• RUB:
    5.52
  • USD:
    475.62
  • EUR:
    519.23
Басты сайтқа өту
08 Маусым, 2020

Оңтүстікафрикалық қоғам қайраткері Президентіміздің бір жылдық жұмысына баға берді

291 рет
көрсетілді

2020 жылы, 12 маусымда Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаның Қазақстан Республикасының жаңа (екінші) Президенті лауазымындағы ұлықтау рәсіміне бір жыл толады. Бірінші президенттік жылы Қазақстан лидері өз міндеттерін аса абыроймен атқарып, ішкі мәселелерді шешуде де, халықаралық сахнада да тиімді ынтымақтастық орнатуда үлкен жетістіктерге қол жеткізді.

 

Бұлардың қатарына: Қазақстанға да жайылған COVID-19 ғаламдық індетімен күресу, Қазақстанның Түркістан облысындағы техногендік апаттардан (Арыс қаласындағы әскери бөлімшенің оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстарға, сондай-ақ Мақтаарал ауданындағы су тасқынына орай) зардап шеккендерге тиісті көмек көрсету үшін аса тиімді, дұрыс және уақтылы шешімдер қабылдау, ұлттық заңнамаға өзгерістер енгізу арқылы демократияландырылған саяси реформаларды жүзеге асыру, сондай-ақ әртүрлі өзге де бағдарлар бойынша көптеген басқа да жетістіктер жатады.

2019 ж. мен 2020 ж. ортасында Президент Қ.Тоқаев, көреген саясаткер және көрнекті дипломат ретіндегі өзінің аса жоғары беделін тағы бір рет көрсетті және дәлелдеді.

Әйгілі елдестірушілер: "Ешкім халықаралық дипломатияны атқару қабілетімен туылмайды", - деп айтады. Шынында да, өз елінің басқа мемлекеттермен қарым-қатынасын басқару, жаһандық, құрлықтық және өңірлік жағдайды жақсы түсіну, сондай-ақ сыртқы қоғамдармен байланыс орнату, шетелдік үкіметтерге және олардың мемлекеттік қызметтеріне ықпал ету, шарттар мен келісімдерді жасасу, қарарларды ілгерілету, маңызды салдары бар қиын келіссөздерді жүргізу, қауіптердің алдын алу және мүмкіндіктерді пайдалану сынды қабілеттермен бұл жалғанға ешкім келе алмас. Бұл сыртқы саяси қызметтегі көпжылдық еңбек өтілі, тиесілі кәсіби мансап арқасында қалыптасуы керек дағдылар.

Тек ақылман және көрнекті тұлғалар ғана, дипломатия мен саясатты бірге  жүргізуге тиісті алғышарттарды қамтамасыз ете алады, өйткені мемлекеттік іс-әрекеттің аталмыш екі бөлек түрі – бір-біріне тең емес.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа, оның мансабындағы осынша маңызды кезеңде, көшбасшылықты тиімді жүргізу үшін аталмыш салалардағы дағдыларды оңтайлы ұштастыра алғаны үшін таң қалатынымды әрі зор қошеметімді білдіремін.

Сыртқы саяси қызметімнің барысында, кей кезде тек саяси байланыстардың арқасында ғана дипломатиялық лауазымға ие болып, елдестірушілікті жүргізетін тұлғалардың да аз еместігін байқадым. Қазіргі жаһандық дипломатияның тиісті деңгейде тиімді еместігі – саяси тағайындалушылар оны кейде дұрыс түсінбейтіндігінің, әрі оның білікті ресурстарға тап болғандығының арқасы деп ойлаймын. Осы орайда, ең жақсы дипломатияны тек сыртқы саясаттың кәсіпқойлары ғана жүзеге тиесілі асыратындығына сенімдімін.

Алайда, кейде біз данышпан лидерлер тарапынан, саясаттың дипломатияға емес, дипломатияның саясатқа жоғарғы деңгейде ықпал етуіне мүмкіндік беретін қарама-қарсы жаһандық үрдісті байқаудамыз. Бұл байламда, тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушысы және оның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мырзаның инновативті әрі серпілісті таңдау жасап, уақтылы, өзекті және өте қажет шешім қабылдап, кәсіби дипломат, бұрынғы ҚР Сыртқы істер министрі және Біріккен Ұлттар Ұйымының бұрынғы Бас хатшысының орынбасары Қ.Тоқаев мырзаның кандидатурасын оның өз ізбасары ретіндегі Қазақстан Президенті қызметіне ұсынуы – маған, мансаптық дипломатқа, қатты әсер етті.

