• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 02 Қыркүйек, 2020

Екінші өмір

2917 рет
көрсетілді

Адам баласы бұл өмірге бір-ақ рет келетіні және оның өмірі дәл сол қалпында екінші рет қайталанбайтыны мәлім. Бұл да бір дүниені жаратқан Алланың ұлылығы мен шеберлігінің, әділдігінің белгісі болса керек.

Біздің дүниені тануымыз бойынша, мейлі патша бол, мыңды айдаған бай бол, ерекше жаратылыс иесі бол, бәрібір бұл өмірге екі қайтып келе алмайсың. Өмір – әр жан иесіне бір-ақ рет берілетін мүмкіндік.

Дегенмен, кейбір данышпандардың пайымына салсақ, Алла тағала өзінің кейбір сүйікті пенделеріне бір жаратылыста екі өмір сүру нығметін сыйлауы мүмкін. Яғни қиялы бай, ойы ұшқыр, абстрактілі көру қабілеті жоғары адамдар бір өмірдің ішінде екі өмірді бастан кешуі ғажап емес. Көп жағдайда мұндай қасиетке аса ірі ғалымдар мен жазушылар, шығармашылық иелері, басқа да өнер адамдары ие болмақ.

Жаратқанның шеберлігі мен әділдігінің тағы бір айқын көрінісі – мұндай адамдар бірінші, яғни нақты өмірінде материалдық игіліктерге мұқтаж, алаңғасар, қаперсіз, икемсіз, тіпті сырт көзге жалқау адамдай көрініс берсе, екінші өмірінде өте бақытты және ләззатпен өмір сүреді. Сондықтан бұл адамдар өзінің бірінші өміріне аса көп мән бере бермейді. Олардың барлық ішкі қуаты екінші өміріне қарай бағытталады. Өзінің ішкі әлемімен алысып өмір сүретіндіктен, жалғыздықтан көп жапа шеге қоймайды. Олар атақ пен даңқты, қоғамды құрметтейді, бірақ адамдарға аса мұқтаж емес. Олардың барлық қызығы өз ішінде.

Студент кезімізде бізге әдебиет теориясынан қазақтың атақты ақыны Қадыр Мырза-Әлі ағамыз сабақ берді. Ұстазымыз әлемге әйгілі ұлы суреткерлердің шығармашылық лабораториясы туралы әңгіме шерткен кезде олардың былайғы жұрт түсіне бермейтін кейбір қылықтары туралы да айта кететін. Соның ішінде француздың ұлы жазушысы Оноре де Бальзактың кедейлік салдарынан шатырда тұрғанын, қала көшесінде қыдыруға түн ішінде шығып, өз кейіпкерлерімен күбірлеп сөйлесіп жүретінін, тәулігіне 15-16 сағат жазу жазғанын, 100 том кітап жазуды мақсат еткенін әңгімелегені есімізде. Жуықта фейсбуктен ақын қарындасымыз Жәния Ералиева орыс тілінен аударған Бальзактың «Суреткерлер туралы» («О художниках») деген шағын мақаласына тап болдым. Онда жазушы былай деп жазыпты: «Талантты адам халықтың арасынан шығады. Олардың қоғамға жат екі түрлі қылықтарын көп адамдар түсінбейді: біріншіден, Ришельенің айтуын­ша, олар жағымпазданып күн көре алмайды және дүниеге қызықпайды, байлықтың артына түспейді, ақшасы болса, жұмсап тауысқанша асығады. Оларға көп жағдайда тұратын орын және жейтін нан (чердак да хлеб) ғана қажет. Ал данышпандығы – мәңгілікке берілген сыйлық. Талантты адамдарды күніне он рет көрсеңіз де қарапайым болып көрінеді. Дүниесі түгел адамдар олар туралы дүкенде артельші болып жұмыс істеу ғана қолынан келеді деп ойлай­ды. Шын мәнінде, ойды меңгерген адам – әлемнің әміршісі. Патшалар халықты белгілі бір мерзімде ғана басқарады, ал суреткер халықты ғасырлар бойы басқарады. Олар заттардың бет-бейнесін өзгертіп, жер шарына тәртіп орнатады».

Мен көрген ерекше талантты, дарынды адамдар арасында еліміздің шығыс өңірінен шыққан атақты сазгер Оралхан Көшеров те осы сипаттағы адам еді. Абаш Кәкенов, Уәлихан Тоқпатаев, Хасен Закариянов, Мұрат Тастағанов, Жанарбек Білімбаев және басқа да шығыстың біраз азаматы Орекең марқұммен жақсы дос болдық. Орекеңнің сырын осы азаматтар жақсы біледі. Онымен дос болу күрделі әрі оңай еді. Күрделі болатыны – Орекеңнің қасында жүргенде өзіңді үнемі демеуші немесе қайырымдылық қорының басшысы секілді сезінуге тура келеді. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында кімнің шекесі шылқып тұрды дейсіз. Ал жеңіл болатыны – марқұмның өте қарапайымдылығы, ақкөңілділігі. Қолына бірдеңе түссе, дереу шашады. Қасында болсаң, бірден басыңа жұмақ орнатады. Ертең де күн бар-ау деп үнемдеу онда болған емес.

Оралханның небір тамаша әндері халқымызға әлі толық жеткен жоқ. Себебі оның әндері әншіні талғайтын, ішкі толғаныстар мен иірімге бай кінәз әндер. Халық арасында оның Жанар Айжанова шырқаған «Достарым» атты әні ғана кең таралды. Гүлмира Саринаның орындауындағы «Қайырлы таң», «Шығысым – шырайым» және басқа да әндері енді танылып келеді. Марқұм Орекеңнің арамыздан ертерек кетіп қалуына өзінің бірінші өмірінен гөрі екінші өмірін көбірек бағалауы әсер етті ме деп ойлаймын. Дегенмен ол осы екінші өмірі арқылы халықтың ортасында жасай бермек.