• RUB:
    4.75
  • USD:
    441.44
  • EUR:
    473.09
Басты сайтқа өту
Пікір 02 Маусым, 2020

Енді сол зұлматтар қайталанбасын!

240 рет
көрсетілді

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай үндеуін оқып, танысып шықтым да, ой үстінде қалдым.

Расында да адамзат тарихында бірде-бір мемлекет өз халқына дәл Кеңес Одағындай зұлымдық жасамаған болар. Президентіміз өз үндеуінде «ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін зобалаңы – халқымыздың тари­хындағы қасіретті кезең» екендігін айта отырып,  біздің еліміз бойынша ғана 100 мыңға жуық азаматымыз қуғын-сүргінге ұшырап, соның 20 мыңнан астамы атылғандығын және де Кеңес заманында өмір сүрген ха­лықтарға «үлкен террордың» орасан зор қасірет әкелгенін, зұлмат жылдарда Қазақстанға КСРО-ның түкпір-түкпірінен бес мил­лионнан астам адам жер аударыл­ған­дығын атап көрсетіпті. Сол қиын да қасіретті кезеңде біздің халқы­мыз кез келген ұлттың баласын бауырына басты. Өздері жарымай отырса да, құрт-майымен, бауыр­сағымен бөлісті, төріне отырғызды. Қазақ­тар­дың сол мәрттігі, сол адалдық­тары, сол дархандықтары, Адамзат  тарихы­ның алтын беттеріне алтын әріп­термен жазылғаны да абзал болар еді. Елордада өткен бір жиын­да «Егер де әлем бойынша адал да төзімді бір халыққа Нобель сый­лығы берілетін болса, оған тек менің қазақ деген халқым ғана ла­йықты» деп  айтқан да болатынмын!

Шүкір, тәуба дейміз! «Кең бол­саң кем болмайсың» деген ата-баба көңіл-ниетімен өмір сүре жүріп, Тәуел­сіз ел болдық! Тағы да сол кеңдігімізге бағып, Қазақстанды мекен­деп отырған барлық диаспо­раға жағдай жасап отырмыз. Ел­дің бірлігін, ынтымағын ойлап, соны бәрінен де биік қоямыз. Мем­ле­кет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз үндеуінде былай дейді: «Тотали­таризмнен зардап шеккен көп­теген ұлт өкілдері үшін қазақ жері құтты мекенге айналды. Ата-ба­ба­ларымыздан дарыған қайсар­лық пен төзімділіктің арқасында қа­таң сыннан абыроймен өтіп, біртұ­тас ұлт ретінде бірігуге мүмкіндік ал­дық!».

Мемлекет басшысының үн­деу­ін­де «Бүгінде республика өңірлер­інде «Қазақ халқына – мың алғыс» мо­нументтері орнатылған. Бұл – қазақ жұртының ақ пейілі мен даналығына деген шексіз риза­шы­лық­тың белгісі» деген жолдар бар.  Және де Президентіміздің «Тари­хи әділдікті қалпына келті­ру жұмыстарын аяқтап, саяси қу­ғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комис­сия құруды тапсырдым» деп отыр­ған­дығы осы мәселені толық жеріне жеткізуді мақсат еткені де болар деп ойлаймыз.

Қазақ халқының қасіретті кезеңі­нің әлі де ақтаңдақ беттері көп. Әлі күнге дейін кәмпес­ке, яғни қазақ байлары мен ауқатты­ларын кәмпескелеу тарихы толық зерт­телген жоқ. Аштық осы кәмпес­ке­леу­ден басталғаны анық.

«Біз жазықсыз жазалан­ған­дар­дың әрқайсысын есте сақтау арқылы ғана кемел келешекке жол ашамыз. Болашақтың берік негізі Тәуелсіздіктен бастау алады», деген Қасым-Жомарт Тоқаевтың үндеу сөзінде айтылған қағиданы әр­дайым жадымызда ұстау арқы­лы келер күндеріміз бен келер ұрпа­ғымызды заңсыздықпен жасал­ған сүргіндерден аман сақтап тұра­ры­мыз бар. Саяси қуғын-сүргін­нің қасі­­ретті зардабын тартқан ұрпақ­пыз біз де! Енді сол зұлматтар қайта­­лан­басын! Елдің бірлігі мен ын­ты­мағын сақтау арқылы өркен­деу­ге жазсын!

 

Жабал ЕРҒАЛИЕВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Сенаторлар кеңесінің мүшесі