• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
Қоғам 25 Тамыз, 2020

Ескірген электр стансалары (Тарифті төмендетуге не кедергі?)

549 рет
көрсетілді

Әлем бойынша электр қуатының 20 пайызы жарықтандыруға жұмсалады. Сондықтан білікті мамандар заманауи жарық беру технологияларын ұсынуда. Сол арқылы тұтынушылар электр энергиясын едәуір үнемдейді. Қарапайым халықтың да қалтасына салмақ салмайды. Өкінішке қарай, еліміздегі электр стансаларының 60 пайызы ескірген. Бұл алдымен тарифті тұрақтандыруға қолбайлау болып отыр. Халықтан түскен табыс ескіні жаңартуға жетпейді.

 

 

Инвестиция тартқанымен іс өнбеуде

Электр энергиясын тұтыну құ­ры­лымының негізгі үлесі кәсіпорындарға тиесілі. Одан кейінгісін жеке тұлғалар мен бюджет ұйымдары құрайды. Алайда оларды энергия үнемдеуге экономикалық тұрғыдан ынталандыру әзірге орын алған жоқ. Бұл бүгінгі бас­ты мәселенің бірі. Мемлекет пен халық ара­сын­дағы байланыстың толық орнық­пағанын осыдан-ақ топшылай беруге болатындай. Энергия ресурс­тарын тиімді пайдалану мем­лекеттің стратегиялық мақ­сатына айналғаны қашан. Әйтсе де, баяғы жартас – сол жартас.

Стансалардың тозу деңгейі жылдан-жылға ұлғайып барады. Бұл электрмен жабдықтау сапасына да қауіп төндіруде. Энергия өндіруші ұйымдардың шекті тарифтерінің қазіргі деңгейі олардың шығындарын толық жаппайды. Сондықтан стансалар электр қуаты нарығынан түсетін кірістің бір бөлігін ағым­дағы шығындарды жабуға жұм­сауға мәжбүр. Оның үстіне электр желілерінде апат­тық жағдайдың жиі болуы тұты­ну­шыларды шошытып-ақ келеді. Бұл аз десеңіз, көрші елдерге қол жаюға мәжбүрлейді. Оған Энергетика министрлігі Электр энергетикасын дамыту депар­таментінің директоры Айдос Дәрібаевтың мына сөзі дәлел:

«Былтыр қуат көздерінің ескі­руіне, маневрлеудің жеткілік­сіздігіне және көптеген апаттық жағ­дайларға байланысты Қазақ­стан 8 млрд теңгеден астам со­маға электр қуатын реттеу қыз­метін амалсыз көрші елдерден сатып алды. Бұл ақырында, қа­зақстандықтардың тарифіне кері әсер етті».

Енді қараңыз, осындай жағ­дай бұдан әрі жалғасатын болса стансаларды жаңғырту үшін жұм­салатын ақша да көрші елдердің қал­тасында кетуі мүмкін. Мәсе­лен, былтыр Қазақстанның бір­тұтас электр энергетикалық жүйе­сінде 3 996 технологиялық бұзу­шылыққа жол берілген. Бұл алдыңғы жылмен салыс­тырғанда 1,3 пайызға аз. Десе де, жылу беру кезеңінде мұндай фактілер 6 пайызға көбейген. Бұл электр энергиясының түпкілікті бағасына әсер ететін тағы бір фактор.

Біз осы салада 30 жылдан ас­там қызмет еткен ардагер энер­гетик Нүсіпбек Шубаевқа хабар­лас­қан болатынбыз. Маман электр энергиясына арналған тариф­тер заңға сәйкес 7 жылға белгі­ле­нетінін баса айтты.

– Энергия өндіруші ұйым­дар­дың электр энергиясын өндіруге арналған шығындары ұлғайған жағдайда шекті тарифтерді түзе­туге өтінім беруге құқылы. Сон­дық­тан бұл заңның жоғы не, бары не, бәрібір секілді. Дәл қазір электр энергетикасына жүйе­лік өзгерістер ауадай қажет. Энергия өндірушілер мен тұтыну­шы­лардың мүдделерінің тепе-теңдігі маңызды. Ірі энергия көздерін біріктіру және пайда мен кірісті бөлу жауапкершілікті арттырады деп ойлаймын. Бұл электр желілері кешенін, ауқымды өндірісті дамыту шығындарын азайтуға, электр энергиясының қым­баттауын те­жеу­ге, тұты­нушы­ларға таңдау жа­сау­ға және са­ланың инвести­ция­­лық тартым­ды­лығын артты­руға мүм­кіндік береді, – дейді сарап­шы.

Оның сөзіне сүйенсек, биыл еліміздегі 44 энергия өндіруші ұйымнан 35 өтінім түскен. Себеп – жаңғырмалы энер­гия көздерінен электр энергиясын сатып алу шығындары мен бюджетке төле­нетін міндетті төлемдердің ұлғай­­ғаны. Оған қоса жүйелік опера­­­тор­дың қызметі 12 пайызға өскен.

Иә, қолданыстағы қуаттар өт­кен ғасырдың 60-70 жылдары салынғаны белгілі. ТМД мемле­кет­терінің көбіне таяқ болып тиген түйткілдің бірі де осы. Көрші елдердің көбі ескі стансаларын әлде­қашан реконструкциялап, заманға сай қарекет етіп жатыр. Тек біздің әттеген-айымыз әлі тау­сылар емес.

