Елбасының дәстүрлі Жолдауы ел өмірінің өскелең жағдайға жетіп, әлемдегі әлеуетті мемлекеттер қатарына енуін негіздеп, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталып келеді. Әрине, әрбір мемлекеттің басты байлығы адам болғандықтан, оған қажетті барлық мүмкіндік қарастырылуы тиіс. Жолдауда осы мүмкіндіктердің бас-аяғы түгел қамтылған. Мен солардың ішінде білім беру бағыттарына берілген жауапкершілік жөнінде аз-кем пікір қоссам деймін.
Мемлекет басшысы әрдайым жастарға үміт артып, ел ертеңінің тізгінін және тұтқасын ұстайтын елжанды азаматтарды тәрбиелеуге баса назар аударып отыр. Бұл тұрғыда өзімнің сол жастардың қатарындағы орнымды және де білім беру саласында еңбек ететінімді алсам, Жолдау жүктегендей біздің де атқарар жұмыстарымыздың жауапкершілігі аз емес сияқты. “Балапан” арнайы бағдарламасы бойынша, сондай-ақ 2020 жылға қарай орта білім беруде 12 жылдық оқыту моделінің негіздері бүгінгі мұғалімге көп көңіл бөлу қажеттігін айғақтай түседі.
Ұрпақ тәрбиесі қай дәуірдің де талабында тұрған басты борыш. Сондықтан, оған деген ата-ана мен мектептің бірлескен жұмыстары бәсең тартпаған. Ал. ХХІ ғасырдың оқу талабы өте күрделі, маңызды болып отыр. Өйткені, жаңа технолиялық даму айшықтарын оқушы санасымен сабақтастырудың сәтті қадамдарын мұғалім меңгеру керек. Біз осы меңгерудің мың сан жолдарын қарастыра отырып, оқушыға кемел келешегіміздің көкжиегін көрсетуіміз тиіс.
Мен тарихшы ретінде оқушыға білім мен ғылымды қатар алып жүрудің әдістемесін негізге аламын. Сол негіз көптеген оқушыларға ой салып, ғылымға бет бұруға алғышарт жасайды. Демек, Елбасы Жолдауында айтылғандай, білім беру бағытындағы жауапкершілікті сезініп, өз міндетімізге адал еңбекпен атсалысуды абзал борышымыз санаймыз.
Гүлжауһар ЫСҚАҚОВА, №222 орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі.
ҚЫЗЫЛОРДА.