• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 15 Қыркүйек, 2020

Майлық шығаратын зауыт іске қосылды

542 рет
көрсетілді

Шымкентте дымқыл майлық шығаратын зауыт іске қосылды. Жобаны түрік инвесторы жүзеге асыруда. Дайын өнімді ішкі нарықпен қатар, ЕАЭО және Орталық Азия елдеріне экспорттау жоспарлануда.

Бірінші кезеңде жобаға шамамен 200 млн теңге инвестиция салынып, 40 жұмыс орны ашылды. Зауыттың жобалық қуаты – жылына 160 мың орамнан астам майлық шығару.

DALSAN ЖШС фабрикасы­ның өнімдері өндірістің барлық сатыларында сапаны тұрақты ба­қылауды қамтамасыз етіп, мем­лекетаралық стандарттың талап­тарын сақтай отырып, қазір­гі заманғы еуропалық жаб­дықта түрік технологиясы бойын­ша өн­ді­ріледі. Бір реттік дым­қыл май­лықтар жоғары халық­ара­лық стан­дарттарға сәйкес шы­ғары­лады және бактерияға қарсы әсері бар жұмсақ матадан жасалады. Өнімдер корпоративті клиенттер нарығында, дәріханаларда, клиникаларда және дүкендерде сатуға арналған.

Екінші кезеңде түрік тарапы қосымша 3-4 млн доллар ин­вес­тиция құйып, гигиеналық мақ­саттағы бұйымдар шығаратын зауыт салуды жоспарлап отыр. Бұл ретте жаңадан құрылатын жұ­мыс орнының санын 100-ге де­йін арттыру көзделген. Өн­ді­ріс «Оңтүстік» арнаулы эко­номи­калық аймағында орна­ласқан. Жоба Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің, Шымкент қала­сы әкімдігінің, Қазақстанның Түр­киядағы Елшілігінің, KAZAKH INVEST ҰК АҚ, «Оңтүс­тік» АЭА қолдауымен жүзеге асырылуда.

Бүгінде Қазақстан мен Түркия арасында агроөнеркәсіп кешені және тау-кен металлургия кешені, жеңіл және химиялық өнеркәсіп, көлік және инфрақұрылым, машина жасау, денсаулық сақтау, туризм, тұрғын үй құрылысы және т.б. салаларда ынтымақтастық орныққан. Қазір Қазақстанда түрік капиталының қатысуымен 2,5 мыңға жуық кәсіпорын жұмыс істейді.

«Қазақстан тәуелсіздік жыл­дарында экономиканың тұрақ­ты дамуын қамтамасыз етіп, бәсе­­ке­лестік жағдайлары мен тиімді экожүйесі бар қолай­лы ин­­ве­с­тициялық ахуал қа­лып­­тас­­тырды. Сонымен қатар Қазақ­­­стан мен Түркия ара­сын­да табыс­­ты да жо­ғары дең­гей­дегі әріптес­тік қарым-қа­таныс қалып­тасты. Былтыр елдер арасын­дағы өзара сауданың 3,1 млрд дол­­лар­ға өсуі екі ел ара­сын­дағы сауда-инвес­ти­­ция­лық ын­ты­­мақтас­тықты да­мы­­ту­дың жо­ға­ры қарқынының дә­ле­лі. Со­ны­­мен қатар соңғы үш жыл­­да тауар ай­налымы 6,9 млрд дол­­лар­ға жет­ті», деді Сыртқы істер ми­­­­нистрі­­­нің орынбасары Алмас Ай­­­даров нысанды іске қосу барысында.

Сондай-ақ Қазақстанның Түркия­дағы Төтенше және Өкі­летті Елшісі Абзал Сапар­бек­ұлы түрік инвесторларының жоғары қызығушылығын атап өтті. «Жаһандық коронавирус пандемиясының халықаралық экономикалық қарым-қатынастар мен шетелдік инвесторларды тартуға барынша кедергі көрсет­кендігіне қарамастан, құрылған инвестицияларды тартудың сыртқы, орталық және аймақтық үш деңгейлі жүйесі мен ортақ келісілген әрекеттер арқасында бұл бастама бүгінде сәтті жүзеге асырылды. Бұл – «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында ашылып отырған үшінші түр­киялық инвестициялық жоба. Түр­киялық инвесторлар бұған дейін «Оңтүстік» АЭА кілем мен аяқ киім өндірісін құрған болатын», деді А.Сапарбекұлы.

Шымкент қаласының әкімі Мұ­рат Әйтенов өз кезегінде қала­да қо­лайлы инвестициялық ахуал жасау жұмыстары туралы айтып берді.

«Шымкентте өнеркәсіптің дамуына барынша қолайлы жағдай жасалуда. Қазір 2 индустриалды, 1 сауда-логистикалық және бір арнайы экономикалық ай­­мақ жұмыс істеп тұр. Онда жал­­пы құны 270 млрд теңгені құрай­­тын 176 жоба жүзеге асуда. 10 мың­­нан ас­там тұ­рақты жұмыс ор­ны ашыл­ған. Күні кеше агроиндус­триал­ды ай­мақтың құрылысы басталды. Сон­дай-ақ «Жұлдыз» индустриал­ды аймағын ашу да жоспарланып отыр», деді М.Әйтенов.

Қазір Алматы, Солтүстік Қазақ­­­стан, Шығыс Қазақстан, Қа­ра­­­ған­­ды, Павлодар, Түркістан, Жам­­­был обл­ыс­тарында, сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Шымкент, Ал­маты қа­­ла­ларында түрік кәсіп­кер­лері­мен бірлескен 20 жоба іске асы­­ры­­луда. Жобалар құрылыс және оны пайдалану, ауыл шаруа­шы­лы­ғы дақылдарын өсіру және қайта өң­д­еу, геологиялық барлау, меди­ци­на, жаб­дықтар өндірісі, тамақ өнер­­кәсібі саласында сәтті іске асырылуда.

«Біз инвесторларға көрсетіле­тін қызметтердің тізімі бойын­ша 24/7 режімінде кез келген мәселеде серіктестер мен инвес­тор­ларға көмек көрсетуге, сон­дай-ақ инвестициялаудан кейінгі сервис­тік қолдау құралдарын ұсы­ну­ға дайынбыз», дейді KAZAKH INVEST ҰК АҚ басқар­ма төрағасы Бауыржан Сартбаев.

Инвестор өз кезегінде кәсіп­орынның жоспарымен бөлісті:

«Бүгін біз арнаулы экономи­калық аймақ аумағында жобаны іске қосамыз, алдағы уақытта өндіріс қуатын арттырып, өткізу нарықтарын игеруге ниеттіміз. Біздің өніміміз бәсекеге қабілетті болатынына және халықтың осы өнімге деген қажеттілігін қам­­та­масыз ететініне сенімдіміз. Бүгін­гі іске қосу жемісті бірлескен жұ­мыс­тың нәтижесі ғана емес, біз үшін Қазақстанға келуіміздің өзін­дік бастамасы болып табылады», деп атап өтті «Dalsan» ЖШС құ­­рыл­тайшысы Халил Дал.

 

ШЫМКЕНТ