді? Кім кінәлі: мезгілсіз айтылған мақтау сөз кінәлі. Пушкин: «Хвалу и клевету приемли равнодушно» десе, ал Абай: «Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап» деді. Шама-шарқыңыз жетсе, осы бір есті сөзге тоқтағаныңыз абзал, қадірлі қаламгер.