Дүниені дүрбелеңге салған коронавирус індетінің дүмпуі елдегі білім беру саласын да қыспаққа алғаны белгілі. Дегенмен, індеттің екпіні саябырлағалы оқушылар онлайн оқудан гөрі, офлайн білім алуды жөн көріп, қайта мектепке бара бастады. Соның нәтижесінде туындаған мектеп тапшылығын еңсеру үшін халық тығыз орналасқан еліміздегі үшінші мегаполис – Шымкентте 500 адамға арналған тойхана мектепке айналды.
Негізі, қолданыс нысаны білім беру ісімен мүлде қабыспайтын ғимараттың мектепке айналуы шымкенттіктер үшін тосын жаңалық емес. Былтыр ғана шаһардың қақ ортасындағы №80 мектеп-лицейі монша кешені ғимаратын жалға алып, оқу жылын бастағаны ел есінде.
Шымкентте үш ауысымды мектептердің мәселесі неге әлі күнге толық шешімін тапқан жоқ? Бұл сауалға қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан әлеуметтік желідегі парақшасында мәселенің түйінін тарқата отырып жауап берді.
«Шымкент қаласындағы 147 мемлекеттік мектептің 19-ы үш ауысымда. Оқушылар саны жылына 12 мың балаға артып отыр. Қосымша білім тұрмақ, негізгі білімді қамту үшін жыл сайын қаншама мектеп салу керек», дейді ол.
Әкімдік берген ақпаратқа сүйенсек, биылғы жаңа оқу жылында Шымкентте 222 мың оқушы мектепке барды. Ал шаһардағы жалпы саны 172 мектеп жаңа оқу жылына дайын. Демек, бір білім беру мекемесінде орташа есеппен 1200-ден аса оқушы оқитын болады. Сондықтан пандемия кезінде көпшілік орындарда ұзақ уақыт топтасудың соңы айтып келмес апатқа ұласпас үшін қала әкімі Мұрат Әйтенов шаһардағы мектеп жетіспеушілігі мәселесін шешудің жаңа жолын ұсынды. Тамызда білім саласының есебін тыңдаған қала басшысы бірінші кезекте жұмысы тоқтап, жабық тұрған тойханаларды қосымша білім беру ұйымдарына айналдыруды ұсынған.
Ендігі мәселе – аста-төк той-думаннан айына 10-15 миллион теңге табыс табатын кәсіпкерлер бұл қайтарымы аз ұсынысқа келісе қояр ма? Әрине, ғимаратты жалға алу ақысы төленеді. Бірақ тойдан түскен табыстай қомақты етіп беруге бюджет қалтасы көтермесі анық.
Дегенмен осы арада қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Жұмабекұлы тойханаларды ойханаларға айналдыру үшін кәсіпкер азаматтарға азаматтық үндеуін жолдады. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирустың тағы екі жылға созылу мүмкін екенін айтты. Оған дейін қалай болатынын қазір ешкім дөп басып айта алмайды. Оған дейін халық тойды шағын етіп өткізуді әдетке айналдырады деп ойлаймын. Үлкен тойханалардың сұранысқа бұрынғыдай ие болатынына күмәнім бар. Оның үстіне, адамдар көпшілік жерге баруға аяқ тартып қалған. Осындайда Шымкенттегі 134 тойхананың тағдыры не болмақ? Бос тұра бере ме, әлде қоғамға басқалай қызмет ете ме? Мысалы, маңдайына «Салтанат» тойханасы деп жазылып тұрғаннан, сол ғимаратқа Білім сарайы деп жазып қойса, қандай керемет! Тіпті Білім сарайына иесінің атын берсін», деген үндеу тастады.
Айта кетерлігі, ұрпақ тәрбиесіне, денсаулығына, біліміне қатысты жобаларға жекеменшік серіктестік негізде мемлекеттен қолдау бар екенін ескерсек, бұл бастамаға үн қосатындардың қатары көбейе түсуі әбден мүмкін.
Жергілікті биліктің бұл ұсынысынан соң алғашқылардың бірі болып «Нұрсәт» шағын ауданында орналасқан «Оңтүстік» салтанат сарайы мектепке айналатын болды. Сәні мен салтанаты келіскен сарай алда тойшыл қауымға емес, білімпаз жас жеткіншектерге қызмет көрсетпек. Бір ауысымда 500-ден астам баланы оқытуға мүмкіндігі бар ғимараттың қожайыны алдағы уақытта оқушы санын 2500-ге жеткізуді жоспарлап отыр. Кезінде ай сайын миллиондаған теңге табыс тапқан кәсіпкер сол межеден түскісі келмейтінін жасырмайды. Сондықтан ғимараттың жалдау ақысын да бала санына қарай алғысы келеді.
