• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Руханият 28 Қыркүйек, 2020

Қандастарға әнмен тарту жасалды

216 рет
көрсетілді

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы бойынша, шет елдегі қазақ диаспорасын рухани қолдау және олармен байланысты нығайту мақсатында, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы, "Отандастар қоры" КЕАҚ, "Қазақконцерт" ұйымы бірлесіп, "Ұлы дала елі" жобасы аясында "Халық қазынасы" мемлекеттік өнер ұжымы өткен жексенбінің кешінде "Қазағым-ай" атты онлайн концерт ұйымдастырды, деп хабарлайды Egemen.kz

Мәдени шараны ашып, бұл жолғы өткізіліп отырған онлайын концерттің маңызы жайлы айтқан "Отандастар қоры" КЕАҚ вице-президенті Мағауия Сарбасов, еліміз шекарасынан тыс жерде өмір сүріп жатқан қазақ қандастарымызды ұлтымыздың рухани бұлағынан сусындату бәріміздің қасиетті борышымыз дегенге тоқталып, бүгінгі онлайын концертке республикаға танымал ең үздік өнер иелері мен шығармашылық ұжым мүшелері шақырылғанын концертке алыстан көз тігіп отырған көпшілікке мақтанышпен жеткізді.

Осылайша, алыстағы ағайындар асыға күткен концерттің алғашқы беташар әні "Халық қазынасы" мемлекеттік өнер ұжымының жетекшісі Ерлан Рысқалидың орындауында "Қазағым-ай" әнімен басталды. Бұл әннің сөзін жазған үлкен ақын  М.Мақатаев болса, әні Тұрсынғазы Рахымовтікі. "Пай, пай, пай ардағым-ай, Сен менің шолпанымсың жанған ұдай...", деп шырқалған  асқақ ән бір демде көрерменнің көңіл пернесін серпілткені анық. Одан кейін орындалған Абайдың "Сегіз аяғы" да өз үдесінен шықты.

Келесі кезекте, шертпе күйдің шебері, танымал өнер иесі Жанғали Жүзбай қара домбырасын қолға алып, әуелі Сүгірдің "Шалқымасын" шалқытса, іле-шала Т.Момбековтың "Салтанатын" және шақабай Шалаптың өз күйін сайратты.

Одан кейін халық әніне жол ашылып, дәстүрлі әнші Ардақ Балажанова үш ішекті домбырамен "Асылзат" және "Угай-ай" әндерін тамаша орындаса,  ізін жалғап сыр сандығын сырнайлатқан Клара Төленбаева  Нартай ақынның термесін нақышына келтіріп шырқады.

Сондай-ақ, халықаралық байқаулардың лауреаты, қобызшы Ақерке Тәжібаеваның орындауында Ықыластың күйі «Қазан», дәстүрлі әнші Ерболат Шалдыбековтің орындауында Кенен атаның "Көк шолақ" әні, жетігенде күй орындаудың шебері Венера Табыс қарындасымыз орындаған  халық әндерінен попури, соңында  ұжым болып шырқаған халық әні "Арман-ай" мен жас талант Асқар Мұқияттың "Ата жұрт" әні көрерменнің көңілінен шықты.