Әрине, уақыт өте келе ұлттық дипломатия қызметтері басшыларының жалпыұлттық саяси лидерлерге: үкімет, парламент және мемлекет басшыларына айналуы өте қисынды, тым заңды нәрсе. Осылайынша Қ.Тоқаев мырза, достас Қазақстанның парасатты басшысы, лайықты Президенті болып сайланбас бұрын Премьер-Министр (1999-2002 жж.) әрі Парламент Сенатының Төрағасы (2007-2011 жж. және 2013-2019 жж.) лауазымдарын өте шебер орындады.

Қ.Тоқаев мырза – "Бұл қалай болды: Бейжіңдегі толқулардың хроникасы (04.1989-06.1989)" (1993), "Біріккен Ұлттар Ұйымы: Әлемге қызмет етудің жарты ғасыры" (1995), "Тәуелсіздік туы астында" (1997), «Жаһандану үрдісіндегі Қазақстанның сыртқы саясаты» (2000), "Қазақстан Республикасының дипломатиясы" (2001), "Азамат. Кемел Тоқаев. Өмірі мен тағдыры" (2003, бірлескен авторлықта), "Беласу" (2003)/ "Беласу. Қазақстан Сыртқы істер министрінің естеліктері" (Global Scholarly Publications, Нью-Йорк, Нью-Йорк, 2004), "Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі" (2004, 2005, жаңа редакция), "Әке туралы толғаныс" (2005), "Нұр мен көлеңке" (2007), "Тарих жасаған тұлғa" (2010), сонымен қатар өзге де әдеби жауһарлардың (өнеріндегі үздік туындылардың, кітаптардың) тамаша авторы, сонымен бірге мақсатты аудиторияларды тәнті ететін майталман оратор. 2019 жылғы маусымдағы инаугурациялық сөзінде, 2019 жылғы қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында, сондай-ақ 2020 жылдың наурыз-мамыр айларындағы COVID-19 індетіне қарсы күресу туралы мәлімдемелерінде, ол оқырман әрі тыңдарман қауымын тамаша ұсыныстарымен, айқын мақсат пен міндеттерімен, тіпті өзекті мәселелер бойынша білгірілген нақты, прагматикалық, ұтқыр, зор мәні бар ескертулерімен таңқалдырып, өз жағына қаратып, аударып алды, дара дүлдүл екендігін тағы да қуаттады.

Оның ынталандырушы сөздер және баяндамалар, Қазақстан тұрғындары тарапынан үлкен ықыласпен қабылданып, отандық және халықаралық сарапшылардың тиісті жоғары бағаларына ие болды, өйткені Президент Тоқаев осындай қысқа мерзімде көптеген өткір мәселелерге тиісті шешімдерін тапты. Екінші Президенттің сайлау алдындағы уәделері, атап айтқанда, 2020 жылы бүкіл әлемде мемлекет пен халық арасындағы қарым-қатынастың бірегей тәсілі ретінде танымал болған "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" атты маңызды тұжырымдамасы аясындағы уағдалар, лайықты деңгейде іске асуда.

Биыл Қазақстан және халықаралық қоғамдастық, X ғасырдың ғұлама ғалымы, көрнекті философ пен ағартушы, Батысқа Альфарабиус есімімен таныс Әбу Насыр әл-Фарабидің (870 - 950 жж.) 1150-ші жылдығын атап өтуде. Ол ортаазиялық Сырдария өзенінің бойындағы Фараб (Отырар) қаласында дүниеге келді (қазіргі Қазақстан Республикасының аумағы). Еңбектерін саяси философия, метафизика, этика және логика салаларында жазыпты. Ол, сонымен қатар, космология, математика және музыка саласындағы кемеңгер ғалым, әрі әйгілі заңгер болыпты. Исламдық философиялық дәстүрде оны, жер-жаһанның "бірінші мұғалімі" ретінде танымал болған Аристотельден кейін, әлемнің «екінші ұстазы» деп атаған. Өзінің ғылыми еңбектері, әсіресе дана пәлсапалық трактаттары арқылы ол әрі Батысқа, әрі Шығысқа да танымал болды. Мен Қазақстан Үкіметі мен халқын осы айтулы мерей тойымен шын жүректен құттықтаймын!

