• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 30 Қыркүйек, 2020

Дәрігерлерді демеу: Уәделі өтемақы неге уақтылы төленбей жатыр?

167 рет
көрсетілді

Індет қос өкпеден қысқан шырғалаң шақта шарасыз күйге түскен халыққа қолынан келген ем шарасын жасап, шарапатын тигізіп жүрген дәрігерлер бүгінгінің батыры екені шүбәсіз. Сондықтан елдің алғысын арқалаған ақ желеңді абзал жандар қандай құрметке болсын лайық.

Өмірін қатерге тігіп, қалт­қысыз қызмет етіп жүрген меди­цина қызметкерлерін қолдау үшін айлығына қосымша үсте­меақы, бұған қоса індет жұқ­ты­рып алғандарға өтемақы қарас­ты­рылды. Алайда кейінгі кездері осы уәделі төлемдердің уақтылы үлестірілмей жатқаны жиі айтылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев індетпен арпалыс басталған алғашқы айлардан бас­тап медицина қызметкерлерінің еңбегін ерекше бағалап, олардың айлығына үстемеақы төленетінін айтты. Осынау күрделі кезеңде дәрігерлерге үнемі қолдау көр­сетіп отырған Президент жақын­да халыққа Жолдауында медицина қызметкерлерін ынталандыратын қосымша төлем үшін 150 млрд теңге бөлуді тапсырды.

Ал біздің мақаламызға арқау болып отырған мәселе – алғы шепте жүріп індетке бой алдырып алған медицина қызметкерлеріне және вирустың бәлесінен бақилық болып кеткен мамандардың отбасына тө­ленуі тиіс өтемақының жайы. Еңбек жəне халықты əлеумет­тік қорғау министрі мен Денсау­лық сақтау министрінің 9 сəуір­дегі «Денсаулық сақтау ұйымда­рының COVID-19 коронавирус инфекциясына қарсы күрес жөніндегі іс-шараларға тартылған қызметкерлері аталған инфекция­ны жұқтырған немесе одан қай­тыс болған жағдайда оларға біржолғы əлеуметтік төлемді жү­зеге асыру қағидаларын бекіту туралы» бірлескен бұйрығы шыққан болатын.

Осы бұйрыққа биыл 22 шілдеде енгізілген өзгерістерге сəйкес, коронавирус инфекциясын немесе ви­русты пневмония жұқтырған ме­ди­цина қызметкерлеріне 2 млн теңге жəне осы дерттен қай­тыс бол­ған­дардың отбасына 10 млн теңге көлемінде өтемақы төле­неді. Алай­да жаманат дертті жама­ған жұрт­қа қызмет ете жүріп өз­дері де ауру жұқтырып алған дәрі­гер­лердің басым бөлігі әлі күнге дейін бұл өтемақыға қол жеткіз­беген. Бұл жағ­дайды медицина қызмет­кер­­лері­­нің өзі ашық айтпағанмен, талай мін­берде мәселе болып көтерілді.

Жақында Парламент Мəжілі­сінің депутаты Зәуреш Аманжолова медицина қызметкерлеріне аталған өтемақының уақтылы төленбеуіне қатысты сөз қозғап, Үкімет басшысына арнайы депутаттық сауалын жолдады. Ол бес айға созылған нәтижесіз жұмысқа шүйлігіп, жауап­­ты министрліктердегі қыз­мет­­керлердің баяулығынан Прези­денттің тапсырмасы дер кезінде орындалмай жатқанын атап өтті.

«22 қыркүйектегі жағдай бо­йынша 12 830 медицина қызмет­кері коронавирус жұқтырған. Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің күнделікті мониторингіне сәйкес, дәл осы күні Денсаулық сақтау министрлігінен барлығы 2 475 өтінім келіп түскен. Бұл індет жұқтырғандардың – 19 пайызы ғана. Мемлекеттен төлемді тек 1 830 адам алған, яғни науқас­тардың жалпы санының 14,3 пайызы. Қайтыс болған медицина қызметкерлерінің отбасыларына тиесілі төлемдер толықтай берілмеген. Мәселен, 197 медицина қызметкері қайтыс болған, Денсаулық сақтау министрлігінен тө­лемге тек 38 өтінім келіп түс­кен. Бұл – барлық зардап шеккен қызметкерлердің тек 19,2 па­йы­зы. Солардың ішінде 25 қызмет­кердің отбасына, яғни 12,7 пайызына ғана өтемақы берілген», деді З.Аманжолова.

