Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитеті Азия банкінің қолдауымен жол қауіпсіздігін бағалаудың халықаралық IRAP жүйесін енгізу жобасын іске асыра бастады. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлайды, - деп жазады Egemen.kz
Жобаны шведтік SweRoad компаниясы «Қазақ жол қозғалысы қауіпсіздігі ғылыми-зерттеу институтымен» бірлесіп жүзеге асыруда.
Жол-көлік оқиғалары – жас азаматтардың арасындағы өлім-жітімнің басты себептерінің бірі. Осы орайда, жыл сайын жолдарда 1,35 миллион адам қаза табады. Бұл өзекті мәселеге халықаралық деңгейде көп көңіл бөлінуде. Біріккен Ұлттар Ұйымы алдағы он жылда жол апатынан болатын қайғылы оқиғалар санын 2 есеге азайту міндетін қойып отыр.
Қазақстанда жол қауіпсіздігін бағалаудың халықаралық IRAP жүйесін енгізу жобасын жүзеге асыру шеңберінде республикалық және қалалық автомобиль жолдарының 6200 шақырымында бағалау жұмыстары жүргізілетін болады. Оны "Жол активтері сапасының ұлттық орталығы" РМК мен "Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты" АҚ-ның білікті мамандары жүргізеді.
Бағалау жұмыстары арнайы қондырғымен жабдықталған автомобильде жүзеге асырылады. Мәліметтер 50-ден астам параметр бойынша әр 100 метр сайын жазылып отырады. Жұлдызды рейтинг 5 ұпайлық шкала бойынша жол қозғалысының барлық қатысушылары үшін бөлек-бөлек беріледі. Жол қозғалысы қатысушыларының барлығы тиісті көңілсіз қалдырылмайтындықтан мұндай инклюзивті шара жүйенің тиімділігін арттырады. Жұлдызды рейтинг анықталғаннан кейін жол-көлік оқиғаларын қалыптастыру тәуекелдерінің деңгейін төмендетуге бағытталған инвестициялық жоспар жасалады, соған сәйкес ағымдағы кемшіліктер түзетіліп, жетілдіріліп отыруы тиіс.
Бұл әдіс тек қауіптілігі жоғары жерлерді анықтап қана қоймай, сонымен қатар барлық жол учаскелерін толық талдауға, апат деңгейі төмен, ең қауіпсіз бөлімді қалай жақсартуға болатындығын бағалауға мүмкіндік береді.
Жоба жол қозғалысы қауіпсіздігі саласында ұлттық сарапшылардың әлеуетін жоғарылатуға, халықаралық деңгейде бағалау шараларын жүргізе алатын мамандардың пулын қалыптастыруға септігін тигізбек. Жоба нәтижесі бойынша "Жол активтері сапасының ұлттық орталығы" РМК, "Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты" АҚ, "Қазақ жол қозғалысы қауіпсіздігі ғылыми-зерттеу институты" ЖШС және жоғары оқу орындары базасында IRAP ұлттық білім платформасы құрылады. Сондай-ақ, IRAP-ты енгізу бойынша ұлттық заңнамаға өзгерістерді енгізу жөніндегі ұсыныстар дайындалатын болады.
Бағалау жұмыстары тамыз айының басында Алматы облысы мен Алматы қаласында жүргізіле бастады. Аталмыш шаралар қыркүйек және қазан айларында Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақтөбе, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарында жалғаспақ.