• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 04 Маусым, 2020

«Күй-live» домбырашылар конкурсының жеңімпаздары анықталды

618 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысындағы Ғ.Құрманғалиев атындағы филармония ұйымдастырған Дәулеткерей Шығайұлының 200 жылдығы және Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің құрылғанына 20 жыл толуына арналған республикалық домбырашылардың «Күй-live» конкурсының жеңімпаздары анықталды.

Конкурс Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, Батыс Қазақстан облысы әкімдігі, облыстық мәдениет басқармасының ұсынысымен Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармониясының ұйымдастыруымен  27 сәуірде жарияланған болатын. Өтініштерді қабылдау 27 мамырда аяқталды.

– Конкурстың мақсаты – дүниежүзі бойынша және елімізде жарияланған карантин уақытында халықтың еңсесін көтеру, төл аспабымыз – домбыраға деген қызығушылықты арттырып, жастар арасында оң көзқарас қалыптастыру. Дәулеткерейдің күйлерін халыққа кеңінен насихаттап, еліміздің түкпір-түкпіріндегі домбырашылардың репертуарын баба күйлерімен толықтыру.  Бір ай ішінде еліміздің әр түкпірінен конкурсқа  қатысуға ниет білдірген 105 қатысушының өтініші қабылданды. Қазылар құрамы үміткерлердің  жолдаған бейнежазбалары  бойынша орындау шеберліктеріне, күйдің тарихын жеткізе  білулері, артистизм және видеоның сапалы түсірілуі бойынша баға берді, – деді Ғ.Құрманғалиев атындағы филармония директоры Асхат Қажығалиев.

Байқауға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Махамбет атындағы сыйлықтың иегері, профессор, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ұстазы Карима Сахарбаеваның төрайымдық етуімен ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, профессор, дирижер Айтқали Жайымов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Батыржан Мықтыбаев, Еңбек сіңірген қайраткері, домбырашы Орынбай Дүйсенов, Мәдениет саласының үздігі, Мемлекеттік «Дарын» жастар мыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Еркін Нұрымбетовтер төрелік етті.

Қазылар алқасының шешімімен алматылық Таңат Сәденов онлайн байқаудың гран-приін жеңіп алды. Бірінші орын қос домбырашыға берілді. Оны да алматылық домбырашылар Ерасыл Әділбеков пен Ақылбек Бектасов иемденді.

Нұр-Сұлтан қаласынан Әнел Бекенова, Алматы қаласынан Жақсылық Ажмұханов және қызылордалық Абылайхан Сқақовтар – жүлделі екінші орынды қанжығалады.

Үшінші орынның жүлдесіне  Нұр-Сұлтан қаласы атынан қатысқан Естай Айтқұлов (Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясы), атыраулық Назерке  Базарбаева және  оралдық Аңсар Бердіғалиев лайық деп танылды.

Сондай-ақ павлодарлық Серік Сыздықов, шымкенттік Шыңғыс Исаев, Нұр-Сұлтан қаласынан Тоғжан Үмбет, Алматы облысы М.Түймембаев ауылының домбырашысы Мақсат Хасанов және  Жамбыл облысынан қатысқан Панабек Ахметовтер дипломант атанды.

Орал қаласынан Берік Шаймарданов «Күй тарихын аша білгені үшін» номинациясымен,  Қызылорда облысы Қазалы ауданынан Қуаныш Рахмет  «Көрермендер көзайымы» аталымымен марапатталды.  Қазақтың ұлттық аспабы – домбыраны меңгеріп, насихаттағаны үшін атыраулық Мастерс Сабина Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармониясының «Арнайы жүлдесі» сыйлығымен марапатталады.