• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Таным 31 Шілде, 2020

Құрманғазы Ақашев. «Ол жасаған тарих»

946 рет
көрсетілді

Ұлағатты жылдардың ізі мен дала төсіндегі ұрпақтар сабақтастығын шебер қиюластырған суретші Құрманғазы Ақашев тарихи тақырыпқа жиі қалам тартады. Ен даланы еркін жайлаған дала перзентінің ән-күйі мен салтанаты жарасқан ойын-сауығы суретші қылқаламында түрлі-түсті реңмен лезде жарасым тауып, көрермен көңіліне қанат бітіреді. Реализмнен бастап, академиялық кескіндеме әдістерін тең меңгерген суретшінің шығармашылығы туралы сөз қозғалғанда қозғалысқа ерекше жан бітірер шеберлігі алдымен айтылса керек-ті.

Қазақ бейнелеу өнерінің жар­қын құбылысы болған Қас­теевті бала жасынан қастер­леп өскен ол туған елі мен өс­кен жерін перзенттік махаббат­пен жырлайды. Еліміздің тарихи даму жолындағы сан-са­лалы өзгерістерге суреткер зер­десімен көз салып, өткен мен бүгінді бедерлеген көркем ше­жіре іспетті талай туындыны өмірге әкелді. Құрманғазы Ақа­шевтің кейінгі жазылған жұ­мыстарының қатарындағы шоқ­тығы биік туындысының бірі «Ол жасаған тарих» картинасы. Мұнда ел астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы батыл да бірегей шешімнің ел бірлігі мен дамуының символына ай­налғанын көрсететін тарихи сәт көрініс тапқан. Тұңғыш Пре­зи­дент Нұрсұлтан Назарбаев пен астананың алғашқы бас жос­парын жасаған сәулетші Кисе Курокава Еуразияның жүрегіне айналар арман қаланың келешек келбетін бағамдап, сары жазық атырапты қиял көкжиегінде ұш­тастыра әңгімелесіп келеді. Иә, суретші осынау тағдырлы да та­ғылымды сәтті жеткізу жайын көп ойланды. Үлкен кенептегі соңғы шешімге тоқтамастан бұ­рын, ондаған үлгіні сызып, тас­тай берді. Белгілі өнертанушы Галина Поваляшко Құрманғазы Ақашевтің тарихи кең ауқымды туын­дыларымен танылып, та­қырып сырын терең меңгерген өнер иесі екенін айтады.

– Суретші үшін тарихи оқи­ғаларды түсіру, түрлі бейнелер мен дәуір рухын жеткізу өте ма­ңызды. Құрманғазы Ақашев  өзі­нің кәсіби шеберлігімен және сюжеттік бейнесінің терең­дігімен танымал. Өте қарапайым көрінетін композицияда ой, жігер, армандау, жеңіске жету рухы ерекше көркем жеткізілген. Көр­кем концепцияға сәйкес ке­ле­тін колористикалық шешім бар. Көптеген нәзік түсті нюанс­­­тарға қанық түстер табиғи үй­лесе кеткен. Бүгінде қала бар­­лық қазақстандықтың мақ­та­нышына айналды, тәуел­сіздік пен болашақтың нышаны іспетті. Ал Құрманғазы Ақашевтің керемет еңбегі осы бір жүзеге асқан арманның көркем дәлелі емес пе?! Суретші түрлі жанрдағы картиналар жазды, олар отыз жыл бойы көрермендердің, өнер­танушылардың және әріптес­терінің назарын аударып келді, – дейді Галина Поваляшко.

Зеңгір аспан, күздің қоңырқай тартқан жауынды жылы күні төңірекке тыныштық сыйлап, маңайдан жаңбырдың, сыздың иісі аңқитындай. Ал енді бастал­ған құрылыстың алыстан талып жеткен дыбысы бірте-бірте кү­шейе келіп, сан алуан бояумен тұтастық тапқан. Халық тарихына байыпты, зерттей қараған суретші шығармашылығына қашанда кеңдік пен тереңдік тән. «Әңгіме», «Жайлауда», «Ке­р­уе­н», «Көш», «Саржайлау» карти­налары соны дәлелдейді.

– Тақырыптық жұмыспен оқуды бітірген соң айналыса бас­­тадым. Ең алғашқы жұ­мы­­сым «Әңгіме» деп аталады. Абстракция, я болмаса сюр­­реа­­листік жұмыс болсын, оның өзегінде идея жату керек. Нату­рамен жұмыс істегеннен кейін адам жаттығады. Қазір кез келген тақырыпты бірден бастап, бірден аяқтаймын, – дейді суретші баспасөзге берген сұхбатында. Хал­қымыздың сенімі мен тағдыр-талайының нышанына айналған астана тарихы жөнінен сыр шертер туындылар аз жазылған жоқ. «Ол жасаған тарих» картинасы көз алдымызда өзгеріп, бой кө­терген, көркейген астананың қуа­нышына сүйінген, сүйсінген халық толқынысын бере білуімен құнды.

Құрманғазы Ақашев – Сурет­шілер одағының мүшесі. 1964 жылы Алматы облысы Қапал ауда­нында дүниеге келген. Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педа­гогикалық университетін тәмам­даған. 1992 жылдан бастап көптеген халықаралық байқаулар мен симпозиумдарға қатысып келеді. 2007 жылы Түркияның Ыстанбұл қаласында, 2009 жылы Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік му­зейде, 2010 жылы Астана қала­сында жеке көрмелері ұйым­дастырылды. Қазіргі таңда Абай атындағы Қазақ ұлттық педа­гогикалық университеті көр­кемсурет факультетінің оқыту­шысы болып қызмет етеді.