• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 09 Қазан, 2020

Тереземді ұрмаңдаршы, тамшылар...

1347 рет
көрсетілді

Мәскеудің жаңбыры тас бұршақ сияқты. Әйнекті аяусыз ұрғылап жатыр. Терезеге жақын келіп, тұмшалаған қараңғыға үңіліп тұрған ол «тереземді ұрмаңдаршы, тамшылар» деп күбірледі. Жан-жүрегін тебіренте әлдилеген сағыныштың күйі «Юность» мейманханасындағы жаңбырлы түні ән болып туған еді.

 

Арман оты жағылған жанарың­да «сол бір аяулы бейнеге қайта бір жолығып қалсам» деген үміт жаң­быр­лы түн қойнауында маздай тү­седі. Көз жасындай сырғып бара жат­қан әйнектегі тамшы «сағындың ба?» деп сыбырлағандай. Сүйгенін са­ғын­ған ғашық жүрек «тереземді ұрмаң­даршы, тамшылар» деп әнтек үн қа­тады. Ақынның жүрегіне тұнған таң­ғы шықтай мөлдір жыр жүректерге өрнек салды.

«Алды-артыма қарамай Мәскеуге оқуға аттандым. Бір жыл үйрене алмай жүрдім. Мәскеудің жаңбыры да, адамдары да, көшелері де ұнамады. Көшеде кетіп бара жатқан біреуден жөн сұрасаң, ұрсып береді. Әйтеуір ал­ғашқы кезде қала суық болып көрінді. Оның үстіне сүйгенімді сағындым. Бірде оны ойлап тұрған едім, кенет жаңбыр жауа бастады. Сосын бір өлеңнің туып келе жатқанын байқап, дереу қағаз-қаламымды алып жаза бастадым», дейді Өтеген Күмісбаев.

...Түніменен, түніменен тереземді

тамшы ұрды,

Түніменен айтып жатты

жан сырды, жан сырды.

Түніменен, түніменен өзің жайлы

түс көріп,

Жұмыр басқа мазасыз ой сан кірді,

сан кірді.

Тереземді ұрмаңдаршы,

тамшылар...

...Бір қызығы, көңілдерді сағы­нышқа көмкеріп, сөзімен үндесе жа­расқан әннің сазы да жаңбырлы түні туып­ты. Әсірелеусіз, шындығында солай. Сазгер Ахмадияр Есмұқановтың баспасөзге берген ертеректегі сұхба­тында «Бұл – іңкәр жүректің үні еді» дейді. «Түн ортасында біреу есік қаққандай болды. Дала тастай қа­раң­ғы, жаңбыр жауып тұр. Сырт­қа жүгі­ріп шықсам, ешкім жоқ. Сөйтсем, қыз­дың нәзік саусағымен есік қаққандай болған өз жүрегімнің дүрсілі екен. Сол түні ұйықтай алмай, дөңбекшіп шықтым. Бір апта ыңылдап жүріп, ән шығардым», деп еске алады сазгер. Бірақ көңілінің сырлы айнасындай болған әуеннің ажарына орайласар лайық мәтін таба алмай қиналады. Күндердің бір күні кітапханада Өтеген Күмісбаевтың «Ақ моншақ» атты жыр жинағы ойда жоқта қолына түсіп қалып, іздеп жүрген жоғының үстінен түскендей қатты қуанады.

Мәскеудегі жастық шағының жалынды жылдарын артқа тастаған Өтеген Күмісбаев ағамыз жырына ар­қау болған жан жарын қасына ер­тіп, Алматыға оралады. Бұл уақытта тың­дарман қауымға әні мен жыры ажырағысыз егіздей болып кеткен «Там­шылар» әні АБК тобының орындауында халық арасына кең тарап кеткен шағы еді. Арада жылдар өткенде ән авторлары Алматыда кездескен де. Кездесіп риза болып, айрықша ілтипат білдірген.

– Махаббат туралы шығарма еш­­қашан өшпейді ғой, бұл туынды көп таралады деп ойламағанмын. 1977 жы­­лы мен әнді шығарып едім, қа­зір ән менің атымды шығарып жүр. Шығар­ма­шы­лы­­ғымдағы шоқтығы биік дүние­лер­дің бірегейі осы ән, – дейді сазгер Ахмадияр Есмұқанов.

Жан сыры мен қалтқысыз кө­ңілді, қараңғыға сіңіп жатқан жеңіл ты­нысты өн бойына дарытқан ән махаббаттың мөлдіріне, кәусар таза­лығына еріксіз сен­діреді. Нәзік ән сал­ған саксофон үні тез суынатын сүйіс­пеншілікке емес, шынайы жан сырына елітеді. Тереңнен ­сыр тарқатқан естеліктердегі ескірмей­тін әңгіме жү­рек түкпіріндегі тұңғиық, түпсіз мәң­гіліктерге осылай сәлем жол­дай­ды. Жанарыңызды, жаныңыз­ды кірбің шалып жүрсе, сағынышы­ңыз­ды әлдеқайда ұмыт қалдырған боларсыз, бәлкім?! Тереңде жатқан тұнық дүниеңізге үңіліп көріңіз, сырт әлем құлағыңызға «тереземді ұрмаңдаршы, тамшылар» деп сыбырласын. Ал тың­­дарманның жүрегінде жатталған жақ­сы әнді бүгін талайлар орындап жүр, әлі де орындала бермек.