Шымкентте өткен тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1 науқас тіркелді. Ал емханалар жанынан құрылған мобильді топ тәулік ішінде 100-ге жуық тұрғынның үйіне барып, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететкен. Сондықтан медицина мамандары әлі де босаңсуға болмайтынын ескертеді. Сақтық шараларын мейлінше күшейтіп, карантин талаптарын ұстануға шақырады.
Айта кетерлігі, Шымкент қаласында бүгінге дейін Сovid-19 жұқтырудың 5 182 жағдайы тіркелді. Оның ішінде 2 642-сі – симптомды, 2 540-ы – симптомсыз жағдай. Бүгінге дейін 4 498 науқас коронавирус инфекциясынан жазылып шықты. Қазіргі таңда 622 адам емделіп жатыр, оның ішінде 6 тұрғын стационарға жатқызылған.
Қазіргі таңда қаладағы провизорлық және инфекциялық стационарларда 400 төсек-орын болса, оның 67 пайызы бос тұр.
Осыған орай қалада эпидемиялық ахуал қалыпқа түсіп, шектеу шаралары жеңілдетіліп жатыр. Көптеген нысан ашылып, халықтың қарапайым тіршілігі қайта жандана бастады. Тіпті, өткен аптадан бері қала аумағында індет жұқтырғандардың дерегі тіркелген жоқ. Дегенмен босаңсуға жол жоқ. Себебі індеттің тағы бір толқыны есік қағуы мүмкін. Сондықтан тұрғындар ескеретін өте маңызды бір жайт бар. Бұл – сақтық шаралары. Яғни əр азамат санитарлық талаптарды жадынан шығармауы керек. Босаңсуға əсте болмайды. Өйткені қауіптің беті əлі қайтқан жоқ.
Нақтылап айтсар болсақ, санитарлық нормаларды сақтағаныңыз қоғам үшін маңызды. Шындығында сақтық шаралары – қарапайым ғана дүниелер. Мəселен, бетперде тағу, арақашықтықты сақтау, қолды тазалап жуу, антисептикті жиі пайдалану жəне адам көп шоғырланатын орындардан бас тарту. Осы қарапайым талаптарды бəріміз орындасақ, індетті іргемізден шығарып, таралуын толық тыяр едік.
Қорыта айтсақ, Шымкент қаласының бас мемлекеттік санитарлық дəрігері карантиндік режімді текке созып отырған жоқ. Бəрі де халықтың жағдайы үшін қабылданған шешім. Сол себепті жергілікті әкімдік тұрғындардың бұған түсіністікпен қарап, тиісінше шектелген шараларды толық орындауға шақырады.
ШЫМКЕНТ