Былтыр электр қуаты нары­ғы арқылы станса активтері жа­ңар­тыла бастады. Биыл да мемле­кет­тің біраз қаржысы соған жұм­сал­мақ.

– 32 энергия өндіруші ұйым 9 191,96 МВт электр қуатын қол­дау бойынша 50 шарт жасас­ты. Биыл электр қуаты нарығы шең­берінде электр энергиясын өндіру секторына шамамен 80 млрд теңге инвестиция тарту жос­пар­ланып отыр. Электр қуаты нарығынан алынатын табыстың көп бөлігі станса жабдықтарын жаңғыртуға және қайта жаңартуға бағытталады, – деді А.Дәрібаев.

Алайда тартылған инвестиция ре­сурсын өтеген стансалардың жабдық­тарын жаңартуға толық жетпейді. Алаңдататыны да осы жайт. Станса­лар­дың тозу деңгейі жылдан жылға артып келеді. Осыған байланысты электрмен жабдықтау сапасына қауіп төніп тұр. Қайтпек керек?

 

Үнемдеуді үйден бастаңыз

Елорда маңындағы Қосшы ауылының хикаясы естеріңізде ме? Ыңғайсыз тартылған электр желілерінің үзілуінен алып ша­һарды іргелей орналасқан елді ме­кеннің жарықсыз қалғаны. Ауыл тұрғындары ас-ауқатын далаға пісіріп, қара суды қайната алмай дал болып еді. Жыл басындағы оқи­ғаның жыры «жөнделіп жатыр» деген жылы сөзбен түйін­делген. Әйтсе де еліміздегі электр бағандарының 75 пайызы тиімсіз екені анықталды. Ал оны толықтай жаңартуға минис­тр­ліктің күші жетер емес.

Сарапшылар энергетика саласындағы кемшіліктер бірте-бірте ретке келетініне сенімді. Олар халықтың энергия қуатын үнем­деп пайдаланса ғана ұтаты­нын айтады.

– Энергетика саласында «терең енгізу» деген түсінік бар. Яғни электр желілерін жер асты кабельдері арқылы жүргізу. Осы мақсатта елімізде арнайы бағдарлама қабылданған. Соның аясында электр желілері жер астымен жүргізілді. Бұл біріншіден, тұрғындарға қауіпсіз. Екіншіден, өте сенімді. Қыста қар жауғанда, ағаштар құлағанда үзіліп кетеді деп қорықпайсыз. Дегенмен, бүгінде жер астымен тартылған ескі кабельдердің өзін жаңарту керек болып тұр. Бізге дәл қазір тоқ көзін үй жағдайында тиімді пайдаланудың нәтижелі әдісі қажет, – дейді «Энергия әлемі» ЖШС басшысы Кенжемұрат Дүкенбаев.

Оның айтуынша, тұрмыстық жағ­дай­да электр энергиясын 40 пайызға дейін үнемдеуге әбден болады. Энергия үнем­деу технологияларын көшеге жарық түсіру жүйесіне енгізу тиімдірек. Осы орай­да сарапшыдан балама энергия көз­дерін пайдалану қажеттігі туралы сұраға­нымызда: «Балама энергия өндірісі мен құны дәстүрлі энергияны өндіру құнына қарағанда үш есе жоғары болады» деп атап өтті. Қысқасы, әзірге жел мен күннен алатын қуат жыртығымызды жама­майтын секілді.

Шыны керек, қысқа энергия үнем­дегіш шамдар тыйым салынған қызу шамдарына қара­ғанда әжептеуір қымбат. Оған қара­пайым халықтың бірінің ша­масы жетсе, бірінікі жетпейді. Бұл да өзекті мәселелердің бірі. Ең тиімдісі – бөл­ме ішінде қара­пайым ережелерді мұ­қият орын­дау сияқты. Керексіз жарық­ты сөн­діріңіз, электр бұйым­дарын standby режі­мі­нен өшіріп тас­та­ңыз, шамдарды энер­­гия үнем­деуіш лампаларға ауысты­рыңыз. Мі­не, осындай қарапайым қағида­лар.

Зерттеушілер мынандай де­ректерді алға тартады: Тоққа қосылған теледидар сіздің бюджеттен жылына 1500 теңге, музыкалық орталық – 1200 теңге, DVD-ойнатқыш 500 теңге алады. Розеткада қалдырған ұялы телефонға арналған зарядтау жабдығы – мың теңгеге дейін, ал компьютер мен қысқа толқынды пеш бірге 4 мың теңгеге дейін жейді. Осылайша жыл сайын ең азы 8 мың теңге ақшаны құрал розеткеде қосылып тұру үшін ғана төлейсіз. Ал егер сіздің тұрмыстық техникаңыз А++ кластан төмен болса, онда артық шығындарға жылына тағы 2500 теңгеден 3750 теңгеге дейін қосуға болады.

Сонымен, министрліктің электр энергиясы бағасын өсіру арқылы тығырықтан шыққысы келетінін байқадық. Әрі көрші елден көмек алуға да ықыласты. Ал оған халықтың жағдайы ырық бере қоя ма? Энергия өндіруші ұйымдарының өтініміне сәйкес, өскен тариф бағамы елді әбігерге салып-ақ қойды. Алайда оның да бір қайыры бар екен. Сол арқылы 44 энергия өндіруші ұйым 27 мың жұмыс орнын сақтап қалады.