• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Үкімет 04 Қыркүйек, 2020

Жолдауды жүзеге асыру жолдарын нақтылады

1112 рет
көрсетілді

Кеше Үкіметтің баспасөз орталығында Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру шаралары туралы брифинг өтті. Оған Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов, Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов қатысты.

 

Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов брифинг барысында Жолдауды жүзеге асыру шараларын айтып берді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауы ел дамуының нақты векторларын анықтап берді, оның ішінде еліміздің әлеуметтік саласын жаңғырту мен азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатын көтеру – мемлекет саясатының басты басымдығы екенін көрсетті.

– Біріншіден, тұрғын үй мәселелері неғұрлым белсенді шешілетін болады. Азаматтық қоғамның қажетіне орай, БЖЗҚ салымшысына өз жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй сатып алуға, емделуге немесе қаржы компанияларының басқаруына беру мүмкіндігі келесі жылдан іске асырыла бастайды, – деді ол.

Бұл дегеніміз – 721 мыңнан астам азаматтың тұрмыс сапасын арттыру мүмкіндігі, әлеуметтік мәселесінің шешімі. Қазақстандықтар тұңғыш рет зейнетақы жүйесіне қатысады. Сонымен қатар мемлекет тұрғын үйді жалдау ақысының құнын субсидиялайды, бұл алғашқы жылы 100 мың қазақстандық отбасын қолдауға мүмкіндік береді.

Екіншіден, отбасылық-демографиялық жағдай жақсарады. 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасы іске қосылады. Экстракорпоралдық ұрықтандыру (ЭКО) квоталарын 7 мыңға дейін ұлғайту көзделіп отыр.

Үшіншіден, әлеуметтік саясаттың жаңа парадигмасы қалыптастырылатын болады. Бүгінгі таңда еліміздің әлеуметтік қауіпсіздігі 17 заңмен және ондаған заң актілерімен реттеледі.

Төртіншіден, мемлекеттік қыз­мет­тердің қолжетімділігін арттыру немесе оларды электронды форматқа көшіру жұмысы жалғасады. Мемлекет басшысы айтқандай: адамдар емес, деректер «жү­гіруі» тиіс деген қағида іске асырылады.

Баспасөз мәслихатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов зейнетақы жи­нақ­тарындағы қаржыларының бір бөлігін қандай адамдардың тұрғын үйге, емделуге және қаржы компанияларының басқаруына беруге пайдалана алатынын түсіндірді. Елімізде мұндай азаматтардың үш тобы бар екен. Біріншісі – зейнетақы қорында «жеткілікті шек» деп аталатын сомадан асатын жинақтары бар еңбекке жарамды жастағы азаматтар. Елімізде мұндай 529,7 мың адам бар. Мұндағы негізгі қағидат – азаматтарды болашақ зейнетақымен қамтамасыз ету үшін жи­нақ­таушы зейнетақы жүйесінде қажетті шекті мөлшердің сақталып қалуы. Осы сомадан артылғанын азаматтар өз қа­лауы бойынша жоғарыда көрсетілген қажеттіліктеріне пайдалана алады.

БЖЗҚ-да жинақтары бар зейнеткер­лер сонда қалған соманың 50%-ына дейін пайдалана алады. Елімізде шама­мен мұндай 178,4 мың адам бар. Азаматтардың осы санатына жататындар үшін жиынтық зейнетақы көлемі жоғалған табыс мөл­шерінің кемінде 40%-ын құрауға тиіс.

Үшіншіден, зейнетақы аннуитетін ресімдеген және әлі де жинақтары бар аза­маттар БЖЗҚ-да қалған соманы пайдалана алады. Шамамен алғанда мұндай 13,3 мың адам бар.

– Осылайша зейнетақы жинағының бір бөлігін 721 мыңнан астам қазақстандық пайдалана алады,– деді Б.Нұрымбетов.

Министр «жеткілікті шек» деген ұғымды нақты мысалмен түсіндірді. Ол әр жастағы адамдарда әртүрлі болады.

