Шығыс Қазақстанда мал ұрлығы өршіп тұр. Жыл басынан бері облыста полиция қызметкерлері мал ұрлаумен айналысқан 14 қылмыстық топты құрықтапты.
Күндері төрт түлікке қарап отырған ауыл тұрғындары «полициясымен бір-ақ қопару керек» деседі. Өйткені бағып отырған малы із-түзсіз жоғалғанмен, ұры ұсталмайды. Полиция қызметкерлері ауылдықтардың арызына немқұрайды қарайтын көрінеді.
Жіліктеп жазайық: биыл 2 шілдеде Катонқарағай ауданының Согорное ауылының тұрғыны Бейбітхан Арышевтің жайылымда жүрген 86 бас қой-ешкісі ұшты-күйлі жоғалып кеткен.
– Үш айдың жүзі болды, жоғалған қой-ешкім табылмады. Полиция қызметкерлері іздеуге құлықсыз сияқты. Айтқан арызыңа немқұрайды қарайды, –дейді Бейбітхан Арышев.
Ал облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметкерлерінің берген мәліметтеріне сүйенсек, Согорное ауылы тұрғынының 86 бас ұсақ малының жоғалуы бойынша заңға сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүріп жатыр. Оқиғаға қатысты ақпаратты жинақтау кезінде мал иесі 2 шілдеде, сағат таңғы 06:00 шамасында қыстағынан бір-екі шақырым жердегі жайылымға 156 бас ұсақ малын жібергенін айтқан. Сағат ондар шамасында өрістегі мал әдеттегідей суатқа келген жоқ. Кешкі сағат төрттерде өз күшімен малды іздей бастайды. Іздеу барысында 69 басы табылған. Өздіктерінен іздеу нәтиже бермеген соң бірнеше күннен кейін полицияға жүгінген.
Қазіргі таңда Катонқарай ауданының полиция бөлімі аталған факті бойынша барлық қажетті жедел-іздестіру шараларын жүргізіп жатыр. Атап айтқанда, жәбірленушінің көршілес ауылдастарынан жауап алынды, аудан аумағында тұратын мүліктік қылмыс жасаған тұрғындардан сұралды. Сонымен қатар ет өнімін сататын орындар, мал тасумен айналысатын тұрғындар, шаруа қожалықтары да тексерілді. Таулы жерлер, «Күлмес» учаскесі және басқа ауылдық окургтерге қарасты аумақтар да назардан тыс қалған жоқ. Арыз түсе салысымен патрульдік, криминалдық полиция қызметкерлері Катонқарағай ауданынан тысқары шыққан көліктерге тексеру жүргізді. Куә болуы мүмкін тұлғаларды анықтау үшін Өрнек, Солдатово, Согорное, Топқайың ауылдарының тұрғындарынан жауап алынды. Алайда қабылданып жатқан шараларға қарамастан, қылмысты ашу нәтижесіз болып тұр.
Полиция департаменті баспасөз қызметкерлерінің айтуынша, қозғалған істің барлығы дерлік нәтижесіз емес. Ұсталып жатқан ұрылар да бар. Мәселен, Катонқарағай ауданының Белқарағай ауылы тұрғынының бір бас сиырын ұрлап кетті деген күдікпен, 25 жастағы Өрнек ауылының азаматы анықталған. Бұл іс бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Сондай-ақ Белқарағай ауылында тұсаулы жүрген екі бас жылқы да жоғалған. Ол факті бойынша жоғарыда баяндалғандай кең ауқымды жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде.
Белқарағаймен көршілес жатқан тау бөктеріндегі Өрнек ауылында да мал ұрлығы өршіп тұр. Төрт түлікке қолайлы жер болғандықтан, Өрнек тұрғындарының негізгі шаруасы – мал өсіру. Бірақ көктем шығып, мал ауызы көкке тие бастағанда ұрлық-қарлық та белең алады екен. Бұрынғыларын тізіп қайтеміз?! Бертінде ауыл тұрғыны Айдынбек Жылайдың екі аты жоғалыпты. Ал Таңжарық Мамырдың ірі қарасын ұрлаған күдіктіні жергілікті сақшылар емес, облыс орталығынан келгендер құрықтапты. Бұл мәселені көтеріп отырған Өрнектің тұрғыны Әшет Мәжиттің құқық қорғау қызметкерлерінен көңілі қалған секілді.
