Құсы қиқулап, балығы тулаған Сарыкөлдің жағасында «Тіршілік» шаруа қожалығы қоныс тепкен. Құрылғанына жиырма жыл толған қожалықтың басты бағыты – сүт.
Тауарлы сүт фермасын қолға алған шаруашылық жетекшісі Бақытжан Мәселов осыдан екі жыл бұрын Ресейдің Барнаулынан елу шақты сүтті сиыр алып келген-тұғын. Аудан басшылығының көздегені де сауын сиырдың басын көбейтіп, сүт өнімдерін өздерінде шығару еді. Әйтпесе ет бағытында мал өсіріп отырған шаруалар жетерлік.
– Қожалықты алғаш әкеміз ашқан. Үйдің кенжесі болғандықтан, кейін өзім араласып кеттім. 2018 жылдың күзінде Ресейден буаз құнажындар сатып алып, ауылға жеткіздім. Содан бері екі рет төлдеді. Пайдасын көріп отырмыз. Былтыр сауынға арналған автоматты аппарат та сатып алдық, – дейді қожалық иесі Бақытжан Мәселов.
Аппарат 60 басқа арналғанымен, қазіргі күнде 15 сиыр ғана сауып отыр. Алып келген сиырдың бәрін қаз-қатар тізіп қойып сауып алуға әбден болар еді. Алайда сүт өткізетін орын жоқ. Шағын ғана шаруасын дөңгелетіп отырған қожалық үшін сүтті Өскеменге апарып өткізу тиімсіз. Сол үшін де Бақытжанның жұбайы Арай сауып алған сүтті тартып, кілегейі мен майын аудан орталығына жөнелтеді.
Ал қалған 150 бас ірі қара Қарағаш жайлауында. Оның ішіндегі симменталь асыл тұқымдысының саны осы күнде сексенге жеткен. Табындағы бұқалар да асыл тұқымды. Бұларды жаз жайлауға айдайтын тағы бір себебі – ауыл маңында жайылымдық жер аз. Сарыкөлдің маңайы егістік алқаптары. Қожалыққа тиесілі 70 гектар жердің отызы ғана шабындық. Оның өзі алыстау Күршім ауылы жақта. Ал маңайдағы жерлер ауылдық тұрғындарға тиесілі.
– Жер кең болса, ауыл үшін ғана емес, ауданға мол пайда әкелер ме едік?! Тұрғындарды да жұмыспен қамтуға болар еді. Әзірше төрт адамға тұрақты жұмыс беріп отырмыз, – дейді қожалық иесі.
Олардың екеуі бақташы. Бақташылар осы айдың соңына қарай Сарыкөлге түседі. Қыстақта қыстайғы жемшөптері әзірленіп жатыр. Болашақта жүз шақты сиырды сауып, сүтін кәдеге жаратып отыру қожалық жетекшісінің арманы.
Шығыс Қазақстан облысы,
Күршім ауданы