...Аягөз – деген – аядай бұлақ деседі,
(Жұрттарда қалған жұмбақты кімдер шешеді?)
Аягөз болып ғасырлар алға көшеді,
Ая, көз, ая – Арулар елі кешегі!.. деген Мұқағалидың бірауыз жыры дүйім елді Аягөзге ынтықтырып қойғандай. Бас қосқан көңілді отырыстарда талай мәрте естіп жүрген, талай мәрте оқылған шумақ. Әуелі жұмбақ та сырлы өлкенің елесі көз алдыңа көлбеңдеп келе қалады. Ал ішкі мәніне ден қойып, үңіле түссеңіз иен дала, сары жазықта, қара жолдың бойын жағалай, шашырай қоныс тепкен түйір-түйір ауылдардың сәулелі картинасы жарқырай ашылады.
Шұбартаулықтар аудан орталығы Аягөзге жиі қатынаймыз. Қос елді мекеннің арасы 180 шақырымдай. Әуелі Байқошқар, одан отыз шақырымда Баршатас жатыр. Келесі әйгілі Қосағаш, одан өтсеңіз Көкталдың төбесі көрінеді. Қара жолды шаңдата жүйткіген көлікпен әудем жерге дейін зымырайды. Жарысып барып, кейіндеп қала береді. Екі ортаға мені көбінде әкем тасиды. Жолдың сонау көз ұшына барып, сүйірлене біткен басына жеткенде әлдене шыға келердей тағатсыздана қараймын. Көкжиекпен астасқан жазық дала бітпестей көрініп, келер мезетте зеріктіре бастағанда-ақ жолдың тең ортасына да жетіп қалар едік. Осы тұста қысы-жазы тоқтаусыз ағып жататын Қарабұлақ атанған қайнар бастау бар. Екі ортада жол соқты болған жұрт осынау бұлаққа тоқтап, бой жазып, шөліркеген жолаушы аз-кем тыныстап алады. Бұлжымас дәстүр есебінде.
Сондай бір күні үстіміздің шаңын қаққыштап, бұлақтың мұздай суынан сіміріп салып тұрғанбыз. Бұлақтың маңайынан сәл әріректе жалғыз өзі дараланып тұрған шошақ келген тауға көзім түскен. Қазақ даласындағы таулардың атауы болады, атауынан соң аңызы артынан қоса еріп жүреді. Тұрғандардан не тау екенін сұрадым.
– Сәтбаевты білесің бе? – деді әкем. – Білсең сол, бұл тауда бұрын вулкан болған деп жазған.
Жанартау десе ең бірінші жасыл желекті Гавай аралдары еске түседі емес пе. Қызылды-жасылды жанартауы атқылап жатқан Аягөз даласында қанатымен күннің көзін көлегейлеп динозавр ұшып бара жатқандай көз алдымда түрленіп сала берген иен далаға таңырқай, тамашалай қарап қалыппын.
* * *
Сол жолы Аягөзді артқа тастап, одан пойызға отырып қалаға жетіп алған соң, Аягөз де, ондағы жанартау да, қасиетті Қарабұлақ та көзден тасаланып, көңілден алыстай берген. Қаланың шулы да думанды өмірі тез-ақ үйірсектетіп, әдепкі өмір ағысына ілесіп кете бардым. Дөңгелек үстелдер, мерейтойлық ырду-дырду, театр, музей дейсіз бе, бітпейтін жиналыстар күнде бір жаңалыққа арқау болып жатады. Ұлттық академиялық кітапханада сондай бір кезекті жиында уақыт өткізу үшін, сөредегі кітаптарды ақтарыстыра бастадым. Қолыма ғалым, геолог Ақжан әл-Машанидің жер сырына арналған «Жер құрылысы» атты кітабы түсті. Ғалымды студент күнімізде көп естігенбіз, есіміне қанықпыз. Алғы сөзінде зерттеуді Қаныш Сәтбаев «теориялық берік негізге сүйеніп жазылған қазақ тіліндегі тұңғыш еңбек» деп бағалағаны жайлы сөзін келтірген екен. Қызықтыра түсті.
Топтамада Қазақстанның Алтай, Сарыарқа, Қаратау, Орал – Ембі сияқты өндіріс алаптарының геологиялық құрылымындағы негізгі өзгешеліктері туралы мәліметтер беріліпті. Жер сілкінісі, таулар қалай құрылған, жанартау және жер бетінде тіршілік қалай пайда болған деген тақырыпшалар еріксіз тартады. Енді зер салып, парақтай бастадым. Жер астында кен қазу, жол салу ісінің білгірі болған ғалым «Қазақстан жеріндегі жанартаулар ерте замандарда шығып, құрып біткен» деп жазады. «Кейінгі тас көмір дәуірінде Қазақстанның батыс жағында вулкандар оқталып, шығыс жағында күшейді. Арқа вулкандары Қарқаралыдан Аягөзге дейін, онан әрі Тарбағатайға қарай созылды. Аягөз бен Шұбартау аудандарында бірнеше жерде вулкан орындары бар», деп келтірген ғалым Қазақстанның ертедегі вулкандары мен қазіргі кен байлықтары тығыз байланысты деп түйіндейді. Сондай-ақ вулканды жерлер екінші дәуірде вулкансыз жерге айналады, үшінші дәуірде қайтадан оянуы мүмкін екенін ескертеді. Әдемі ертегінің ішінде тұрғандай күй кештім. Аягөзге барар жолдағы жазықтағы дара тұрған тау күндердің бір күні дүр сілкініп, өз күшіне қайта мінетіндей. Елеусіз жатқан шалғайдағы дала белгісіз жаққа асығып, үнемі уақыты жетпей жүретін адамзатқа дәл осылай үн қататындай көрінді. Кезінде Шоқан Уәлиханов «Ыстықкөл сапарының күнделігі» атты жолжазбасында «...Аягөз өзенінің бойынан біз анағұрлым жанданған табиғатты көрдік. Дала тұтасымен жасыл желектің ашық түсті кілеміне ораныпты. Қараған, тобылғы, тал-терек жапырақтарын жайып, күннің көзі де біршама жылынып, оңтүстікке тән алаумен қыздырып тұр. ...Қырғыз (қазақ – авт.) аңыздарында Аягөздің жайлы ағысы мадақталатыны бекер болмаса керек. Өзін қоршаған иен де, сусыз шөл далаға қарағанда, Аягөз расымен-ақ жұмақ болып көрінеді...», деген жолдарды да тегін жазбаса керек.
Айтпақшы, көненің көзін көрген кәрі даланың шешусіз қалған жұмбақтары мұнымен ғана шектелмейді. Қарабұлақтан әрі өткен соң, сол қапталдан Абылай ханның әскерінің қалың қытаймен қырғын шайқасы өткен Батпақты деген жер шығады. Бұл – бөлек әңгіменің жүгі. Әзірге Қарабұлақтағы кәрі жанартау маңына аялдай тұрайық!