– Алдын ала есептеулер бойынша, мысалы, 30 жастағы азамат үшін «жеткіліктілік шегі» 2 млн 518 мың теңгені құрайды. Осы сомадан қалғанын олар жоғарыда көрсетілген қажеттіліктерге қалауы бойынша жұмсай алады. 35 жас үшін – 2 млн 961 мың теңге, 40 жасқа – 3 млн 437 мың теңге, 45 жас үшін – 3 млн 947 мың, 50 жастағыларға – 4 млн 495 мың, 55 жас үшін – 5 млн 084 мың, 59 және одан үлкен жастағыларға – 5 млн 586 мың теңге, – деп түсіндірді министр.

Жоғарыда аталған санаттағы азаматтар зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында немесе өздері, ерлі-зайыптылар немесе жақын туыстары үшін емделудің ақысын төлеуге пайдалана алады.

Зейнетақы жинақтарын пайдалана отырып сатып алынған тұрғын үй 5 жыл өткеннен кейін ғана сатылуы мүмкін. Зейнетақы жинақтары есебінен медициналық көмек алуға азаматтарды жіберу қағидаларын Денсаулық сақтау министрлігі айқындайтын болады.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов:

– Президенттің тапсырмасымен үздіксіз білім беру тұжырымдамасын әзірлеп, қашықтан оқыту платформасы бойынша және 6 жасқа дейінгі балдырғандарды балабақшамен 100% қамтамасыз етуге қатысты жұмыс жүргіземіз. Алдағы уақытта мемлекеттік тапсырысты балабақшаларға қазіргі қолданыстағы жүйедегідей білім бөлімдері немесе басқармалары бөлмейді. Мектепке дейінгі білім беру ұйымына жолдама алғандар кез келген балабақшаны таңдайтын болады. Әрине мұндай бәсекелестік арқылы көрсетілетін қызметтердің сапасы да артуы тиіс, – деді.

Министрдің айтуынша, осы жылдың қыркүйек айынан бастап Президенттің тапсырмасымен мұғалімдердің сынып жетекшілігі және дәптерлерді тексергені үшін қосымша ақысы екі есе өседі, сондай-ақ магистрлік дәрежесі үшін мұғалімдер 27 мың теңге мөлшерінде ай сайынғы қосымша ақы алады. Сонымен қатар 2021 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап мектеп, колледж, қосымша білім беру және балабақша педагогтерінің лауазымдық жалақысы тағы да 25%-ға артады.

Ғылыми кадрларды дайындау мәсе­лесіне келетін болсақ, жас ғалымдардың ғылым саласына келуін қамтамасыз ету үшін «Жас ғалым» жобасы бойынша 1000 зерттеу гранты бөлінбек. Жыл сайын 500 ғалымның жетекші ғылыми орталықтарда ғылыми тағылымдамадан өту бастамасы біздің ғалымдарға шетелдік ғалымдармен ынтымақтастық арқылы бірлескен зерттеу­лер жүргізуге және өз кезегінде олардың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Баспасөз мәслихатына қаты­су­шы­лар отандық фармацевтика өнер­кәсібін дамытуға ерекше назар аудары­ла­тынын айтты. Біріншіден, Үкімет екінші жартыжылдықта медицина қыз­мет­керлеріне ынталандыру үстеме­ақыларын төлеуге 150 млрд теңге бөледі. Екіншіден, халықаралық стандарттарға сәйкес денсаулық сақтау объектілерінің материалдық-техникалық базасы жаң­ғыр­тылады: биылғы қазан айына дейін 13 жаңа модульдік жұқпалы аурулар ауруханасының құрылысын аяқтау жоспарланған. 2021 жылдың желтоқсан айының соңына қарай Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында 500 төсек-орыннан жұқпалы аурулар бойынша 2 көпбейінді ғылыми-зерттеу орталығы салынады. 2021 жылғы желтоқсанға қарай Нұр-Сұлтан қаласында протон, сәуле, лазерлік терапия, сондай-ақ ядролық медицина технологияларын қоса алғанда, онкологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеу­ге арналған ең озық жабдықтары бар біре­гей ұлттық ғылыми онкологиялық орта­лықтың құрылысы аяқталады.

Баспасөз мәслихатында мәдениет пен спортқа, әлеуметтік салаларға қатысты және олардың шешімі жайында, басқа да көптеген мәселе сөз болды.