Атап өтер жайт, Әбу Насыр әл-Фараби өзінің "Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары жайындағы трактаты" (бұл ғылыми еңбек – мінсіз мемлекет туралы отыз жеті сөз-толғаныс) шеңберіндегі 27-ші сөзінде мұндай бір тұжырымға келді: "Қайырымды қаланы әрбір кез келген адам билей бермекші емес, өйткені ел билеу екі нәрсеге байланысты: біріншіден, адамның өз жаратылысында ел билеуге қаншалық әзір екеніне байланысты, екіншіден, адамның еріктен қуат алып отыратын жағдайы мен қабілетіне байланысты. Жаратылысында ел билеуге кім бейім болса, билік соның үлесіне тимек".

Әл-Фараби бұл туралы жоғарыда жазған сияқты, мен Қ.Тоқаев мырзаның дәл осындай билеуші ​​екендігіне шын жүректен сенімдімін. Себебі ол шынымен де, мемлекетті президент ретінде басқаруға бейім бір тұлға – әрі өзінің табиғи қасиеттері тұрғысынан, әрі саяси мансап жылдарында алынған құнды дағдылары арқасында.

Бұның үстіне Президент Қ.Тоқаев, дипломат мен саясаткер ретіндегі табысты мансабы аясында, Қазақстанға ұзақ жылдар бойы тиімді де оңтайлы, сындарлы қызметін көрсете білді. Мемлекеттік органдардағы әртүрлі лауазымдарында ол өзінің іскер тұлға екендігін бірнеше рет дәлелдей алды. Ең жоғары мемлекеттік лауазымындағы айтулы жұмысын да Тоқаев мырза дәл осындай тиімді нәтижелілікпен әрі отансүйгіштік құлшыныспен жүзеге асыруда.

Осы мүмкіндікті пайдаланып, мен Жоғары Мәртебелі Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаны Қазақстан Республикасының Президенті лауазымындағы абыройлы қызметімен шын жүректен құттықтаймын.

Қазақстан Республикасы, халықаралық қоғамдастықтың маңызды мүшесі, сондай-ақ халықаралық бейбітшілік, қауіпсіздік және адами даму үдерістеріне түйінді үлесін қосушысы ретінде жаһандық мәртебесін құруды жалғастыра отырып, Африка елдерімен қарым-қатынасын одан да әрі жандандырар деп үміттенемін. Африка – бұл саны бір миллиардтан астам адамнан, көбінесе жас, жігерлі әрі жаңашыл тұлғалардан тұратын, 55 елді қамтыған әралуан құрлық болып табылады. Африка, сонымен бірге, Қазақстанмен экономикалық және өнеркәсіптік ынтымақтастық, сауда және инвестициялар, қаржылық қызметтер, ауыл шаруашылығы, туризм, академиялық алмасулар, бірлескен ғылыми жобалар, мәдени достықтар және адам байланыстары сияқты көптеген салалардағы өзара тиімді қатынастарға жаңа мүмкіндіктер тудырып, қарқынды дамып келеді. Оңтүстік Африканың Президенті Сирил Рамапоса мырза, штаб-пәтері Аддис-Абебада орналасқан жалпыкұрлықтық құрылым – Африка Одағының қазіргі төрағасы. Афроодақ – барлық африка халықтарының ұйымы. Бүгінгі таңда ол даму күн тәртібіне аса көңіл бөліп, оны белсенді түрде жүзеге асыруда. Қазақстанды алдағы жылдарда осы үдерісте маңызды рөл атқаруға шақырамын. Осыған байланысты мен Елші Қанат Тумышқа және қол астындағы Қазақстанның Преториядағы Елшілігі персоналына алғысымды білдіремін, өйткені олар Оңтүстік Африка және өңірдің өзге де елдерімен сенімді, жылы әрі достас қарым-қатынастарды дамыту үшін қажырлы еңбек етуде.

Тәңір нұрын жауып, Оңтүстік Африка мен Қазақстанды жарылқап, жаһандық індеттің осынау қиын-қыстау кезеңінде олардың халықтарын құтқара көрсін!

 

Виктор ЗАЗЕРАЖ

Оңтүстікафрикалық қоғам қайраткері, кәсіпкер,

Төтенше және Өкілетті Елші