Депутат бұл мәселелердің Ден­саулық сақтау мен Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау ми­нистр­ліктерінің әрекет ету және өз­ара іс-қимыл алгоритмдерін уақ­тылы пысықтамауынан туында­ды деп санайды. Сондықтан З.Аман­жолова Үкімет басшысына істі же­ке бақылауына алып, ви­рус жұқ­тырған және індеттен қай­тыс бол­ғандардың отбасына әлеу­мет­тік төлемдерді жүйелі үлестіруді қам­тамасыз ету керек екенін айтты.

Бұл мәселеге Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин де назар аударып, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың қатысуымен Мәжілісте арнайы қаралатынын мәлімдеді.

«Медицина қызметкерлері өте қиын жағдайда жұмыс істеді. Қауіптің алдыңғы шебінде тұрды. Кейбіреуінің денсаулығы нашарлап, кейбір дәрігерлер қайтыс болды. Осы бағытта дәрігерлерді қолдау шаралары тиісті деңгейде орындалмаған. Министрді шақыр­тып, Nur Otan фракциясы осы мәселелерді қарастыратын болады», деді Мәжіліс Спикері.

Індет өршіп тұрған шақта басын қатерге тігіп, нағыз «майдан даласында» қызмет етіп жүр­ген мамандарға уәде етілген өтемақы төлеуді созбалаңға салып жүріп алған­дарға қатысты бел­гілі пуль­монолог, Ұлттық ғылы­ми меди­ци­налық орталықтың бас­қарма төр­ағасы Абай Байгенжин де қын­жылысын білдірді. Ол ҰҒМО екі ай бойы инфекциялық клиника ретінде жұмыс істегенін, тәулік бойы науқастар түскенін, ал Денсаулық сақтау министрлігінен қо­сымша жұмыс үшін ақы түс­пегенін айтты.

«Біздің тәжірибемізді ескере отырып, бізге жағдайы ең ауыр нау­қастар әкелінді. Біздің дәрі­гер­лер, медбикелер тәулік бойы жұ­­мыс істеді, өйткені науқастарды ем­деу керек. Біз еңбекақыны ой­ла­ған жоқпыз. Ал барлық шы­ғын орталық есебінен жабылды. Өңір­­­лердегі әріптестерімді түсі­не­­­мін, оларға бұл ауыртпалық бір­неше есе қиынға соқты», деді А.Байгенжин.

Алдына дертті болып келген жұртқа қамқор, қызметіне адал медицина қызметкерлерінің бұл мәселеге қатысты өз айтары бар екені анық. Алайда олар осындай қысылтаяң кезде қызметін бұлдап, дау қуалаудың орнына дерттің дауасын іздеуді мақұл көреді. Оның үстіне «мүйіз сұраймын деп құлағынан айырылыпты» деген­дей, қысылтаяң кезеңде нанын жеп жүрген жұмысынан да айы­рылып қалғысы келмейді. Біз Қара­ғандыдағы аурухананың бір дәрі­герін әңгімеге тартып көрген едік. Атын атамауды өтінген ол біраз мәліметті алға тартты.

«Өзім білетін айналамдағы індет жұқ­тырып алған медицина қыз­меткерлерінің ешқайсы­сы өтем­ақы алмады, алдым деген­дерді естіген де жоқпын. Әріп­тес­­терімнің ішінде провизорлық ста­ционарларда жұмыс істегендер бар­шылық. Білуімше, оларға өтем­ақы бірінші кезекте төленеді. Бірақ олар да алған жоқ. Бір жағынан бұл өтемақыны алуға өтінім берудің өзі әжептәуір әуре-сарсаңға салады. Өзім де вирус жұқтырдым. Екі апта оқшауланып, тәуір болған соң, тест тапсырып қайтадан жұ­мысқа кірісіп кеттім», дейді ол.

Расында, өтемақы алу оңайға түспейтін сияқты. Қоғам белсен­ділері бұл мәселені көтергенде бюрократиялық кедергілерден барынша арылу керек екенін алға тартады. Негізінен өңірлердің жəне республикалық маңызы бар қалалардың денсаулық сақтау басқармалары жанындағы арнайы комиссиялардың тексеруі нəтижесінде біржолғы төлем берілетін медицина қызметкерлері анықталады. Өтінімдерді Денсау­лық сақтау министрлігі жинайды. Одан соң өтінім электронды іс макеттерін қалыптастыру үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына беріледі, кейін төлем тағайындау үшін Мемлекеттік әлеуметтік сақ­тандыру қорына жіберіледі.