– Малыңа ала жаздай тыртыңдап жүріп шөбін дайындайсың. Қыстай бағасың. Көктемде ауызыңнан жырып, ұрлап кетеді. Ұрыны ұстап берсең де полицейлер қоя бере салады, – дейді Әшет Мәжит.
Мал ұрлығы Катонқарағайда ғана емес, облыстың Жарма, Ұлан, Үржар аудандарында да тыйылмай тұр.
Жуықта ғана Үржар ауданында мал ұрлап, пайда көрмек болғандар құрықталды. Жедел іздестіру шаралары барысында Алтыншоқы ауылының 33 және 43 жастағы тұрғындары ұсталды.
Күдіктілердің бірі бұрын сотталған екен. Қазіргі уақытта екеуінің сегіз рет ұрлық істегені анықталды. Биыл тамызда олар Таскескен ауылының маңынан бес бас жылқы айдап алып кеткен. Олар негізінен жаз кезіндегі түнгі уақытта әрекет етіп отырған сияқты. Келтірген шығынның мөлшері – шамамен 3 миллион теңге.
– Ұрланған малды Түркістан қаласының тұрғынына сатып жіберген. Ал одан түскен қаражатты өз қажеттіліктеріне жұмсаған. Сондай-ақ тінту кезінде 200 килоға жуық ірі қара еті, екі құлынды бие және бірнеше малдың терісі табылды, – дейді облыстық Полиция департаментінің бастығы Сағат Мәдиев.
Аталған факті негізінде Қылмыстық кодекстің 188-1-бабы, 2-тармағы, 1-тармақшасы, яғни «Топтасқан мал ұрлығы» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Естеріңізде болса, елімізде мал ұрлығына қатысты Қылмыстық кодекске 188-1 бабы енгізілген. Атап айтсақ, мал ұрлығымен айналысқандар үшін жазаның ең ұзақ мерзімі – 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруы мүмкін. Демек мал ұрлығы ауыр қылмыстар санатына ауыстырылды. Жәбірленуші мен күдіктінің арасында татуласу жағдайы болмайды.
– Қылмыстық топ құрамында және ірі көлемде жасалған қылмыс үшін жаза күшейтіліп, 12 жылға дейін бас бостандықтан айыру көзделген. Саралап қарасақ, мал ұрлығының кәдімгі кәсіпке айналып, оған көп адамның қатысы барын аңғаруға болады, – дейді облыстық Полиция департаментінің бастығы Сағат Мәдиев.
Жаңа заңда төрт қылмыс құрамы қарастырылған екен. Мәселен, ең жеңіл қылмыс құрамы қарапайым мал ұрлығына қатысы бар адамдарды бес жылға дейін бас бостандығынан айырып, мүлкін тәркілеуді көздейді. Ал ұйымдасқан қылмыстық топ 500 АЕК-тен жоғары шығын келтірсе, үш жылдан жеті жылға дейін темір торға тоғытылады, дүние-мүлкі тәркіленеді. Бірнеше рет қора-жайына кіріп мал ұрласа, бес жылдан он жылға дейін жаза кесілуі мүмкін. Ал келтірілген залал 2000 АЕК-тен асып кеткен жағдайда қылмыстық топ мүшелері 7 жылдан12 жылға дейін сотталады.
Өңірде мал ұрлығының алдын алу мақсатында 262 айып тұрағы жұмыс істеп тұр. Осы жылдың соңғы сегіз айында айыппұл тұрағына 8 мың 520 бас мал қамалып, иелерін әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Демек, ауыл тұрғындары қараусыз жүрген малға да айыппұл барын ескергендері жөн.
Шығыс Қазақстан облысы