• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Таным 19 Маусым, 2020

Ван Гог сүйген түс

742 рет
көрсетілді

Суретшінің ырқына салсаң, ішкі және сыртқы әлемнің түйісер көкжиегінде бір ғана күй бардай. Көз қарықтырар алып күннен тараған көңіл күй, сезім, ақыл-ойдың алтын шұғыласы төңіректі, көз жетер маңайды түгел шарпып, даланың қойны қонышын толтырған. Бірде өрттей қаулап, қызыл жалынымен баурап алса, бірде тымық кештің сыбдырына еріксіз құлақ түргізеді.

«...Өмірді түстерден ізде. Шынайы сурет – бұл түсті модельдеу. Мен өнер­дің өміршеңдігі мен өркендеуі үшін күресемін», деп жазды Ван Гог бір хатында. Тағдыр-талайы күреспен өткен суретші сөзінде тұрыпты. Фран­цуз жазушысы Анри Перрюшо жаз­ғандай, Винсенттің жеке тұлғасы мен өнері зерттеу нысанына айналды, қоғам құны­ға лап қойды. Әрине көзі тірісінде емес, пәни жалғаннан бақиға көшкен соң ғана.

Ұлы импрессионист-суретші Нидер­ландтың оңтүстігінде пастор Теодордың отбасында дүниеге келді. Бала жасынан мінезімен дараланған ол ешкімге ұқсамайтын деп айтылады. Суретші өзін, арманын ұзақ іздепті. Тіпті әкесіне ұқсап дін жолында да қызмет етіп көрді. Барлық постпрессионистік суретшілер сияқты, шындықтың академиялық бейнесінен алыс­тап, бір сәттік әсердің өрнектерін іздеуден бас тартты: нысаннан гөрі сезімге терең мағына, астар үстеуге мән беріп, сәндік стилизацияға жүгінді.

Іш тартпаған Париж қоғамынан қағажу көрген суретшінің Арль қала­шығына қоныс аударуы өкінішпен аяқталса да, жанына сая іздеген Ван Гог үшін жарқын үміт һәм мұқалмаған жігердің шамын жағып берген еді. Ішкі мәнге ұмтылыс жан сарайыңды күш-қуатқа толтырып, қуанышы ортайған кеудеңе жаңаша бір серпіліс береді емес пе?! Ван Гогты Арльге «суретшілер шеберханасын ашсам», деген арманы бастап әкелді. Келе сала ескілеу үйді жалға алып, іші-сыртын түгел сары түске сырлап жүріп, балаша қуанып Гогенге хат жазатын еді ғой. «Біраз күте тұрыңыз... Бұл жердің поэ­зиясы адам­ды біраздан кейін ғана бау­райды. Үй әлі ыңғайлы емес, әйтсе де біртіндеп жабдықтауға тырысамыз. Шығы­ны көп болғаны сонша, бәрін бір­ден жасай алмайсың. Бірақ сіз осында келсеңіз, мұнда қалуға неліктен талап ет­кенімді түсінесіз», деп ағынан жарылады.

Ізінше жазылған «Сары үй» атты постимпрессионистік рухтағы картинасында суретшінің жаңа өмірге үміті, жақсылыққа сенген, сыйынған асқақ арманы мен мұраты айқын көрінеді. Жалпы, Арльде туған жұмыстар белгілі бір мағынада суретшінің күнделігі сияқты әсер береді. Осы кезеңде жазылған пейзаждарынан оның сәт сайын құбылған көңіл күйі мен үкілеген үміттері, келешекке деген ұмтылысы кескінделгендей. Жан дүниесін жабырқатқан жалғыздықтан мольберт алдындағы құлшылығы ғана құтқаратын. «Гогеннің орындығы» (1888), «Орақ. Ла-Кро аңғары» (1888). «Арльдегі қызыл жүзімдіктер» (1888) сынды біркелкі үндестіктен туған алуан түрлі картиналарындағы жарқын поэтикалық бейнелер екпінді ырғаққа бағына отырып салынған.

«Мен үнемі осы салада жаңалық аша­мын деп үміттенемін, – деді ол інісіне жазған хатында, – мысалы, ғашықтардың сезімін қосымша екі түспен үйлестіре отырып, бір-біріне қарсы қою, ұқсас реңктердің құ­пия тербелісімен немесе мидағы ойды ашық өңнің жарқылымен қара түсте көрсету. Қандай да бір үмітті жұлдызбен, я батып бара жатқан күннің шапағымен айшықтау. Ван Гогтың өзі атағандай, оның қылқаламынан туған әр сюжетінде түс арқылы жеткізуге тырысқан астарлы ойы жатыр. Мә­нерлі, түсіндіруді қажет етпейтін кар­тиналарындағы рухани мазмұнды көз тіккен көрерменнің тынысынан анық сезер едіңіз. Нәзік те жанашыр, сөйте тұра өз-өзін ұмытқан көзсіз табыну жасырын символикамен қаныққан. Сары түске құштарлық оны жанынан бездірді. Бұл турасында рас-өтірігін айырғысыз қаншама аңыз айтылады: бірде оны есінен ауған жындыға баласа, бірде ашты жусан сығындысы бар абсент ішкендіктен түстерді бұрмалап қабылдаған дейді.

Расында, суретші танымында сары мен көк түс жамандық пен жақсы­лық­тың, қараңғы мен жарықтың мәңгілік күресіне айналды. Лимондай ашық сарыдан қызғылтым сарыға дейінгі аралық күн сәулесінің, бидай алқабының, махаббат пен өмірдің нышаны болып саналды. Мысалы, суретші шығармашылығындағы шоқтығы биік туынды «Диқан» (1888) картинасында жақын досы Гогеннің ықпалы айқын сезіледі. Картинадағы сюжетті суретшінің өзі ерекше жақсы көрді және оған оқтын-оқтын оралып та отырды. Бір-бірін қайталамайтын диқан тақырыбына арналған туындыларында бейбітшілік пен бақыт салтанаты айқара табысқан. Диқан – өмір символы, тіршіліктің бастауы. Шаруаның төбесіне тұтылып батып бара жатқан күн осынау бейнеге ерекше мән, қасиет үстеп тұрғандай. Ал көгілдірден басталып қараға ұласқан бояулардың арпалысы «жалыны қайтқан мәңгіліктің», «пешенеге жазылған шарасыздықтың», «өлім» қорқынышының дәмін сездіреді. 1889 жылы жазылған «Орақшы» картинасында өлім символына жүгінеді. Бір қарағанда жарқын, ашық түсімен көзге оттай басылатын егіс даласы жүзі лыпып тұрған орақты бірден аңғартпайды.

Винсент Уильям Ван Гог – жұмбақ тұлға. Осынау аласапыранға толы ғұмы­рын­да әуелгі мақсатынан айнымапты. Шығар­машылық жолын кеш бастаса да, соңғы он жылда өн­дірте жазып, 900-ге тарта туындыны мұраға қалдырыпты. Тосын да шалт мінезімен қоғамға жақпағанымен, оның адамзатқа деген сүйіспеншілігі, махаббаты жүрек түкпіріне берік бекіген-тұғын. Шындық көп болғанмен, ақиқат біреу – суретшінің сары түске сонша құмартуының сыры көктен құйылған жарықты, нұрды жүректерден көргісі келгендігі еді.