«Наурыз айынан бері той өткізуге тыйым салынды. Бес-алты ай жабық болдық. Енді бәрібір заманға бейімделіп жұмыс істеу керек», дейді кәсіпкер Есбол Қамбаров.
Мұндай тәжірибе маусым айында індет өршіп тұрған тұста да болған. Қаладағы жеңіл атлетика спорт сарайы уақытша күндізгі стационар ретінде пайдалануға берілген. Ал ата-аналар қауымының пікірінше, бұл жолғы жағдайдың жөні бөлек. Себебі еліміздің болашағы – балалар сапалы білім алуда ешқандай қиындық көрмеуі қажет.
Қалада білім саласына бағытталған 4 индикатордың 3-еуі, 28 көрсеткіштің 15-і ғана орындалғанын тілге тиек еткен Шыңғыс Жұмабекұлы осылардың ішінде «Қосымша біліммен қамтылған оқушылардың үлесі» деген көрсеткішке айырықша тоқталып өтті. Оның айтуынша, әлемдік тәжірибеде бар бұл әдістеме оқушылардың бір мезгіл білім алып, дәрістен тыс бос уақытында түрлі дағдыларын дамыту үшін ойластырылған, жасөскіннің жалындаған энергиясын дамытуға жұмсайтын жоба. Өкініштісі, баланың жан-жақты өсіп-жетілуіне зор мүмкіндік беретін бұл жобаның көрсеткіші Шымкентте ауыз толтырып айтарлықтай емес.
Шаһардың білім саласына жауапты әкім орынбасарының пікірі оқушыларды мектеп қабырғасында «қамап» ұстаудың орнына өздерінің сүйікті ісімен, қызығушылығымен айналысуға кеңістік қалдыру керек дегенге саятындай... Бұл да қаладағы мектеп жетіспеушілігін азайтудың бір амалы болса керек.
Шымкентте ата-аналар мен қоғам белсенділері тарапынан «Мемлекетте мектеп салатын ақша жоқ па?» деген сауал біраздан бері айтылып қалып жүр. Бірақ республикалық «Қаржы орталығы» АҚ мамандары мұндай сұрақ негізсіз екенін айтады. Мәселен, 2013 жылы мемлекеттік тапсырыс аясында республикада 13 мектеп қана салынса, 2019 жылы 114 мектеп салынды. Жылдың бастапқы үш айының өзінде жекеменшік мектеп салу жөніндегі 153 келісімшартқа қол қойлған. Бұл мектептерде 104 000 бала оқитын болады. Бюджеттен білім беру нысандарын салуға 2021-2022 жылдарға қаржы қарастырылған.
Дегенмен мектеп тапшылығы мәселесі әлі де аса өткір күйінде қалып отыр. Шымкенттегі тойхананы мектепке айналдыру осы күрделі мәселені шешуге талпыныстың бір көрінісі ғана. Бұл қаншалық дұрыс әлде бұрыс шешім екенін уақыт көрсетеді.
Өмір Шыныбекұлы,
педагог, қоғам белсендісі:
– Биылғы жағдай үшін ең дұрыс шешім – осы. Мектептердің жетіспеушілігін тудырған осыдан 15-20 жыл бұрынғы мамандардың қырсыздығы. Қазақстанда ең жоғары демографиялық өсім 1986-87 жылдары болды. Сол жылдары туған балалар шамамен 2010 жылдары жаппай отбасын құрып, өздері «өнім» бере бастады. Кезінде қаланың, оның ішінде Нұрсәттің бас жоспарын жасағандар (2004-2005 жылдары) демографияны мүлдем еске алмаған. Соның зардабын соңғы оншақты жылда тартып отырмыз. Әлі біраз қиналамыз. Биыл Қазақстандағы мектеп оқушыларының 7%-ы Шымкент қаласында екенін ескере отырып, қалалық мәслихаттың депутаттары Үкіметтің алдына елдің көші-қон саясатын қайта қарап, «Еңбек» бағдарламасына өзгерістер жасау туралы ұсыныспен шығуы керек. Елдің солтүстік және шығыс өңірлерінде мектептер жабылып жатыр. Солтүстік Қазақстан облысында 2000 жылдан бері 200-ге жуық мектеп жабылғанын өткен жылы Петропавлда облыс әкімі орынбасарының өз аузынан естідік. 2-3 күн бұрын ғана Павлодар облысында мектеп ғимаратының 28 мың теңгеге сатылғаны туралы ақпарат тарады. Ал енді биыл іргелес жатқан Түркістан облысындағы мектеп оқушыларының саны 500 мыңға жетті. Алдағы жылдары олардың да үлкен бөлігі Шымкентке келетіні анық.
Шымкент