Осыдан біршама уақыт бұ­рын Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов «Antikor.Live» бағ­­­­дар­ламасында коронави­рус­­­пен ауырған медицина қыз­мет­­кер­лерінің бәрі бірдей неге өтемақы алмай жатқанын түсін­дірген еді. Оның айтуынша, өтем­ақы алу туралы өтініштер өте көп түседі. Басты мәселе – ден­сау­­лық сақтау басқармасы дең­гейін­­дегі комиссия электронды жү­йеге өтініш берген кезде банктік де­рек­­темелерді қате көрсетеді. Ең­бек министрлігінің жүйесі дерек­теменің дұрыс-бұрыстығын, банк­тік есепшотты тексеріп, бір сан жет­пей тұрса немесе деректеме дұрыс болмаған жағдайда өтінішті кері қайтарады.

«Бұл өтемақының уақтылы берілмеуінің тағы бір себебі – диа­гноздың қате қойылуы. Мыса­лы, маман өзінің COVID-19-бен ауырғанын көрсетсе, ал Денсаулық сақтау министрлігінің жүйесінде оның коронавируспен ауырмағаны көрсетіледі. Тексеру кезінде анық­талып, өтініш қайта қарау үшін қайтарылады. Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе отырып бұл жұмысты бастаған алғашқы күндері көптеген мәселе туындады. Олар мұны қалай тексеру керегін білмей, тренингтер өткі­зіліп, түсіндіру жұмыстары жүр­гізілді. Қазіргі уақытта бұл жұ­мыс әлдеқайда сапалы жасалу­да, өтініш берушілер саны да артып келеді. Бұл жағдайды күнделікті бақылап отырмыз», дейді Е.Оспанов.

Ал Денсаулық сақтау министр­лігінің ресми өкілі Бағдат Қожах­метов өткен аптаның соңында коронавирус жұқтырған медицина қызметкерлерінің 70 пайызы өтемақы алғанын мәлімдеді.

«Келесі аптада Денсаулық сақтау министрі осы мәселе бойын­ша Мәжіліс депутаттарымен кездеседі. Осы уақытқа дейін 12 800 медицина қызметкері коронавирус жұқтырған. Оның тек бір бөлігін комиссия алғы шепте кәсіби міндетін атқарып жүріп, коронавирус жұқтырып алды деп таныған болатын. Бұл ретте арнайы талаптар барын ескеру керек. Бүгінге дейін коронавирус жұқтырған медицина қызметкерлерінің 70, тіпті 71 пайызы өтемақы алып үлгерді», деді Б.Қожахметов.

Соңғы дерек бойынша індетпен күреске тартылып, коронавирус инфекциясын немесе вирусты пневмонияны жұқтырған 2 955 медицина қызметкері МӘСҚ-дан біржолғы әлеуметтік төлем алды. Сондай-ақ індеттің салдарынан қайтыс болған 29 медицина қызметкерінің туыстарына өтемақы аударылды. Өңірлер бойынша COVID-19 немесе вирусты пневмонияны жұқтырған дәрігерлерге төлемдердің ең көп саны Нұр-Сұлтан (638) және Алматы (373), Шымкент (140) қалаларында, Қарағанды (368), Батыс Қазақстан (250), Атырау (180) және Ақмола (180) облыстарында жүргізілді.

Бүгінгі таңда Мемлекеттік әлеу­­меттік сақтандыру қоры эпи­­­демияға қарсы іс-шаралар­ға тар­тылған медицина қызмет­керлері мен мамандарға үстемеақы төлеуді жалғастырып жатыр. Наурыз-тамыз айларында 73,7 млрд теңге үстемеақы төленді. Соның ішінде тамыз айының қорытындысы бойынша қор 66 мың медицина қызметкеріне 17 млрд теңгеге жуық үстемеақы төлем жүргізіп жатыр.

Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігінің жаңа бұйры­ғына сәйкес медицина қыз­мет­кер­лерінің тізімі кеңейтілді. Оған мобиль­ді бригадалардың жұ­мысы­на жұмылдырылған дәрі­герлер мен медбикелер, БМСК жа­нын­дағы жедел жәрдем қыз­мет­керлері, сондай-ақ әскери-меди­­циналық, орталық атқарушы ор­ган­дардың сот-медициналық бөлімшелерінің және өзге де орталық мемлекеттік органдар мен олардың ведомство­ларының, Президент Іс басқармасы Медициналық орталығының ведомстволық бағынысты ұйым­дарының қызметкерлері кірді.