• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Медицина 02 Қазан, 2020

Дерт жұқтырған дәрігерлердің 88%-ы өтемақы алды

137 рет
көрсетілді

Кейінгі кезде коронавирус инфекциясымен немесе пневмониямен ауырған медицина қызметкерлеріне тиісті өтемақының уақтылы төленбеуі мәселесін газетімізде арнайы жазған едік. Осыған қатысты Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеме жасап, аталған өтемақының неліктен кідіріп жатқанын түсіндірді.

Министр А.Цой кәсіби қызметін атқару бары­сында дертті бол­ған дәрі­гер­лерге бері­летін өтемақы­ның ке­шіктірілуі ай­мақ­тық комис­сиялардың деректерді сапа­сыз енгізуіне байланыс­ты екенін айтты.

«Бүгінгі таңда COVID-19 және пнев­мониямен барлығы 12 830 меди­цина қызметкері ауырды, оның ішін­де 8 339 маман кәсіби қызметі бары­сында ауру жұқтырып алды. Өңір­лік комиссиялар 8 265 өтінімді қарап, мұндай жағдайлардың 67%-ы рас­талды. Министр­ліктің ақпараттық жүйесі 570 өті­німді қабылдамады, ал Ең­бек және әлеуметтік қорғау министр­лігі 60 өтінімді өңірлердің сапасыз ен­гі­зуіне байланысты қабылда­мады. Осылайша қазір өңірлік комис­сия­лардың қа­рауында 100-ге жуық өтінім жатыр. Жалпы, ауру жұқтырған ме­ди­циналық қызметкерлердің 88%-ы немесе жағ­дайы аймақтық ко­миссия­лар дең­гейінде расталған 3 421 маман өте­мақы алды. Өкінішке қа­рай, Қазақ­стан індеттің кесірінен 182 медицина қызметкерінен айы­рыл­ды. Өңір­лік комиссиялар қайтыс бол­ған дәрігер­лердің туыс­тарынан өтемақы алу бойынша 54 өтінімді ма­құлдады. Бұл ретте өңірлердің сапа­сыз енгізуіне бай­ла­нысты Денсаулық сақтау министр­лігінің ақпараттық жүйесі 8 өтінімді қа­былдамады. Жал­пы бүгінде 42 адам­ның 34-і өтемақы алды, бұл қай­тыс бол­ғандардың 79%-ын құ­рады», деді А.Цой.

Сондай-ақ министр індеттің ық­ти­­мал екінші толқыны кезінде дәрі­­гер­лердің өмірі қалай сақтанды­рыл­ғаны, олардың емдеу шараларына да­йын­дығы жөнінде айтып берді. Екінші толқын жағ­дайында бүкіл ел бойынша 70 мың­­нан аса төсектік-орынды тез орна­­лас­тыруға мүмкіндік бар. Бұл қа­тар­­да 51 мың төсектік-орын жұ­мыс істеп тұрған стационарларда тұр.

Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелері бойынша бірқатар шұғыл шара қабылданды. COVID-19 бо­йынша 11,4 млрд теңгеге қосымша екі айға жететін дәрілік заттар қоры қалыптастырылды. Барлық өңірде неғұрлым сұранысқа ие дәрілік заттар бойынша жалпы сомасы шамамен 13 млрд теңгеге тұрақтандыру қорлары құрылды. Сонымен қатар амбулаториялық деңгейде дәрі-дәрмектер тізімі кеңейтілді. Дәрілік заттардың 5 атауын қамтитын COVID-19 нозологиясы енгізілді.

Үйде коронавирустан емде­лу үшін жыл соңына дейін 1 млн пациент­ке тегін дәрі-дәрмек қарас­тырыл­ған. Халықтың осал топ­тарын вак­циналау үшін тұмауға қарсы вак­цинаның 2,2 млн дозасы са­тып алын­ды. Вакциналау 15 қыр­күйекте бас­талды, бүгінде шамамен 1 млн адам немесе жоспарланғанның 44%-ы егілді. Алдын ала есептеулер бойын­ша республикада 2,8 млн адам немесе барлық халықтың 15%-ы тегін вакциналаудан өтеді.

Қазіргі уақытта инфекциялық және провизорлық стационарларда 3 379 ӨЖТ аппараты бар, қосымша 2 619 бірлік, оның ішінде 1 500 отан­дық өндіріс аппараты сатып алынып жатыр. 21 мыңнан аса төсек-орын оттегімен жабдықталған, қазан айы­ның соңына дейін қосымша 9 мыңға жуық төсектік-орын қам­ты­лады.