Айта кетейік, ағымдағы жылдың ақпанында Шымкент қаласында әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізу мақсатында басқару жүйесін оңтайландыруға арналған жобалық кеңсе құрылған болатын. Бұл жұмыстар Мемлекет басшысының жыл соңына дейін экономикалық өсімді қалпына келтіру тапсырмасы аясында жүзеге асырылып отыр.
Қала басшысы аталған жобалық кеңсе онлайн-форматтағы жоспарлы және нақты көрсеткіштерді салыстыру және әрбір жобаның оларға қол жеткізуге қосқан үлесін бағалау мүмкіндігімен (easy Project жобаларын басқарудың ақпараттық жүйесін Microsoft Power BI талдау платформасымен интеграциялау негізінде), негізгі көрсеткіштер мониторингін (KPI) автоматтандыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін құрал әзірленгенін атап өтті.
-Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында мемлекеттік басқарудағы реформаның оңтайлы шешімін айтты. Президент бірінші орынға мемлекеттік басқару, кадр саясаты, шешім қабылдау жүйесі және олардың орындалуы үшін жауапкершілік тәсілдерін өзгерту міндетін қойды. Әкімдік жұмысын жобалық басқару әдістерімен жүргізуге, іске асыруға барынша мүмкіндік беруде. Ал, біз жаңа басқару жүйесін енгізудің дайындық кезеңін аяқтадық. Әкімдік басқармаларының басшылары мен негізгі қызметкерлері ақпараттық жүйеде жұмыс істеуге үйретілген және практикалық дағдыларға ие, деді М.Әйтенов.
Сонымен қатар, қала басшысы орынбасарларына апта сайын, басқарма басшыларымен бірге KPI-мониторды қадағалау және жоспарлы көрсеткіштердің орындалмау қаупі бар басқармалармен жұмыс істеу, нақты жобалардағы проблемаларды анықтау және оларды шешуге көмек көрсетуге тапсырма берді.
-Кеше Президент нәтиже процестен гөрі маңызды болуы керек екенін атап өтті. Бізге жобалар үшін жобалар қажет емес. Бізге нәтижелер керек. Сондықтан, жобалық кеңсенің басшысы Асқар Сүлейменовке - Басқарушы кеңестің әрбір отырысына жоспарлы көрсеткіштердің нақты орындалуы тұрғысынан ең үздік үш және ең нашар үш басқарманың тізімін беруді тапсырамын. Тиісінше, ең нашар басқарма басшыларына қатысты шаралар қабылданатын болады,- деді қала әкімі.